Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйлену қиын, үй болу одан да қиын!

Үйлену қиын, үй болу одан да қиын!

Қазақ халқы – ежелден тойшыл халық. Салт-дәстүрге берік, әр істі жөн-жоралғымен атқарып, ұрпағына дұрыс тәрбие береді. Ұл мен қызды өсіріп, оларды өз ұяларына қондырып, той жасайды. «Қыз ұзату», «Құда түсіп, қалың мал беру», «Беташар» сияқты дәстүрлерімізді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруда.

Десе де, қазіргі қоғамда үйлену тек салтанатпен шектеліп бара жатқандай. Тойды өткізу – мақсатқа айналды да, ал үй болу, отбасын сақтау – кейінге ысырылып қалғандай әсер қалдырады. Осы тұста «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деген қазақ нақылы, қазіргі заманмен қайшылас келеді.

Бұл күнде, ұл-қызды үйлендіру барған са­йын қиындап барады. «Жұрттан қалмайық», «ел не дейді» деген оймен, міндетті түрде үлкен той өткізуді парыз көреміз. Сөйтіп, алды-артымызды ойламай, несие мен қарызға, белшемізден батып жатамыз. Той жасағанда, міндетті түрде дастарқан молынан жайылады. Әртүрлі тағам, сусындар қойылады. Бірақ оның көбісі желінбей, артынан ысырап болып жататыны да шындық. Ең бастысы – «жастар бақытты болсын» деген ниет. Содан кейін «сенен аяғанымды ит жесін» деп, тойды хан сарайындай мейрамханада өткіземіз. Оған көп қаржы кетеді. Біреуі бірнеше ай ақша жинайды, енді бірі банктен несие алады. Сөйтіп, қазақтың бұрын-соңды дәстүрінде болмаған «свадьба» жасаймыз. Қазір оны іс­те­­месе, ел алдында абыройымыз түсердей көрінеді. Тағы бір қызығы, сол тойға – Король мен ақсүйектердің бал кешіндей етіп, бүкіл ағайын-туысты жинап аламыз. Әнші, биші, асаба жал­дай­мыз. Оның бәрі – қосымша шы­ғын. Ол жерде жұ­мыс жасап жүр­­ген дая­шылар мен аспаз­шыларға да ақша кететінін ұмытпайық.

Қысқаша айтқанда, той ар­қылы ресторан иелері мен банк­терді, өнерпаздарды асырай­мыз. Бірақ бір күндік қуаныштың ауырт­палығын жас отбасы жылдап өтеп жүреді. Ақшаның жетіспеуі, тұрмыстық қысым – бәрі-бәрі солардың мойнына түседі. Соның салдарынан жас отбасы от басады.

Ең сорақысы, сол еңбектің бәрі көбіне зая ке­тіп жататыны бар емес пе? Мысалы, Қазақстанда алдыңғы жылы 40 500 жұп некесін бұзған. Бұл – өткен жылмен бірдей деңгейде. Ең көп ажырасу қала тұрғындарының арасында тіркелген – 74,4%, ал ауылдық жерлерде – 25,6%. Бұл дегеніміз, әрбір үшінші неке бұзылуда. Оның ішінде некеде 1-4 жыл бірге болғандар – 35%, ал 5–9 жыл отырғандар – 25% шамасында ажырасқан. Ұлттық статистика бюросының ақпарат көзі осылай дейді. Осындай жағ­дай­лар көбейіп бара жат­қа­нының бір себебі – жа­ңа от­ба­сының мой­нына тү­сетін қар­жылық ауырлық. Әсіресе үй­лен­геннен кейінгі алғаш­қы жылдары жас отбасы тұрмыс қиындығына төтеп бере алмай, түрлі мәселелерге ұшырап жатады. Осылайша, біз өз қолымызбен ақшаны құнсыздандырып жатырмыз. Кейін соның бәріне саясатты кінәлаймыз. Сол үшін де той жасау бара-бара қиындап кетті.

Ал шын мәнінде бұл мәселені шешуге болады. Қазақылықтан аттамай-ақ, тойды қара­пайым өт­кізсек жет­кілікті деп ойлаймыз. Мысалы, құдалық пен беташар жасап, жақын туыстарды үйге жинап, мал сойсақ – соның өзі жеткілікті. Әулеттің үлкендерінен ақ бата алып, екі жас ақ некемен қосылса – соның өзі бақыт емес пе?! Тойға кететін шығынды екі жасқа беріп, үй алсын, көлік мінсін десек, жас отбасыға көмек болар еді. Әлбетте, «жиған-тергенің тойға шашылсын» деген және бар. Әрине, бұл әркімнің өз жағдайына, ой-санасына байланысты. Десек те көрпеге қарап көсілуді де естен шы­ғармаған абзал.

Асылжан ҚОНЫС,
студент
15 қараша 2025 ж. 114 0