Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақпан айында болатын табиғи құбылыстар

Ақпан айында болатын табиғи құбылыстар

Қазақтың ескі күнтізбесінде ай және амал деген екі ұғым болған. Ай дегеніміз – кәдімгі ай атауы. Ал амал дегеніміз – жылдың белгілі бір мезгілінде үнемі қайталанып отыратын табиғи, ауа райы құбылыстары.  Бұл жайлы massaget.kz жазды.

Амалдар бірнеше күннен бірер жетіге дейін созылуы мүмкін: мысалы, "текенің бұрқағы", "бес қонақ – бес ешкі", "наурыздың ақша қары", "құралай", "кіші қазан", "үлкен қазан", "қараша", т.б. Сол секілді ауа райының ерекше мезгілдері февраль айында – ақпан, июльде – шілде, августе – тамыз деп білеміз. Мұндай мезгілдер әдетте отыз күннен аз не көп те болуы мүмкін. Мысалы, қырық күн шілде.

Ғалымдар арасында "ақпан" айы қазіргі айлардың дәл қайсысы?" деген сауалға нақты жауап жоқ. Өйткені ақпан айы қазіргі февраль айы ма әлде қазіргі январь ма? Бұған қатысты дау-дамай, қарама-қайшылық баршылық.

Мәселен, Ғабит Мүсірепов: "Қазақ және тағы біраз халықтар жыл қайыруында жыл аттарының қалай құрылғаны туралы негізгі принципі бұзылып кеткен: екі адал – жылқы мен қой қатар тұрып алған. Қазақ қаңтар-ақпан деп еш уақытта да айтпайды, ол тіліміздің сөйлеу дәстүрін бұзар еді. Біз ылғи ақпан-қаңтар деп сөйлейміз. Сондықтан мен осы екі айдың аттары ауысып тұр ма деймін" деп өз пікірін білдіреді.

Ал М.Әуезов шығармаларында "ақпан-қаңтардағы күйіне келген бурадай" деп сөз қолданады. Шамасы, ең дұрысы ақпан (январь), қаңтар (февраль) болса керек.

Тілімізде "ақпан-тоқпан" деген тіркес жиі айтылады. Жетісу қазақтары ақпан орнына "ақпан-тоқпан" немесе "екі ағайынды ай" деп атайды. Мысалы:

Ақпан-тоқпан,

Ай мүйізді алты ай,

Сұрап алған жеті күн,

Қырына алса, қырық күн. –

деген өлең жолдарында кездеседі.  

Ақпан – амал болса ше...

Егер ақпанды ай аты емес, амал деп алсақ, онда ақпанда болатын құбылыстар қазіргі қаңтар-ақпанға тән екені байқалады.

"Ақпан ақырып" келеді келеді дейді ел. Осы айдың 5-7 шамасында аяз көтеріліп, 30 градусқа дейін жетеді. Айдың 15-20 шамасында атақты "Текебұрқыл" бораны соғып өтеді. Қаңтар айының 3-5 шамасында кейде қатты аязды не жапалақтап жауған қарлы, жұт жылдары жаңбырлы болып келеді. Жалпы қаңтар – қыстың ең қиын айы. "Күн көзі қыраулы қыс күнінде мәлім жоқ" деген қазақ.  Үт айының 3-5 шамасында ең суық күшті аяз болып өтеді. Онан кейін аяздың күші бәсеңдей береді. Үт айының 15-17 шамасында жылымық болып кейде жаңбыр жауып кетеді. Осының ақырып, 20-25 шамасында болып өтетін "Бөрі сырғақ" атты борасынға ұласады. Бұл боранда ит-құс жұпталып, қаншығы жерік болады. Жыл он екі айдың амалдарын мал шаруашылығының тұрмысымен байланыстырған ел келер күннің жауын-шашыны мен бұрқасын боранын көңілге түйіп есептеп жұлдызға қарап шамалап отырған.   

Ақпан айының қысы да ақырып келеді. "Ат құлағы көрінбейтін борандар" осы айларда күш салады. Ай аяғындағы қарлы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көпті көрген көнекөздер бұл амалдың "бөрі сырғақ" деп аталуы да осыдан шыққанын айтып отыратын.

Ақпан-дақпан. Ақпан-дақпан амалы өткеннен кейінгі құт айындағы ауа райын түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз деп те атайды. Яғни күннің көзі шуақталып, ашық күндері түс қайта жіпсіленденіп тұратын жайын суреттегені.

Бұған қоса табиғат құбылыстары мен ауа райын бақылауда халықтың өзіндік тәжірибелері мен болжамдарынан терминдері мен орнымен айтылған қағидалары да назар аударарлық іс. Мысалы, жаз айларында айтылатын сөздер мен сөз тіркестері: жаймашуақ, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық.  Көктем айларында айтылатын сөздер мен сөз тіркестері: шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз.

Қыс айларында үскірік, бет қаратпас аяз, "тіфу" десе түкірік жерге түспес суық сөздері айтылады. Қыстың боранды күндері ақ түтек, ат құлағы көрінбейтін боран, сырғыма, жаяу борасын, ақ байтал ала қаншық деп атап, бұрқасын дауылды сәттерді танытады. Күздегі суық "қара суық" жазғытұрғы желді "самал жел", көктемгі жылы желді "алтын күрек", күн шығып тұрған кездегі сіркіреген жауынды "соқыр жаңбыр", жаумайтын бұлтты "қысыр бұлт", наурыз айындағы ұзарған күнді "ұзынсары" деп айтатын халықтың әдемі теңеулері де бар.

Ақпан – осы айда келетін амал аты. "Ақпан – дақпан алты күн, аязымен жеті күн" дейді. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасында келеді. Ақпанда өтетін ақпан-тоқпан амалында қар жауып, жел тұрып, боран-бұрқасын болады, аяз күшейеді.  

Малшыларға уайым –

Ақ бораны үдейтін.

Қыстың соңғы бұл айын

Бұрынғылар "үт" дейтін.

Қалың қары ақпанның

Сіреу болып қатады.

"Ақпанда күн ат адым

Ұзарады", – деп жатады.

Көктем иісі, лебі бар,

Желі соғып тұрған ай.
03 ақпан 2022 ж. 398 0