Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ...Өлең жыры – халқының жүрегінде...

...Өлең жыры – халқының жүрегінде...


Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан
Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашыққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел ішінен шыққан талантты да, өнерлі азаматтардың рухын көтеріп, дәріптеуге мән беріліп отыр. Өсер елдің ұрпағының санасына сол тұлғалардың құнды мұраларын сіңіріп, жан дүниесін байыта түссе бір ғанибет емес пе? Бұл ел ертеңі ұрпағымыздың болашағына үкілі үмітпен қарағандық деп бағалауға болады.
Шаған ауылындағы № 37 мектеп – лицейінде айтулы мақаладан туындаған мақсат–міндеттер мен салиқалы ойды өскелең ұрпағымыздың санасына ұғындыру тұрғысында мазмұнды тәрбиелік шаралар жүйелі жүргізіліп келеді. Тілге тиек етер болсақ, «Ақ бата» атты жас батагөйлер мүшәйрасы, «Аталар мұрасы–халық қазынасы», «Қарттарым–асыл қазынам» тақырыбындағы ашық тәрбие сағаттары, 7 сынып оқушылары арасында өткен «Жарысқа шық, жас ұлан!» ұлт ойындар сайысы мен бастауыш сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған «Жігіт сұлтаны», «Әжелер – көңілдің ажары, немере–өмірдің базары» атты өнер сайыстарын айтуға болады.
Жуырда сондай жұмыстың игілікті ізі Айнұр Ибалдаева жетекшілік жасайтын 6 «Ә» сыныбындағы «Өлең жыры – халқының жүрегінде» атты ашық тәрбие сағатында көрініс тапты.
Мәнді де, мағыналы шараға ардагер ұстаздар, ата – аналар мен мектеп басшылары, ұстаздар шақырылды. Рухани мәдениетімізді дамытып, болашақ ұрпағына шынайы жол сілтеген ел ішінен түлеп ұшқан талант иесі, ақын – ана Ұлмекен Баймағанбетқызының шығармашылығымен таныстыру болатын.
Әңгіме өзегіне арқау кейіпкеріміз – Ұлмекен Баймағанбетқызы кім? Аға буын өкілдері болмаса, кейінгі толқын жастар легі тани бермеуі орынды. Алдымен оқушыларға отбасының жүрегі, аяулы ана, немерелерінің әжесі, әулеттің ұйытқысы, ақын – ана туралы мәлімет берілді. Шаған топырағының тумасы Ұлмекен ана жас кезінен өлең жазуға бейім болған екен. Жыр дастандарды жатқа оқитын қабілеті де байқалған. Әдемі даусымен ән салған. Ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары болған. Өте еңбеккер жан Ұлмекен ақынның мақалалары мен өлеңдері аудандық, облыстық мерзімді баспасөздерге жарияланып тұрды. Бірнеше рет облыс, аудан көлемінде өткізілген жыр мүшәйраларға қатысып, мерейі үстем болған. Бәйгелер иемденіпті. Аудан орталығы, Сәкен атындағы шаруашылықта түрлі жұмыстар атқарып, өзінің адал ісімен халықтың құрметіне бөленген жан. Түрлі деңгейдегі мәдени шаралардың өтуіне мұрындық бола білді. Жолдасы Зұлхарнайын Тасбергенов екеуі бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Балаларын азаматтық дәрежеге жеткізді. Бүгінгі таңда сол балалардан 19 немере, 7 шөбересі бар. Ұрпақтарының бәрі шетінен білімді, өнерлі.
Өткен жылы ақын – ана шығармашылығына арналған еске алу кеші өткізілген еді. Мағынасы мол тәрбиелік шара білім ордасының мәжіліс залында болып, оған ауданның зиялы қауым өкілдері, ақынның замандастары, ұрпақтары мен мектеп оқушылары қатысып, «Өлеңім – өмірім» атты жыр жинағы баспадан шығып, көпшілікке таныстырылды. Кітапты шығаруға «Шаған – Жер» серіктестігінің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Бердібек Қадыров демеушілік жасап, азаматтық танытты. Ұрпақтары үлкен өнегелі шара соңынан ана аруағына бағыштап ас берді.
Ал, бүгінгі тәрбиелік шара сол тындырымды істің жалғасы іспеттес. Жаңа тың ойлары мен байыпты көзқараспен ұйымдастырылған тәрбие сағаты өтетін орын ерекше безендірілді. Алқызыл шарлар мен жалаушалар ілінген. Кейінгі ұрпаққа өлеңін мұра етіп қалдырған, көркем кісілік келбеті, адал ісімен танылған ақын – ананың шығармаларын насихаттау – бүгінгі тәрбие сағатының мақсаты ретінде қаралыпты. Тақтаға ілінген апайдың үлкен портреті, өмірбаяны мен айшықталып жазылған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан алынған ойлы сөздер мен өлеңдерінің мәнді шумақтары шара ажарын көріктендіре түскендей. Отбасылық жеке фотосуреттерінен слайд жасап көрсетілді.
Танымдық тәрбие сағатының беташары Ұлмекен апайдың жырын немерелері Дидар мен Әзизаның оқуымен басталды. Екеуі де өнерлі оқушы. Дидар – көркемсөз оқудан Астана қаласында өткен халықаралық «Ақ көгершін – 2015» балалар байқауының жеңімпазы болса, Әзиза мектепішілік, аудандық өнер байқауларының жүлдегері.
Жиналған тәрбиелік шараның мерейін көтерген өнерлі оқушылардың өлеңді мәнерлеп оқу шеберліктеріне ден қоя қарап, ықыласпен назар аударды.
Ақын өлеңдерінің тақырыбы әр алуан. Соның ішінде кіндік қаны тамған туған жері, өсіп өркендеген атамекеніне деген ыстық ықыласы ерекше. Мұндай сезім «Аралым», «Туған жерім», «Сырдария», «Туған жерім – Шағаным» т.б өлеңдерінде айқын байқалды.
... Жырымнан маржан тағамын,
Тең жетпес ешбір бағалым.
Көркіңе көзім тоймаған,
Туған жер асыл, Шағаным!
Туған жерге деген жүрек сағынышы. Керемет ой. Осы тақырыптағы өлеңдерді оқушылар Мирас Қайратұлы, Дәулет Әбсебайұлы,Саят Оразбаев, Ханшайым Асқарбекқызы өз деңгейінде әсерлі оқып, көпшілікті риза етті.
Ал, мына өлең шумағы көп нәрсені меңзеп тұрғандай.
... Қуанышын бұл өмірдің бағала,
Өмір оңай емес, соны да шамала,
Бұл өмірде жерді басып жүргенің
Соның өзі бақыт екен, бақыт екен,
О, Алла!
Өмір – өзен. Адамдер келеді, кетеді. Бірақ, адамның өнегелі ісі өлмек емес, әрине. «Өмір жайлы ой», «Ана тілім» өлеңдерін Санжар Рамазанұлы, Саят Оразбаев оқығанда көпшілік бір серпіліп қалды.
Тыңдармандар жүрегіне ой саларлық сыршыл өлеңдерінің ішінде белгілі ақындар Сағи Жиенбаев пен Замаддин Ибаддулаевқа, Сейфолла Оспановқа арналаған «Ақын ағаларым» тақырыбындағы топтамасының шоқтығы биік. Ақын ағалар рухы демеп, өзіне ұстаз тұтқан. Ол өлеңдерді Дильназ Насырхан мен Айбибі Бисен нақышына келтіре оқыды.
Ақын – ананың құнды өлеңдерінің ішінде өз замандастарына, құрбыларына арнап жазған мәнді арнау өлеңдері жетерлік. Әсіресе, Мұқтар Сақтапов, Мейрамбек Шілдебайұлы мен Сәуле Ерімбетова, Алма Бақтиярова, Ұлмекен Жаналиеваға шығарылған әдемі ой оралымды шумақтарының сөз мәнері ерекше. Бір топ сынып оқушылары Мадина Оразбекқызы, Досымжан Төлепов, Нұрдана Ертай, Зейнеп Әнуарбекова арнау өлеңдерді мәнерлеп оқып, тыңдаушыларға көтеріңкі көңіл - күй сыйлады.
Ақын халықтың, елдің адамы. Ел есінде мәңгі өшпейді. Апай туралы өз қатарластары, іні – сіңілілері, ағалары әдемі ой, құнды естеліктер, жыр жолдарын арнаған. Сондай өлең – зейнеркер ұстаз Шегебай Бәшенов ағайдың қаламынан туған «Ұлмекенге» өлеңі. Бұл өлеңді оқушы Әлішер Оңғарбай көпшілікке ұсынды.
Тәрбиелік шара барысында «Қазақтың қасиетті қағидалары» айдарымен өнегелі сөздер мен қазақтың батыр ұлы Бауыржан атамыздың даналық ғибрат ойларын оқушылар жатқа оқып, тәрбие сағатын көріктендіре түсті. Өскелең ұрпаққа берер өсиеті мол, қасиеті мол үш бидің сөздерін орынды пайдалана білу – сынып жетекшісінің үлкен ізденісі деуге болады.
Сонымен қатар, мектепішілік жас батагөйлер мүшәйрасының жеңімпазы – Әли Маратұлы ардагер - ұстаз Ханзада Құнанқараевтың Елбасына берген ақбатасын көпшілікке ұсынды, ілтипат алғысқа ие болды. Тәрбие сағатының құрметті қонағы – Ұлмекен ананың өмірлік жары Зұлхарнайын ағай апайдың асыл қасиеттеріне тоқталып, жасынан өнерді сүйіп, оны ұрпақтарына дарытқандығын мақтанышпен тілге тиек етті. Ақындыққа деген құштарлығы туралы баяндады. Сұлулық пен сыршылдықты жаны сүйіп, еліне, туған жеріне адал қызмет жасағаны белгілі. Ақын – ананы ұмытпай, шығармашылығына қайта жан берген сынып жетекшісіне, оқушыларға, өнерлеріне өз отбасы атынан ілтипат көңілімен ризашылығын білдірді. Туған жерді сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде әсері мол шараға жақсы баға берді. Өскелең ұрпақты білімді болуға, рухани жаңғыру кезеңінде өз ұлтын қастерлеп, бабалар рухын көтеруге шақырды. Тәрбиелік шараға қатысушы әрбір қонақтардың да жүрегінен шыққан ыстық ниеттегі пікірлер осындай деңгейде бағамдалып жатты.
Шара соңында оқушылар екі топқа бөлініп, хормен айтылған мына өлең шумақтарымен аяқталды.
...Өлең сөзді бағалайтын ақынсыз...
Сұлулыққа сыршылдыққа жақынсыз,
Әрқашанда рухыңыз өлмейді.
Сіз мәңгі бақи тірісіз!
Қатысушы ата – аналар қонақтардың қосылуымен «Ана туралы» ән шырқалып, ана рухына тағзым жасалды.
Тағылымы мол шараның мәнді де, мағыналы өтуіне сынып жетекшісі Айнұр Ибалдаева мен 10 сынып оқушысы Назым Серікбаеваның ізденістері мен ұйымдастырушылық қабілеттерін ерекше атап өткен орынды.
Сырғагүл Құдайбергенова,
ұстаз
Нағыман Әйтенов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
21 желтоқсан 2017 ж. 1 649 0