Аудандық сот төрағасын жаңа қызметке құрметпен шығарып салды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергеновтың басқа қызметке ауысуына байланысты актив жиыны өтті.
Аудан басшысы Руслан Темірханұлының ауданның әділ сот төрелігін жүзеге асыру жолында табысты еңбек еткенін атап көрсетті.
– Руслан Темірханұлы, еңбек жолын 2003 жылы Сырдария аудандық сотының жетекші маманы, сот приставы қызметінен бастаған. Одан кейінгі уақытта Қызылорда облыстық сотының жетекші маманы, сот приставы, бас маманы, Қызылорда қалалық сотының кеңсе меңгерушісі, Атырау облысының Жылыой аудандық сотының судьясы қызметтерін атқарып, Заң үстемдігін қамтамасыз ете білді. 2020 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін Сырдария аудандық сотының төрағасы қызметін атқарып, әділдік пен кәсіби шеберліктің арқасында ауданның құқықтық жүйесінің дамуына зор үлес қосты. Ауданда сот әділдігін қамтамасыз етіп,заң бұзушылықтардың алдын алу, заң мен тәртіптің сақталуы жолында қызмет етті. Сот төрағасы ретінде сотқа жүгінуші әрбір тараптың құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін қорғай білді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы Руслан Алдамбергеновке ауданның ең жоғарғы марапаты – «Құрмет грамотасын» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Актив жиынында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және әріптесі Қалдыгүл Жаппасбаева жылы лебіздерін білдіріп, аудан көлемінде сот төрелігінің сапасын арттырудағы еңбегі үшін Руслан Темірханұлына ризашылықтарын жеткізді. Өз кезегінде Р.Алдамбергенов алғысын білдірді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі