Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шәкірттерін шыңға жетелеген ұстаз

Шәкірттерін шыңға жетелеген ұстаз

Ұстаз – ұлы тұлға. Шәкірт жүрегінен жол тауып, білгенін жан-тәнімен үйретіп, ағартушылық саланың сан қиындығына төтеп берген педагогтың қоғам алдындағы мәртебесі биік. Халық баласына хат танытып, сауатын ашқан ұлы мамандықтың еңбегі өлшеусіз. Бүгінде білімді, заман талабына сай жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұлағат иесі – Ботакөз­ ­Есжанова.

Білікті ұстаз 36 жылға жуық уақыт Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектепте табанды қызмет етіп келеді. Ботакөз Мұзафарқызы – Қызылорда қаласының тумасы. Бала күннен ұстаз болуды армандап, мақсат еткен жан мектеп бітірген жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институт­қа «Ұлт мектептерінде орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын «Алпамыс» бала­бақшасында тәрбиеші болып бастаған. Өз ісінің білікті маманы өмірлік серігі қалжанахундық Тұрар Қызылбаевпен отау құрып, сол ауыл­дағы мектепте орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасауда. Қызметімен қатар отбасын қатар алып жүрген отанасы жолдасымен бірге 3 бала тәрбиелеп, бүгінде немерелерінің сүйікті әжесі. Өмірлік жары қажырлы еңбек етіп жүрген шаруа адамы.

– Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек, соның бірі мамандық таңдау деп жатады ғой. Шүкір, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін ұстаздық жолды таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Мен мұны мақтанышпен айта аламын. Өйткені, өзімді басқа қызметте, басқа жерде елестете алмаймын. Ұстаздық жолды таңдауыма өзімнің алғашқы ұстазым Мария Васильевна­ның еңбегі зор. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген дана сөзін осынау еңбек жолымда естен шығарған емеспін. Балаға тәрбие мен білімді қа­тар үйрете жүріп, досындай сырласа білу, арман-мақсат­тарына жетуіне бағыт-бағдар бере алу, өмірден өз жолын адас­пай табуына ықпал жасау, адамгершіліктің адал жо­лын үлгі ете білу ұстаздың бас­ты жеңісі, – дейді ардақты ұстаз.

Білім беру саласында әрқашан ізде­нім­паздығымен, еңбек­қор­­лы­ғы­мен көз­ге тү­сіп жүр­­ген тәжі­ри­бесі то­лық­қан ұс­­таз­дың жет­­­кен же­тіс­­тік­тері де аз емес. Өз пә­нін жетік меңгерген Ботакөз апай аудан­дық, облыстық, республикалық марапаттың иегері атанып келеді. Сапалы білім берумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Аманат» пар­тия­сының «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен қатар «Методика преподавания русс­кого языка и литературы» атты авторлық бағ­дарлама шығарған. «Ұстаздан шәкірт озар», демекші оқушылары рес­публикалық жалпы пәндер бойынша олим­пиадаларға қатысып орыс тілі пәнінен жүлделі орындарға ие болып жүр. Абыройлы қызмет жолында тоғыз сыныпқа сынып жетекші болып, бүгінде шәкірттері жоғары қызметте жұмыс жасауда. Тіпті қазіргі таңда ұстаз жолын жалғаған шәкірттері өзі­мен бірге жұмыс жасайды.

– Ботакөз Мұзафарқызы мекте­біміздің абыройын асырып, әрқашан білімді ұрпақ дайындауда аянбай қызмет етіп келеді. Білім берумен қатар, мектепшілік іс-шараларға, тілдер апталығына белсене араласады. Әркез жас мамандарға талай жылғы тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Еңбек жолы жас ұстаздарға үлгі, – дейді мектеп директоры.

Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ
27 тамыз 2024 ж. 303 0