Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды

Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды

Несібесін жерден айырып, ала жаздай маңдай те­рін төккен бесарықтық еңбеккерлер табысты таразылайтын шаққа келді. Олар күн қарасып тұрғанда астықты ысырапсыз жинап алып, құт қамбаны қызылға толтырудың қамымен қарбалас тірлікке кіріскен. «Егін ырыс таң­дамайды, еңбек таңдайды» деген қағиданы ұстанған еңбекшіл қауым таңның атысы, кештің батысы «Жерді баптай білдік, енді егінді қаптай білейік» деп, егінге орақ салып, құт қамбаны астыққа толтыруға ниеттенген.

«Абай Дәулет» ЖШС-нің егінге орақ салу рәсіміне серіктестік дирек­торы М.Сәрсенбаев, аудандық мәс­­лихат депутаты Р.Урунбаева, еңбек ар­дагерлері мен шаруалар қатыс­ты.

Алғысөзде М.Сәрсенбаев серік­тестік тарапынан жарқын жұмыстар атқарылып жатқанын, оның ішінде егін егу саласында серпін бар еке­нін жеткізді. Соның негізінде еңбеккер­лерге жақсы жағдай жасалуда.

– «Егінші жылда арманда...» дегендей, биыл да жақсы нәтижеге қол жеткізуге үміттіміз. Ол үшін егін егу науқаны басталғаннан қажетті жұмыстар жасалып, диқандар бел жазбай еңбек етті. Жерді баптай білсең, егін де мол болмақ. Енді шашпай-төкпей жинап алсақ, еңбе­гіміз қайтатыны анық. Тиісінше, шаруашылық қызметкерлерінің де абыро­йы асқақтамақ, – дейді шаруашы­лық директоры.

Жыл сайын егін жинау науқанына тілекші екенін білдіретін еңбек ар­дагерлері бұл жолы да қамбаның қызылға толуына ақ баталарын берді. Күзден береке күткен еңбекшіл қауым осындай қызу еңбекке кірісіп кетті. Таң атса дала кемелеріне отыратын жандар науқанды тез бітіріп, қауырт еңбегінің нәтижесін көруге асығуда.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
10 қыркүйек 2022 ж. 665 0