Түрлі мамандық иелерімен кездесті

Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектепте осы мақсатта кездесу өтті. Адам өміріндегі мамандықтың маңызы, мамандық түрлері туралы түсінік беру мақсатында ауыл мектебіне түрлі саланың өкілдері жиналды. Олар өз кезегінде оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, өз мамандықтарының қыр-сыры туралы сыр шертті. Атап айтар болсақ, маңызды кездесуге Отбасын қолдау орталығы басшысының міндетін атқарушы Талғат Нұрсұлтанұлы, Сырдария аграрлы-техникалық колледжінің өндірістік оқу шебері, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандығының оқытушысы Алтын Қожақова, колледж директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары Жанар Күзербаева, аталған колледждің ауылшаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу мамандығының оқытушысы Ералхан Смат, «Еңбек мобильділік орталығының» жұмыспен қамту бөлімшесінің басшысы Абдуманап Батталов, аудандық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Тимур Әлиев және журналистика саласының өкілі «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы арнайы қатысты. Ең алдымен сөз кезегін алған мектеп директоры Бақытжан Жамалқызы келген қонақтарға алғысын білдіріп, бүгінгі оқушының ертеңгі ел болашағы екенін айтып өтті.
– Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Қай салада да өз еңбегіне адал адам үлкен құрметке лайық. Мамандық таңдаудан қателеспеу қажет. Ол дегеніміз, өзіңнің икемің келетін, талғамыңа сай саланы таңдау. Дәл қазір сіздер өз өздеріңізге сұрақ қоюларыңыз қажет. «Менің мақсатым не және мені қандай сала қызықтырады?» деп ойлану барысында өздеріңіздің қабілет-қарымдарыңызды айқындай аласыздар. Бүгін біздің мектебімізге арнайы қонақ болып отырған ағай-апайларыңыз да сіздер секілді арман қуып, кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған. Еңбек – айқын мақсатқа жетудің бірден-бір жолы. Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын, – деді мектеп директоры.
Одан кейін қатысушыларға сала туралы, мамандық туралы сұрақтар қойылды. Кездесуге қатысқан түрлі сала мамандары өз мамандығын қалай таңдағаны жөнінде, бұл салада қандай басым бағыттар бар екендігі жөнінде айтып өтті. Өз кезегінде оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарға да жауап алды. Сырдария аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы Алтын Астраханқызы оқушыларға орамалдан қайшы және ине-жіптің көмегінсіз сәнді аксессуар жасап көрсетіп, оқушылардың қызығушылығын арттыра түсті.
Айта кетейік, бұған дейін орта мектептің журналистикаға қызығушылығы басым оқушылары мектеп директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Самат Жұмаділ ағаймен бірге аудандық редакцияға арнайы келіп, журналистер жұмысымен танысып қайтқан болатын.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ