Сәуір болмай, тәуір болмас
Көктемнің екінші айы да басталды. Халқымыз ежелден сәуір айын «көкек айы» деп атаған. Ал аңшылыққа байланысты сәуірді «Құралай айы» деп атауы бекер емес.
Әдетте ел-жұрт «Сәуір болмай, тәуір болмас» дейді. Мұнан басқа ауа райынан осы мезгілде әлі де жылылық сезіле қоймайтындықтан болар «Сәуірдің басындағы суық бітпей, жаз шықпайды» дегенді жиі естиміз.
Негізінен көшпелі қазақ халқы шаруасының ыңғайына қарай қыстаудан ай аяқталмайынша көшпеген екен. Бұл сәуірде күннің құбылмалы болатынын, әлде де ызғарлы боран мен қар жауып кететінінен сақтанғандықтан болар. Дегенмен сәуірде жауған жаңбырды өткізіп, оның аяғы көк шығып әрі ауа райының жылына түсетінін күтіп, табиғаттың әрбір мінезін жақсылыққа болжаған.
Бұрынғының адамдары ай атауларын табиғи құбылыстарға байланыстырып атаған. Мәселен, тоқпан, отамалы, отжақпас, арша деп аталатын ай атауларын қазір ешкім қолдана бермейді. Сәуірді «саратан» дейтін қазақтар да қазір некен-саяқ. Ал еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін сәуір айын «көкек» деп атағанымыз күні кешегідей есімізде. Мектепте ұстаздарымыз бұлай аталуының себебін көкек атты құспен байланыстыратын. Көктемнің жаршысы ретінде құстың көктемді шақырған үні айға осындай атау берсе керек. Негізінен көкек деп аталатын құсты жағымсыз сипатта, өз атын өзі шақыратын құс деп айтылатындықтан, ай атауын сәуірмен ауыстырылуы да бірден-бір себеп болса керек.
Қазіргі күнтізбеде сәуір деп аталатын айдың мағынасы араб сөзінен шыққан. Яғни арабша сәуір «өгіз» деген мағынаны білдіреді. Ал «өгіз» жұлдызнама бойынша айдың аты екенін белгілі.
Көктемде болатын табиғи құбылыстарға келетін болсақ, ежелден ата-бабамыз амал деген сөзді қолданған. Ал амал дегеніміз – жыл сайын белгілі бір уақытта қайталатып келетін табиғи құбылыс. Ызғарлы аяз, жауын-шашын, боран мұның барлығы – амалдың белгілері.
Жыл бойы ай сайын келетін амалға атау беріп, ауа райын алдын ала болжап, соған орай шаруаларын күйттеген. Наурыз айының соңына таман жауған қарды «өліара» деген. Себебі жауған қар тез еріп, аяғы жаңбырға ұласады. Осы жауған қарды «құсқанаты» деп атаған. Ал наурыз айының ортасында болатын қара суық тым жайсыз болады.
Жұлдызшылардың есебінше жаңа айдың туылуы айдың ортасына тұспа-тұс келеді. Сәуір келгенде күн күркірейді. Онан бірер күн өткен соң қайта жаңбыр жауып, қара суық болады. Осы қара суық пен жауын-шашыннан соң ағаштар бүршік жара бастайды. Алғашқы көк шығып, өсімдіктер көктеп, тамыры жайылады.
Ал сәуір айын «құралай» деп атауының да өз себебі бар. Өте киелі санайтын жануардың атымен атау – айдың аяғына таман құралай төлдеп, лақтары жауынға қарсы жүріп, тез қатайып кетеді дейді аңшылар. Осы айда жаңбырдың көп түсуі егін бітік шығып, көк шөп мол болады деп ырымдаған.
Жыл сайын сәуір айында бес қонақ амалы өтетінін білеміз. Жауын-шашын әрі суық желден сақтанатын халқымыз осы мезгілге ерекше мән беріп, күтінген. Қанша жерден күн жылынса да осы бес күндік амал өтпейінше малшылар жайлауға көшпей күткен.
Сонымен қатар сәуір айында болатын аспанды тілгілеп өтетін қатты нөсерлі найзағайды «Қызыр қамшысы» деп атаған. Жаздың жайлы күндерінің бастауы ретінде найзағайдан соң жер бусанып, күн көзі нұрын шашады. Қазақ халқы осы амал туралы «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептеп, алаңсыз шаруасын дөңгелетуге кіріскен.
Міне, «Сәуір болмай, тәуір болмайдыны» ақырын күткен халқымыз айдың соңына дейін табиғат құбылыстарына барынша сақ болып, қыстың ызғарын амалдап шығарып салып отырған.
Сонымен қатар сәуір айында болатын аспанды тілгілеп өтетін қатты нөсерлі найзағайды «Қызыр қамшысы» деп атаған. Жаздың жайлы күндерінің бастауы ретінде найзағайдан соң жер бусанып, күн көзі нұрын шашады. Қазақ халқы осы амал туралы «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептеп, алаңсыз шаруасын дөңгелетуге кіріскен.
Бибісара ЖАНӘЛІ