Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Барлығына бірдей, әркімге қолжетімді» акциясының жеңімпаздары марапатталды

Барлығына бірдей, әркімге қолжетімді» акциясының жеңімпаздары марапатталды


Цифрлық сауаттылық – бұл адамдардың күнделікті өмірі мен қызметі барысында ақпараттық технологияларды қолдана білуі. Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің қызметкерлері облыс орталығындағы халық көп шоғырланатын бірнеше нысандарда халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған кезекті акция өткізді.
Кең ауқымда облыс әкімдігі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ХҚКО Қызылорда облыстық департаменті және  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бірлесіп ұйымдастырылған шараға куә болған Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ мүшелері аймақта электрондық үкіметті дамыту және мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға  оң пікірін білдірді.
Астаналық қонақтар алдымен №3 қалалық емханада болып, жұмысымен танысты. Мұнда ХҚКО мамандары дәрігердің қабылдауына келген азаматтарға мемлекеттік қызметтің үйде, кеңседе отырып алуға болатын мүмкіндіктерін түсіндіріп жатыр. Арнайы жабдықталған бұрышта мамандар электронды үкімет арқылы емханаға тіркелу, дәрігердің қабылдауына жазылу, проактивті тәсілмен жаңа туылған сәбиге туу туралы куәлік алу, балабақшаға тіркеу, әлеуметтік төлемдерге құжат рәсімдеу секілді мемлекеттік қызмет түрлерін өз бетінше алуды көрсетіп, үйретті.
Одан әрі арнайы топ өкілдері облыстық Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада болды. Мұнда ХҚКО мамандарымен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша бекітілген іс-шаралар жоспары кестесіне сәйкес студенттер мен оқырмандарға арналған оқыту сабағы өтті.
«Құрамында қоғамдық ой-пікірді қалыптастырушы еліміздің танымал тұлғалары кірген арнайы құрылған мониторингтік топтың басты мақсаты -  облыстарда көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің сапасын, халық арасында насихатталу барысын бақылау, елдің ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Бүгін біз емханада, оқыту орталығында жергілікті мамандармен көрсетіліп жатқан қызметтермен танысып, бірқатар ұсыныстар енгіздік. Қазіргі кезде елімізде 746 мемлекетік қызмет бар болса, оның 60 пайызы электронды портал арқылы көрсетіледі. Оның тең жартысын үйден шықпай, кеңседе отырып алуға мүмкіндік бар. Уақытты жоғалтпай, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмай, интернет арқылы бәрін тындыруға болады. Осы қызметтердің  халық арасында насихатталу барысын анықтау мақсатында екі-үш күндік сапармен Сыр еліне келдік. Алдағы уақытта облыс орталығындағы бірнеше нысандар мен аудандардағы ахуалды бақылаймыз», - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс бойынша департамент директоры Арман Бердалин.
Сонымен қатар, кітапханада 26-наурыз - 6 сәуір аралығында «Барлығына бірдей, әркімге қолжетімді» акциясының жеңімпаздары марапатталды. Акцияға барлығы 18 497 адам қатысып, 400-ге жуық ұтыс иелері телевизор, смартфон, планшет секілді бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, акция барысында 4103 тұрғын электронды мемлекеттік қызмет алуға өтініш берген.
20 сәуір 2018 ж. 991 0