Мамандық таңдау – өмірлік бағыттан қателеспеу
Аудан орталығында орналасқан білімнің қара шаңырағы – №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде «Болашаққа бастар бір қадам» мамандық таңдау кеші өткізілді. Аталған іс-шараға төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Хасен Аманжолов, аудандық полиция бөліміне қарасты «Қоғамдық қауіпсіздік» бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, аға лейтенант Айгүл Рсымова, спорт клубының жаттықтырушысы Данияр Жүсіпбаев, «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков шақырылды.Мектеп-лицей оқушыларына мамандық таңдауға бағыт-бағдар беруге арналған кеш еркін пікір алмасу форматында жүзеге асты. Бұл ретте мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қаршыға Әшірбекова сөз сөйлеп, адам өміріндегі басты маңызды фактор – мамандық таңдауда қателеспеу керектігіне тоқталды.
– Бүгінгі «Мамандық таңдау» кеші – жас ұрпақтың болашақ өмір жолын айқындауда ерекше маңызға ие тағылымды іс-шара. Өйткені мамандық таңдау – әр адамның тағдырына тікелей әсер ететін, өмірлік бағытын белгілейтін жауапты кезеңдердің бірі. Мамандықтар әлемі сан алуан. Әр мамандықтың қоғамда өз орны, өз маңызы бар. Ең бастысы – таңдаған ісіңді сүйіп атқару, өз еңбегің арқылы елге пайда келтіру. Сонда ғана адам өз ісінен ерекше серпін алып, өмірде өз орнын таба алады. Осындай мазмұнды кездесулер оқушылардың көкжиегін кеңейтіп, болашаққа деген сенімін арттырады. Алдағы уақытта әрбір жас өз жолын тауып, ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасады деп сенемін. Мамандық таңдауға арналған іс-шара 9-сынып оқушыларының қатысуымен жүзеге асуда. Сынып жетекшілері Шынар Есмағанбетова мен Әсел Балғабайдың осы іс-шараны ұйымдастырудағы еңбегін айта кеткен жөн. Өз саласында жетістікке жетіп, кәсіби атаққа қол жеткізген қонақтарымыздың алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін, – деді Қаршыға Абылайқызы.
Оқушылар арасында құқық қорғау, медицина, білім, заманауи технология бағытында мамандық таңдауға ниетті жандар көп. Осы бастан өз саласын жіті зерттеп, болашаққа жоспар құра білген оқушылар да бар. Әрине, өмірлік мақсатты жүзеге асыру барысында сапалы білім алу – маңызды рөл атқарады. Мұндайда шәкірттер ұстаз берген сапалы білімді өмірлік ұстанымға айналдырғысы келеді.
– Мектеп қабырғасында жүргеннен спортпен айналыстым. Күнделікті өзімді шынықтырып, осы саланың мықтысы болуға ұмтылдым. Ерік-жігерімді жанып, қарсыластарымнан оқ бойы озық болуға тырыстым. Өз саламда қызмет етіп көргеніммен, менің өмірлік бағытым, негізгі мамандығым – спорт екенін тереңнен ұғындым. Жетістікке жету жолында талпыныс пен еңбек маңызды рөл атқаратынын айқын түсіндім. Қазіргі уақытта шәкірттерім спорт шеберлігіне үміткер ретінде жарыс жолына шығып келеді. Әрбір баланың жетістігі көңілді марқайтады, – деді Данияр Жүсіпбаев.
Бүгінде зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда өршіп тұрғаны белгілі. Отбасы тыныштығы бұзылған сәтте балалар психологиясында сан түрлі өзгерістер болуы мүмкін. Мұндайда Айгүл Рсымова секілді мамандар өз қызметін заң жүзінде атқаруға мүдделі. Құқық қорғау саласының маманы өзі атқаратын қызметтің қиыншылығына тоқталып, жиналған оқушыларға бағыт-бағдар берді. Күнделікті тілсіз жаудан немесе техногендік апаттан адам өмірін арашалап қалатын Хасен Аманжолов төтеншеліктердің жұмысының ауыртпалығына тоқталды. Уақыт талғамайтын мамандықтың бүге-шігесін айтып берді.
Өз кезегінде мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Ләйла Сағымбаева мен Жанар Тәжібаева іс-шара жөнінде пікір білдіріп, білім мен тәрбиені қатар ұштастыра білгенде бала жан-жақты дамып, болашақта кәсіби маман болуға ұмтылатынын алға тартты. Бұл ретте мектеп-лицей психологы Ляйля Беркімбай көпішілікті сергіту мақсатында ойындар ұйымдастырды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










