Ақ орамалдың қадірі қайткенде артады?
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ұлттың болмысын, тәрбиесін, дүниетанымын айшықтайтын киелі дүние аз емес. Құндылығымен қатар, қасиетіне ерекше назар аудартатын ақ орамал ұлт дүниетанымында айрықша мәнге ие. Сырт көзге қарапайым ғана мата болып көрінгенімен, оның астарында терең тағылым, ұлттық тәрбие, инабаттылық пен аналық мейірім бар. Ақ жаулық – қазақ әйелінің көркі ғана емес, ұлттың ұяты мен ұрпақ тәрбиесінің символына айналған қасиетті белгі.«Ана көрген тон пішер» деген халқымыз қыз баланы кішкентайынан ибалы болуға, үлкенді сыйлауға, ар-намысын қорғауға тәрбиелеген. Сол тәрбиенің бір көрінісі – басына ақ орамал тағу дәстүрі. Қазақ қызы ұзатылып, келін атанғаннан кейін ақ жаулық жауып, жаңа өмірге қадам басқан. Тұрмыс құрғанын білдіретін белгі көріп, үлкен жауапкершіліктің, отбасының берекесін сақтайтын ұйытқыға айналғанының нышаны санайтын қыз баласы ибалылылықтың бойына сіңірген.
Ақ түс қазақ танымында әрдайым тазалықтың, адалдықтың, мейірімнің және пәктіктің белгісі саналған. Сондықтан ақ орамалға деген құрмет те ерекше. Халқымыз «Ақ жаулықты ана», «Ақ жаулықты әже» деп аналарды ерекше қадірлеген. Себебі ақ жаулық тек киімнің бір бөлшегі емес, отбасының берекесін сақтаған, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан ана абыройының белгісі болған.
Қазақ өмірінде ақ орамалдың орны ерекше болғанын көптеген салт-дәстүрден аңғаруға болады. Ертеректе екі жақ дауласқанда немесе қантөгіс қаупі төнгенде ақ жаулықты ана ортаға орамалын тастаса, екі тарап та қаруын тоқтатып, бітімге келген. Өйткені ақ жаулықтың алдында дау да, кек те тоқтаған. Осы ретте ананың сөзі мен ақ жаулықтың киесін жоғары бағалаған халқымыздың парасаттылығының айқын көрінісін анық байқаймыз.
Ақ орамал қуаныштың да, құрметтің де белгісі ретінде қарастырылған. Келіннің бетін ашқаннан кейін басына ақ жаулық жабылуы – оның енді әулеттің бір мүшесі атанғанының белгісі. Ал жасы үлкен ананың ақ жаулығы кейінгі келінге үлгі, ұрпаққа өнеге болып отырған. Ақ жаулық жамылған әженің батасы қабыл болады деп сенген халық олардың ақ тілегін әрдайым қадірлеген.
Ұлттық тәрбиеде ананың ақ жаулығы ерекше мәнге ие. Себебі сәби ең алдымен ананың әлдиін тыңдап, мейірімін сезінеді. Ал ананың басындағы ақ жаулық баланың санасында тазалықтың, жылулықтың, ізгіліктің бейнесі болып қалыптасады. Сондықтан қазақ «Ананың ақ сүті», «Ананың ақ батасы», деген ұғымдарды қатар қойып, олардың әрқайсысын киелі санаған.
Бүгінде заман өзгеріп, сән үлгісі жаңарғанымен, ақ орамалдың қадірі кеміген жоқ. Керісінше, ұлттық құндылыққа деген қызығушылық артып, жас келіннің ақ жаулыққа құрметпен қарауы, ұлттық киімге бет бұруы – дәстүрдің өміршеңдігін көрсетеді. Қоғамда түрлі сән ағымы пайда болғанымен, қазақ әйелінің ибасы мен көркем мінезін айқындайтын ақ жаулықтың орны бөлек. Қазіргі таңда ақ жаулық түрлі мәдени іс-шарада, ұлттық мерекеде, салт-дәстүрді насихаттайтын жиында кеңінен қолданылып жүр. Бір жағынан бұл – ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған игі үрдістің бірі. Өйткені дәстүрді сақтау – өткенді дәріптеуден басталып, болашақ ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастырудың маңызды жолы.
Ақ жаулықтың қасиеті – оны қастерлеген халықтың дүниетанымында. Ол – ананың ақ ниеті, әженің даналығы, отбасының берекесі мен ұлттың тәрбиелік мектебінің айнасы. Ақ жаулықты ана отырған шаңырақта тәрбие де, береке де, бірлік те болады деген сенім халық жадында бүгінге дейін сақталған.
Қазақ халқы «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді. Сол ананың абыройын асқақтатып тұрған ақ жаулық – ұлттың рухани байлығының ажырамас бөлігі. Сондықтан ақ орамалдың қадірін арттырып, оның мәні мен маңызын кейінгі ұрпаққа түсіндіру – әрбіріміздің ортақ міндетіміз.
Ұлттық құндылықтардың бағасы оларды сақтап, құрметтегенде ғана артады. Ал ақ орамал – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан тәрбиенің, аналық мейірімнің, ізгіліктің және қазақы болмыстың мәңгілік белгісі болып қала бермек.
PS. Расында, ақ орамалдың құнын жоғалтпаған маңызды. Кейде орамал тағудың байыбына бара қоймайтын жастар үйден қырық қадам шыққан сәттен қасиетті дүниенің байыбына бара алмай жатады. Ақ жаулықтың қасиеті өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын аналар арасындағы үлкен сабақтастық болғаны дұрыс.
Б.ОРДАБЕКОВ










