Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ПРОАКТИВТІ ӨМІРДІ ТАҢДА

ПРОАКТИВТІ ӨМІРДІ ТАҢДА


«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Проактивті өмірді таңда!» республикалық акциясын бастады. Іс-шара аясында қызметкерлер бір ай бойы емханаларды, перзентханалар мен перинатальдық орталықтарды аралап, болашақ аналарға бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен, яғни ХҚО-ға бармай-ақ, SMS арқылы алу жолдарын түсіндіреді.
Кезекті акция барысында корпорацияның Қызылорда облыстық филиалы мамандары «Ана мен бала» орталығына барды. Аталмыш қызмет бойынша ауқымды түсіндірме жұмыстары барлық аудан орталықтарында да жүргізілуде.
Былтыр желтоқсан айында іске қосылған жоба халық арасында кеңінен қолдау тапты. Бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен алу үшін қызмет алушылар ХҚО немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы мобильді азаматтар базасына тіркеліп, ЖСН-ін ұялы телефон нөміріне бекітіп қоюы тиіс. Сәбиі дүниеге келгеннен кейін жаңа босанған ананың телефонына автоматты түрде SMS-құттықтау келіп, қызметтерді проактивті тәсілмен алуға ұсыныс жасалады. Басқа мәліметтерді тіркеуші орган тиісті ақпараттық жүйелерден жинап, ал өзге деректерді хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. Сондай-ақ телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады.
Қала тұрғыны Айгүл Әлижан проактивті қызметтің игілігін көрген қызылордалықтардың бірі. Бас-аяғы 3 күнде мемлекеттік корпорация қызметкерлері сәбиінің өміріндегі алғашқы дайын құжатын табыс етті.
«Қызым дүниеге келгеннен кейін ұялы телефоныма құттықтау хабарлама келді. Артынша тиісті сұрақтарға жауап берген соң, көп ұзамай қызымның аты-жөні жазылған туу туралы куәлікті қолыма алдым. Құжат дайындау ешқашан мұндай жылдам әрі қарапайым болады деп ойламаппын. «Азаматтарға арналған үкіметке» біздің отбасымыздың қуанышына ортақтасып қана қоймай, құжат рәсімдеуді өз мойындарына алғаны үшін үлкен рахмет айтамын. Уақытым мен қаражатым үнемделді», - дейді жас ана.
Бүгінгі түсіндіру жұмыстары облыстың барлық аудан орталықтарында өткізілуде. Акция аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары 100-ден аса жүкті әйелге бала туу бойынша мемлекеттік қызметтердің проактивті нұсқасы туралы түсініктеме беріп, нұсқаулықтар мен парақшалар таратып, 60 адамды мобильді азаматтар базасына тіркеді.
Айта кетейік, Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып мемлекеттік қызметтердің проактивті қағидатын енгізді. Жоба іске қосылғаннан бері облыс бойынша 4103 ата-ана Мгов базасына тіркеліп, сәбилі болған 3921 анаға проактивті қызметтерді алуға SMS-ұсыныс жолданды. Дайын туу туралы құжат 3000-нан аса адамға табысталып, балабақша кезегіне 2200 бала тіркелген.
Көп ұзамай баланы тұрғылықты жеріне тіркеу қызметі де проактивті нұсқада жүзеге асатын болады.


19 шілде 2018 ж. 854 0