Аудандық білім бөлімінің басшысы таныстырылды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Актив жиынына Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов арнайы қатысып, аудандық білім бөлімінің басшысы таныстырылды.
Облыстық білім басқармасының басшысы конкурстық негізде Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымына Жақып Еркебұлан Төлепбергенұлы тағайындалғанын атап, өмірбаянымен таныстырды. Ауданның білім саласын дамытуда нақты міндеттер тұрғанын жеткізіп, қызметіне сәттілік тіледі.
Аудан әкімі Е.Жақып аудан дамуына қызмет етіп жүрген азамат екеніне тоқталды.
– Еркебұлан Төлепбергенұлы бұған дейін аудандық мәслихаттың 3 шақырылым депутаты, 7 жыл аудандық мәслихат жанындағы «Аманат» партиясы фракцияның жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарып, аудан дамуына қызмет етті. Енді білім саласын дамытуға қызмет атқаратын болады. Білім – ауқымды, үлкен сала. Бұл салада тәжірибесі мол. Сондықтан бар күш-жігерін, жинаған тәжірибесін білім саласын дамытуға жұмсайды деп сенім білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Актив жиынында аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, ардагер ұстаз Гүлбар Әбілова, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов сөз сөйлеп, құттықтау лебіздерін жеткізді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі