Мен таңдаған мамандық
Әлемде 40 мыңнан аса мамандық түрі бар. Соның ішінде білікті мамандық иесі атану үшін көп жыл қатарынан үздіксіз білім алып, сол салада еңбек ету маңызды. Бүгінде елімізде ең танымал мамандық анықталып, көш басын мұғалімдер бастап тұр. Бұл салаға деген сұраныс жыл сайын артуда. Мамандық таңдауда қателесуге жол бермей, дұрыс шешім қабылдауда нағыз мамандардың кеңесі аса қажет. Қалжан ахун ауылының №126 орта мектебінің бейінді оқыту, ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Самат Жұмаділдің ұйымдастыруымен «Мен таңдаған мамандық» атты іс-шара өтті.Өз қабілетін шыңдауда мамандық таңдау алғашқы қадам. Сондықтан бірінші қабілетін анықтап, барынша берік шешім қабылдау маңызды. Өйткені мамандық – еңбек етіп, табыс табатын өмірлік азығың. Аталған іс-шараға арнайы қонақ ретінде Сырдария аудандық ауруханасының дәрігер стоматологы Байтабын Рүстемұлы, аудандық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Гүлсім Жаңақұлова, «Мансап» орталығының бөлім басшысы Айнаш Болатқызы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әдіскері Рамазан Ыдырысов, «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Гүлсезім Жансерікқызы, ардагер-ұстаз Рыскүл Шәріпжанқызы және «БАҚ» ШҚ төрағасы, қамқоршылық кеңес төрағасы Серік Әбжалиев қатысты. Пікір алмасу мақсатында жүзеге асқан кездесуді мектеп директоры Нұрлыбек Баймбетов ашып, мектепті бітіргелі отырған түлектер мен жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауда қателесуге болмайтынын ескертті.
– Дүниеде екі нәрседен қателесуге болмайды. Бірі – мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдаудан. Сондықтан өмірлік азыққа айналатын мамандықты таңдау ең дұрыс шешім. Ең алдымен арман және мақсат болу керек. Армандаған мамандық иесі атану үшін алдыңа мақсат қойып, сол бойынша әрекет ету маңызды. Таңдаған мамандықты жаныңмен сүйе білу де өнер. Бітіруші түлектердің басым бөлігі ұстаздық пен медицина маманы болуды таңдап отыр. Бұл әрине орынды әрі талапты бастама. Тек отбасың мен біреудің таңдап берген мамандығы болмау керек. Өзіңнің қалауың алғашқы орында. Сондықтан қабілетіңе сай және арманыңа айналған мамандықты таңдауды ұсынамын, – деді мектеп директоры.
Іс-шара әрі қарай қонақтардың өз мамандығы бойынша таныстыру бағыты мен оны таңдаудағы қызықты естеліктерімен бөлісуімен өрбіді. Әр саланың өзіндік қызығы мен шыжығы болатыны анық. Осы тұста медицина саласы бойынша Сырдария аудандық ауруханасының дәрігер стоматологы Байтабын Рүстемұлы мен аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Гүлсім Жаңақұлова айтып өтті. Қызығушылық танытқан оқушылар кезегімен мамандарға сұрақ қойып, тиісті жауабын ала алды. Одан әрі «Мансап» орталығының бөлім басшысы Айнаш Болатқызы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әдіскері Рамазан Ыдырысов және «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Гүлсезім Жансерікқызы сөз кезегін жалғап, өз мамандықтары жөнінде біршама ақпаратпен бөлісті. Тірек мамандыққа айналған дәрігер мен мұғалімнен басқа да мамандықтар да сұраныста екенін түлектер аңғарды.
Сөз кезегін ардагер-ұстаз Рыскүл Шәріпжанқызы және «БАҚ» ШҚ төрағасы, қамқоршылық кеңес төрағасы Серік Әбжалиев алып, ұстаздық жолды таңдаған оқушыларға сәттілік тіледі. Мамандық бойынша оқушылар көкейінде жүрген сауалдарды қойып, толыққанды жауап алды. Әр саланың өзіндік қиыншылығы мен қызығы қатар жүретіні анық. Сондықтан мамандық таңдауда жүрек үнін тыңдап, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керек.
Сала мамандарымен кездесу кешін бейінді оқыту, ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Самат Жұмаділ қорытындылап, жоғары сынып оқушыларының мамандық таңдаудағы қай салаға бет бұрып отырғандығы туралы айтып өтті. Сондай-ақ сала мамандарымен ашық сұхбат алаңы құрылып, оқушылар мен қонақтар арасында пікір алмасу жүзеге асты.
«Менің мамандығым – мақтанышым» дейтіндей маман иесі атану үшін әр мектептің бітіруші түлегі таңдаған саласын жіті зерттеп, біршама ақпаратқа қанық болуы тиіс. Кейін өкініш тудырмайтындай мамандықты таңдау да – өнер. Сондықтан жүрек қалауымен, армандаған саланы таңдау маңызды.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ










