Ағартушылық саланың майталман маманы
Ауыл балаларына білім нәрін дарыта білген ардақты ұстаз Бақтияр Әбутәліпов талай шәкіртті үлкен өмірге қанат қақтырды. Қашанда білікті педагогтың ағартушылық саладағы жасаған еңбегі өлшеусіз. Шаған ауылындағы іргелі білім ошағында еңбек ететін ардақты азамат талай марғасқа жандардың тағылымын алып, халық баласын тәрбиелеуде. Біздің кейіпкеріміз үнемі ақжарқын мінезімен айналасына сыйлы екенін жақсы білеміз. Жаны ізгі педагогты шәкірттері әрқашан құрмет тұтады.
Негізінен, ұстаздың ағартушылық қызметтегі өзіндік орнының қалыптасуына екі тұлғаның бала оқытудағы қажыр-қайраты әсер еткен. Талай мәрте білімдіге дүние жарық екенін сезіне білген ел ағасы ұстаздарының ықпалы зор екенін тілге тиек етті.
– Ұстаз болу үшін алдымен адамға жол нұсқаушының бағыты, беретін тәлім-тәрбиесі үлкен әсер етеді. Менің ұстаздық жолды таңдауыма себеп болған бір-екі мысалды келтіргім келеді. Мен, 1990 жылға дейін спортпен айналыстым. Осы спортпен айналысуыма мектеп қабырғасында оқып жүргенімде марқұм Сақтапберген Ахметов ағайымның ықпалы зор болды. Ардақты аға Ақжарма ауылында еңбек пәнінен сабақ берген еді. Еңбекке тәрбиелей жүріп шәкірттерін спортқа үйретті. Соның ішінде күрестің самбо түрінен машықтандырды. Сақтапберген ағайдың арқасында беріге дейін спортпен шұғылдандым. Институт қабырғасында, Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенде де, самбодан жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Самбодан кандидаттық қорғадым. Сонымен қатар мектепте оқып жүргенімде Жақсылық Әбілдаев ағайым математикадан сабақ берді. Ол кісі сабақ берген кезінде бес қоймайтұғын. Неге бес қоймайсыз деген кезімізде: «Беске мен өзімде білмеймін» деп айтатын. Міне сол кісінің еңбегінің арқасында физика-математика факультетіне түстім. Осы жандардың табандылығы, білім мен біліктілігі арқасында ұлағатты ұстаз болып әлі күнге дейін еңбектің нанын жеп жүрміз, – деді ардақты ұстаз.
Өзінің білім саласында табанды еңбек ету жолындағы ерекше талапқа бағына білгені ұйымдастырушылық қабілетін көпшілікке айшықтай түседі. Күрделі саладағы жемісті жолы Бақтияр Әбутәліповтің тәжірибесін жыл өткен сайын толықтырып отырады.
– Ағартушылық қызметте қажырлы еңбек ете білгеніме дән ризамын. Маман тапшылығы орын алған кезде өзіміз жұмыс көзін талғамай, білім ошағының кез келген ісіне араласа алған едік. Әрине, ұстаздар қауымы мен әріптестермен бірлесіп, ауыл мектебінің жұмысын жолға қоя білдік. Қарапайымдылық қасиет арқылы көпшіліктің алғысына бөленіп, жұмысымызға ыждағаттылық таныта алдық. Әрбір адам өзіне жүктелген міндетті лайықты түрде атқара білсе, абыройы биігінде болары сөзсіз, – дейді ардақты ұстаз.
Бақтияр Аяғанұлының педагогика саласындағы еңбек жолы 1989 жылы Шаған ауылындағы білім ошағында басталған. Ол – 1999-2002 жылдары аудандық білім бөлімін басқарса, 2009-2014 жылдары Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішов атындағы мектептің жұмысын үйлестірді. Ал 2014-2017 жылдары Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейге жетекшілік етті. Бүгінде осы білім ошағында ұстаздық ретінде қажыр-қайратын танытуда.
– Бәкеңмен бірнеше жыл бойы табанды қызмет етіп келеміз. Оның байсалды мінезі, қарым-қабілеті ерекше. Үнемі үлкенді де, жасты да құрмет тұтып, әрбір істе ақылдасып отырады. Физика-математика пәніне сабақ бере жүріп, балаларды үлкен өмірге дайындайды. Олардан ақыл-кеңесін аямайды. Бақтияр – достыққа берік адам. Ол – тас қора қорған соқпайтын, оны дос-жорасы қоршап жүретін кеңпейіл азамат. Жан-жақты, сегіз қырлы қасиетімен танылған аяулы әріптес. Осы ұжымда өнімді еңбек етіп, жалпы білім беретін мектептен мектеп-лицей деңгейіне көтерілуіне тікелей үлес қосқан басшы саналады. Білімнің шамшырағы атанған ардақты азаматтың жұмысына зор табыс тілеймін, – деді әріптесі Мағрипа Есжанова.
Әр жылдары жоғарғы марапаттарға қол жеткізген ардақты ұстаз келесі жылы зейнеттік демалысқа шығатыны мәлім. Сондықтан білім саласының майталманының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
Пікір 1