Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛЖАНДЫЛЫҚҚА БАУЛЫҒАН БАЙҚАУ

ЕЛЖАНДЫЛЫҚҚА БАУЛЫҒАН БАЙҚАУ


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында туған жердің қадір-қасиетін тануға, мақтан етуге ерекше басымдық берілген. Бұл ретте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын кеңінен насихаттау арқылы жастарды елжандылыққа, Отансүйгіштікке баулудың маңызы зор. Соған сәйкес, Тереңөзек кенті мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жас тілшілер мен фотосуретшілер байқауы өтті.
Кенттегі орта білім беретін білім ордаларының оқушылары арасында өткен байқауда қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезең «Тереңөзек – алтын бесік мекенім» тақырыбында эссе жазуға арналды. Оқушылар өз шығармаларына аудан тарихын, даму көрсеткіштерін және түрлі салалар бойынша ерекше еңбек сіңірген азаматтардың жетістіктерін арқау етті. Туған жерге деген перзенттік сезімдерін қағаз бетіне түсірген жас жеткіншектер соңғы жылдары ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарға ерекше басымдық берген. Ал, екінші кезеңде талапкерлер ауданның көрікті ғимараттарын, демалыс орындарын, тарихи-мәдени ескерткіштерін сурет арқылы таныстырды. Оқушылар «Сыр сұлуы» монументін, «Тағзым», «Парасат» алаңдарын, спорт кешендерін, ғасыр құрылысы атанған көпірді, сондай-ақ, өздері білім алатын мектептерін суретке түсірген.
Талапкерлердің аяқалысына кент мәдениет үйінің директоры Д.Бекмұрат, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» кеңесшісі Ж.Маханбетов, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі А.Ибрагимұлы баға берді. Байқау қорытындысында №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп оқушысы И.Жұматай І-орын иеленді. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы А.Сағатова ІІ-орын алса, ІІІ-орын Г.Сейдахметоваға бұйырды. Сондай-ақ, ерекше белсенділік танытқан Д.Әбиболлақызы Алғыс хатпен марапатталды. Жарыс жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар берілді.

«ТТ-ақпарат»
24 қараша 2017 ж. 1 732 0