Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер

Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер

Ұлттық салт-дәстүрдің арасында көнеден келе жат­қан ғұрыптар баршылық. Соның бірі – қыз алып қашу. Бұл дәстүр қазақтың қанында бар үрдіс десе де болады. Яғни қалыңдықтың қалың малын төлеуге шамасы келмейтін жігіт өзінің ұнатқан қызын келісіммен алып қашқан.

Қыз алып қашу Кавказ, Қырғыз, Эфиопия, Қазақстан елдерінде кең та­раған және осы елдерде әлі күнге дейін сақталған. Бүгінде бұл дәстүр көп­теген мемлекетте қылмыс саналады және жазасы да бар.

Қазақ дәстүрінде екі жас құда түсу жолымен, яғни екі жақтың келісімімен қосылған. Дегенмен көп жағдайда жі­гіттер өз ғашығын алып қашу арқылы қосылған кездер де болған. Тарихтан белгілі болғандай Қалқаман Мамырды, Кебек Еңлікті алып қашып қосылған. Бірақ оның соңы қайғыға ұласқан. Ұлы Абайдың інісі Құнанбайдың баласы Халиолла да сүйген қызын алып қашқан. Дегенмен ол замандағы қатал шешім қос ғашықты қайта айырып жіберген.

Қыз алып қашу бұрыннан бар

Шын мәнінде бұрындары қыз алып қашу болды. Тіптен алып қашу кезінде қыздың келісімі маңызды болмаған. Қыз келіспей жатқан кезде әулеттің үл­кен апа-әжелері табалдырыққа жатып алып, «Менің үстімнен аттап өтсең, ба­ғың болмайды» деп қайткен күнде де қызды келістірген.

– Осыдан 30 жыл бұрын мені алып қашты. Жігітті бұрын-соңды көр­ме­генмін де. Таныс жеңгелерім мені сыртымнан жігітке көрсетіп жүрсе керек. Шаруашылықта жұмыс істеп жүр­ге­німде көлікке басып мінгізіп алып қашты. Өз ауылым емес, бөтен ауылға келдім. Келісімімді бермей, біраз шу болды. Сонда үлкен әжелер басыма ақ орамал тақты. Келген жерімнің жаман отбасы емес екенін айтты. Сонда да болса көнбедім. Артымнан іздеп келген ағам менің сөзімді сөйлемей, «қайтып келген қыз жаман, ел-жұртқа қалай қараймыз» деп осында қалдырып кет­ті. Отбасын осылай құрдым. Өзімді алып қашудың құрбаны болдым деп қат­ты айтуға аузым бармайды. Уақыт өте жұбайымның жақсы азамат екенін түсіндім. Шүкір, үбірлі-шүбірліміз, не­ме­ре­леріміз өсіп келеді, – деді төрт ба­ланың анасы Айжан апа.

Соңғы жылдары тұрмыстың түзел­гені болар қыз алып қашу дәстүрі ығыстырылып барады. Бұл да болса қыз баланы мәпелеп өсірген отба­сының өз үйінен ұзатылып, құтты же­ріне ақ батамен қонуына жасайтын жа­­расымды қадам болса керек. Кент тұрғыны Жанар апай қыз алып қашу ес­кіліктен қалған ғұрып деп санайды.

– Бұрынғы заманда қыз алып қаш­қан. Яғни той жасауға жағдайдың бол­маған кезде орын алған жағдай. Тіпті қыздың келісімінсіз алып қашқан. Дегенмен бұл ескіліктің дәстүрі деп бі­лемін. Халқымыз қашанда қыз баланы қонақ деп білген. Екі жақ келісім берген соң, ұзату тойын жасаған. Кәде жа­сап, түрлі жоралғылар орындалған. Барлық жағдайда үлкендердің батасымен екі жастың қосылғаны құптарлық, – дейді көпбалалы ана Жанар апай.

Атастыру

Халқымызда ұмыт бола бастаған салт-дүстүрлер жетерлік. Соның бірі – атастыру. Көне дәстүр деп есептелетін атастырудың негізгі шарты – жастайынан баласын, кейде бесіктегі балаларын ата-ана өзара уәделесіп, «өскенде отау құрсын» деп белгілеп қояды. Яғни келісім арқылы уәдеде тұрып, қыз бен жігіттің ата-анасы бір-бірімен құда болады. Екі жақтың үлкендері алдын ала екі елді жақындатып, алдын ала қалың мал да береді. Атастырудың салмағы, жауапкершілігі өте ауыр. Яғни өскенде атастырылған қыз бен жігіт міндетті түрде үйленген. Мұндай салт-дәстүрді қазір жас отбасылардың арасынан бай­қауға болады. Әлі дүниеге келме­ген балаларын достар алдын ала «сіз­ден ұл туса, бізден қыз туса немесе керісінше сізден қыз туса, бізден ұл туса, құда боламыз» деп уәделесіп жа­тады. Бірақ бұл сөзге жеңіл желпі қарап, кейін ұмытып та жатады. Ал мұн­­дай жағдайда бұрындары салт бойын­ша айыппұл төлеген. Мәселен атас­­ты­­рылған жігітке қыз ұнамаса, жігіт жа­ғы мал түрінде айыптарын жуып шай­ған.

Негізінен жігіт атастырылған қыз­дың үйіне баруы үшін алдын ала қалың малын төлеген. Сонда ғана қыздың үйін­де емін-еркін жүре алған. Онда да бөлек үй тігіп сонда қона жатқан.
Әрине көнеден қалған дәстүрмен бас қосқандар қазір арамызда болмауы мүмкін. Бірақ көзі кеткен әжелеріміз көбіне осындай салтпен бас қосқанын еститінбіз. Бұл ол заманда жастардың басы ерте жастан, ата-аналарының ға­на келісімімен қосылғаннан болса керек деп топшылауға болады. Ал қазір баласын оқытып тоқытатын ата-ана ба­лалары өзге біреуді ұнатып, уәдені бұзып жатса, қалыпты жағдай деп қа­былдайды.

Сүйек жаңғырту

Аты айтып тұрғандай, бұл дәстүр бір-бірінен қарым-қатынасы алыстап бара жатқан әулетті қайта жақындату үшін жасалған. Астарында терең мән жатқан салт-дәстүр бойынша әулетке бұрыннан құда болып келетін жақтан қыз айттырып, ұлды үйлендірген. Мұн­дағы мақсат – өздеріне бұрыннан таныс, текті жерден қыз алып, ұрпақ жалғастыру. Әулеттің ақсақалдары бұл дәстүрде рулық ерекшелікке мән бер­ген. Көбіне үлкендер жағы өзара ке­лісім арқылы ұсыныс жасаған.

Бүгінде осы дәстүр бойынша отбасын құрғандар бар.

– Күйеуім – отбасында жалғыз ұл. Наға­шылары жағынан біздің қызы­мыз­ды сүйек жаңғырту бойынша келісім­мен алу туралы ұсыныс айтылды. Біз көп ойланып «балалар тіл табысып, жарасып жатса, неге келіспеске» деп ойладық. Уақыт өте бірін-бірі ұнат­қан балалар шаңырақ көтеретін­де­рін айтты. Бұрын нағашы-жиен болып қатысқан екі жұрт қазір құда болып араласып кеттік. Айтайын дегенім, сү­йек жаңғыртудың жақсы жағы көп екен. Ерлі-зайыптылардың арасында ренжісу бола қалса, екі әулет жас­тар­­ды татуластырып жібереді. Бұл – көре­генділік пен үлкендерді сыйлау, құрметтеудің белгісі, – дейді Раушан апа.

Ұлттық құндылықтардың негізі саналатын салт-дәстүрлер елдің бірлігін, тату-тәтті тірлігін көздейді. Бұл – ұрпақ болашағын ойлағандықтан саналы түр­де жасалатын ғұрып. Сондықтан жақ­сыны жатқа бермей, тектілікті сақтап қалуға мән берген халқымызда осындай дәстүрдің болғаны қандай жақсы! Ол жаңғырса, тіпті керемет!

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ 

16 сәуір 2022 ж. 994 0