Туған жерім – нұрлы елім
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы бойынша А.Тоқмағамбетов ауылдық №5 филиал кітапханасының ұйымдастырумен «Туған жерім - нұрлы елім» атты оқушылар арасында эссе жазу байқауы өтті. Шараға мектеп оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты.
Оқушыларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа бағыттаған шара негізінен туған жерге деген қөзқарасты жақсы жағынан қалыптастыру екені мәлім. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын негізгі қағидаттары туралы «Алтын діңгек - өзім туған босағам» атты кітапханашы Г.Қаражанова баяндама жасады. Жалпыұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасына тоқталып өтіп, келешекте ұлтымыз табысты болуы үшін әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті болу керектігін айтты. Сана-сезімі жоғары, білімді, сауатты азаматтар даярлау қажеттігін жеткізді. Ұлттық мәдениетті сақтап, жаңа заман жетістіктерін бойға сіңіре отырып, жалпы адамзаттық құндылықтармен рухани жаңғыру жолдарын тілге тиек етті.
Эссе жазу бауқауына қатысқан мектеп оқушылары Нұрай Бердібек, Әйгерім Омар, Тоқжан Рүстембектің шығармалары үздік деп танылып, жүлделі орындардан көрінді.
Шара барысында кітапхана оқырмандары Гүлдана Бақытбекова ақын Қасым Аманжоловтың «Болдым ғашық, туған дала», Гулмира Тұрсынбекова Фариза Оңғарсынованың «Туған ауылым» атты өлеңдерін жатқа оқыды. Сонымен қатар, «Туған өлке-тұнған тарих, шежіре» атты кітап көрмесі таныстырылды. Жас өнерпаздар әннен шашу шашып, зор қошеметке бөленді. Сондай-ақ, шараға белсене қатысқан оқырмандар мен оқушылар арнайы «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ