Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 75 газет

04 қазан 2025 ж.

№ 74 газет

30 қыркүйек 2025 ж.

№ 73 газет

27 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ұрпаққа – білім, ұлтқа – қызмет

Ұрпаққа – білім, ұлтқа – қызмет

Күлбарам Әбілқызы – нағыз ұстаз атына лайық жан. Әріптестері мен апайды алыс-жақын білетін аудан тұрғындары осылай дейді. Расында, өзіндік өрнегі, жеке қолтаңбасы бар ардақты ұстаз биязылығымен, әдемі қалпымен, ақыл-өнегесімен күні бүгінге дейін көпке үлгі болып жүр. Мектептегі талай шәкіртті тәрбиелеген ардақты жанның өмірлік миссиясы – айналасына үлгі болу ма дерсің.

Бүгінде жетпіс бес жасқа аяқ тіреген Күлбарам Әбілова – осы, өзіміздің Тереңөзек кентінің тумасы. Балалық балдәурен шағы осы өлкеде өткен ардақты жан сол бала күннен ұстаз болуды арман етеді. Құрбыларымен ойынға шықса да сабақ үйретуші ұстаздың рөлін жиі ойнайтын. Иә, арман адамды адас­тырмасы анық. Кейіпкеріміздің мектеп бітіре сала өзі оқыған №36 мектепке аға тәлімгер болып жұмысқа орналасуы үлкен өмірге асық бойжеткеннің елеулі еңбегін айқын аңғар­тады.

Кейіпкеріміз орыс мектебінде білім алған. Кейін 1968 жылы Қызылорда қаласындағы В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа қабылданған. Диплом алғаннан кейін өзі білім нәрімен сусындаған А.Жданов атындағы мектепке мұғалім болып келеді. Осылай киелі білім ордасынан қызметтік жолы басталған ұстазға ұстаздық еткендер бар. Ұлағатты ұстаз­дардан үйрене жүріп, өзі де сол кісілерге қарап бой түзеп өсіп-өркендейді. Тағдырдың сан салалы жолы қайда жетелері белгісіз. Кейін ол облыс орталығындағы В.Ленин атындағы мектепте қызмет етіп, тәжірибе жинаған. Одан кейін ауданға қайта оралып, орыс тілі пәнінің мұғалімі бола жүріп, №210 орта мектепте оқу ісі жөніндегі орынбасары, №6 балабақша меңгерушісі, аудандық білім бөлімінің инспекторы, бас маман, №137 мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарған. Осы жылдары жүздеген, тіпті мыңдаған шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, кейінгі буын ұстаздарға да бағыт-бағдар бергенін айтып өту орынды. Зейнет жылдары да қызметтен қол үзбеген ұстаз 2011 жылдан бастап – білім саласының ардагері.

Күлбарам апай «жасарымды жасадым» деп, зейнетке шығып қоғамнан қол үзуді құп көрмейді. «Адам қоғаммен құнды» деп, мектеп бітірген сәттен еңбекке араласқан ардақты жанның қол қусырып отыруы мүмкін де емес. Ардагерлік кезеңге аяқ басқанына он жылдан астам уақыт өткенімен, ардақты ұстаз қоғаммен, кейінгі буынмен әркез бірге. Ақылын айтып, өнеге болып, қоғамдағы келелі мәселелерге орай өзіндік пікірін білдіріп отырады. Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде әртүрлі мәселеге үн қосқан аяулы жан қазір аудандық білім қызметкерлерінің ардагерлер кеңесінің төрайымы ретінде ауқымды бастамалардың басы-қасынан табылады.

Қырық бес жыл, былай айтқанда, бір адамның ғұмырына тең уақыт. Ал саналы ғұмырын білім саласына арнаған Күлбарам Әбілқызы 45 жыл білім саласын гүлдендіруге өз үлесін қосты. Елеулі еңбек басшылық тараптан еленбей қалмады. Ардақты ұс­таздың кеу­десінде «Қызылорда об­лысының 70 жылдығы», «Сырдария ауданының 80 жылдығы», «Қорқыт ата атын­дағы университеттің 70 жылдығы» төсбелгілері жарқырайды. Бұл қатарға былтыр «Мәслихаттың 30 жылдығы» медалі қосылғанын айта кету мерей-мәртебе деп білеміз. Бұл есімі «Алтын кітапқа» енген ардақты ұстаз жетіс­тігінің бірсыпырасы ғана.

«Өмірдегі ең үлкен жетістігімнің бірі – отбасым» деп білетін ардақты ана бүгінде үлкен әулеттің ардақ­тысы, аяулы ана, ақылшы әже бо­лып отырған жайы бар. Биік белестерді бағындырып, ел-халыққа қызметін арнап жүрген төрт ұрпағынан тараған немере мен шөбере – бір қауым. Осындай берекелі отбасының ұйытқысы болып отырған жан биыл 75 жасты еңсеріп, сексеннің сеңгіріне қадам басады. Саналы ғұмырын салиқалы іске арнаған, біреуге білім жолында, біреуге өмірлік ұстаз болған жанға шынайы алғыс білдіру орынды деп ойлаймыз. Өмір жолы өнегелі істерге арналып келе жатқан аяулы ананың ақ жолы келешек ұрпақ үшін өнеге.

– Ұлағатты ұстаз атына лайықты еңбек ету – зіл батпан міндетті арқалаумен тең. Ұстаз ұрпаққа білім берсе, ұлтқа мәңгілік қызмет етеді. Жас ұрпақ жүрегіне жол тауып, олардың бойына ізгілік пен мейірімділік нұрын сеуіп, білімге құштарлығын арттыру өлшеусіз бейнетті қажет етеді. Бұған зор қажырлық пен төзімнің арқасында ғана қол жеткізе аласың. Бүгін заман жақсы, Аллаға шүкір. Заман адамымен жасасады. Ал сол түгел ұрпаққа тәлім беруші ұстаздар болса, оларға артылар жүктің жеңіл емес екені анық. Сондықтан жас ұстаздарға әркез ақыл-кеңесімізді беруге тырысамыз. Себебі ұстаз – ұлтты тәрбиелеуші адамзаттың асыл діңгегі, – дейді ардагер ұстаз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

04 қазан 2025 ж. 204 0