Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария аудандық сотының төрағасы таныстырылды

Сырдария аудандық сотының төрағасы таныстырылды

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив отырысы өткізілді. Актив отырысына Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Мөлдір Асанова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан активі қатысты.

Жиында ҚР Президентінің Жарлығымен Сырдария аудандық сотының төрағасы болып тағайындалған Бержанов Қайратбек Маханбетұлы таныстырылды. Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы М.Асанова аудандық сот төрағасының қызметтік жолын таныстырып, сәттілік тіледі.

Қайратбек Бержанов 1979 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 2001 жылы Сырдария аудандық сотының аға маман-сот отырысының хатшысы болып бастап, жетекші маман-сот отырысының хатшысы, бас маманы, кеңсе меңгерушісі қызметтерін атқарған. Әр жылдары Қызылорда облыстық соттар әкімшісінің орынбасары, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, Сырдария ауданы әкімдігінде жауапты қызметтерде болған және Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қызметтерін атқарған.
Актив отырысында аудан басшысы Қ.Бержановтың жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Әділдік орнаған елдің болашағы жарқын. Сот – ел сенімін ақтайтын, заң мен ар-ожданның биігінен табылуы тиіс билік тармағы» деп атап өткен болатын. Сот жүйесінің әрбір өкілі – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінуі тиіс. Қайратбек Маханбетұлы қызметін аудандық соттан бастап мансаптық өсу жолымен абыройлы қызмет атқаруда. Мемлекеттік қызмет саласында да жауапты қызметтерді атқарды. Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі, аудан әкімі аппаратында бөлім басшысы, аппарат басшысы болып, аудан дамуына үлкен үлес қосты. Мемлекеттік қызметтен кейін Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық сотында Заң үстемдігін қамтамасыз етсе, енді ауданымызға қайта келіп, аудандық сот төрағасы қызметін атқаратын болады. Жауапкершілігі мол қызметті үлкен абыроймен атқаруға тілектестік білдіреміз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, сот саласының ардагері Қалдыгүл Жаппасбаева сөз сөйлеп, құттықтау лебіздерін жеткізді.

Өз кезегінде аудандық сот төрағасы Қ.Бержанов сот төрелігі мен әділдікті қамтамасыз етуге аянбай қызмет ететініне сенім білдірді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
16 қазан 2025 ж. 41 0