Ұстаздардың ұстазы

Балтөре Қасымқызы – Түрікменстан мемлекетінің тумасы. Қызы 13 жасқа келгенде әкесі Қасым қазақ жеріне қоныс аударуды мақсат тұтып, маңғаз Маңғыстау облысына көшіп келеді. Жұмыс бабымен сол өңірге орныққан ол – жаңа қаланың тұрғызылуына атсалысқан.
– Тарихи Отанның қадірін әке-шешем Түрікменстанда жүргенде анық білді. Құрылыс саласында жұмыс істеген әкемнің Ақтау қаласына сіңірген еңбегі орасан. Көпбалалы отбасының тұңғышы ретінде иығыма үлкен жауапкершілік артылды. Өзімнен кейінгі бауырларыма қарайласып, сабақты жақсы оқуға машықтандым. Қызылордадағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шықтым. Кейіннен сол кездегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтынан қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі мамандығын меңгердім. Менің алғашқы еңбек жолымда Ақтау қаласындағы білім ошағында бастауыш сынып мұғалімі болып қабылдандым. Аудан орталығындағы №1 балабақшасында музыка жетекшісі ретінде 9 жыл қызмет қылдым, – дейді ардақты ұстаз.
Хәкім Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөзін өмірлік қағидасына айналдырған Балтөре Қасымқызы аға буынның салып кеткен жолымен жүруге тырысты. Ең алдымен, тәжірибелі басшы Еркін Әбіловтің артқан сенімін ақтауға барын салды. Себебі, кімге болсын алдыңғы орында бірінші жұмысқа қабылдаған басшының талабы мен қызметтегі әдіс-тәсілі есте қалады. Содан кейін 20 жыл бойы білім саласының майталманы Қайрақбай Нұрабаевтың ақыл-кеңесіне, біліктілігіне сүйенді.
– Менің әріптестерім педагогика саласында бірнеше кезеңдік реформаларға бейімделе білді. Біз 12 сыныптық білім бағдарламасын меңгеріп, шәкірт оқыта бастадық. Әрине, қай кезде де жаңашылдыққа икемделу – ұстаздың тікелей міндеті. Әрбір оқушы сенің айтқан сөзіңе, сабақ өту әдіс-тәсіліңе қарап отырады. Жыл өткен сайын заманауи үлгідегі сабақ беруге көшкен қазіргі педагогтің бір күні біздің кезімізбен салыстыруға келмейді. Ақпараттық технологияның ағыны қатты. Ғылыми жобаның, оқушы қолындағы кітаптың бағдарламалық деңгейі өзгеше. Бір мектепте әріптестеріммен бірге жүрген сәтімде кез келген баланың қабілетін байқап, оны дамытуға себепкер атандық. Мәселен, белгілі журналист Аманкелді Қияс, Гүлжан Ақмырзаева, Самат Жұмаділ, Ақыл Мықбаев, Әкімжан Беккулиев секілді шәкірттеріммен мақтанамын – дейді білім саласының ардагері.
Балтөре Қасымқызының Тереңөзекке келін болып түсуіне үйдегі отағасы – Серікбай ақсақал себеп болды. Қаржы саласының білгірі сүйген жары – Балтөрені 20 жасында үйіне келін етіп әкеледі. Міне содан бері 50 жыл отасып, алтын тойға екеуі бірге жетіп отыр. Анасының мұғалімдік жолын қызы – Айнұр Серікбаева қуып, оқушылар үйінде өлкетану бойынша жұмыс жасауда. Аяулы ана, бір әулеттің шамшырағы атанған Балтөре Қасымқызы мектеп директоры Ләззат Палымбетованың қолынан зейнетке шығу куәлігін алды. Бұл дегеніміз – Еркін Әбілов, Қайрақбай Нұрабаев пен Ләззат Палымбетова басшылық еткен жылдар аралығындағы қажырлы еңбектің, нәтижелі жұмыстың көрінісі.
Айта кетейік, Балтөре Мамаева ҚР білім беру министрлігінің Құрмет Грамотасымен, ҚР Білім беру ісінің үздігі төсбелгісімен марапатталған.
Балтабай
ОРДАБЕКОВ