Ерен еңбек құрметке бөлеген

№130 Абай атындағы орта мектептің 1994 жылы мектеп бітірген түлектері редакцияға арнайы хабарласып, сынып жетекшілері Татьяна Жолдасқызының биылғы белесі, 70 жас мерейтойына арнап ауқымды іс-шара өткізуді жоспарлап отырғанын айтқанда көңілім ерекше тебіреніп кетті. Неге десеңіз, ұстазға құрмет – шәкірттің парызы болса, зор құрметке ие болу – ұстаздың ұлылығы. Ендеше жетпістің желкенін керіп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу ісіне арнаған ұстаз-ана туралы қалам тербемекпіз.
Татьяна Аймұратова – сонау батыс өңірі, Атырау қаласының тумасы. Туған өлкесіндегі орыс мектебін бітіргеннен кейін арман қуып Алматыға бет алады. Қыздар педагогикалық институтында білім алып, қоғамдық өмірге белсене араласады. Жастық жалын, ерік-жігерін білімге, тәлім алуға арнайды. Оқуды үздікке бітіргеннен кейін тағдыры Алаштың анасы атанған Сыр еліне айдап, алғашқы еңбек жолы Қызылорда қаласындағы №15 балабақшадан басталады. Бірнеше жылды араға салып Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектепке жұмысқа орналасады. Татьяна апайдың үлкен өмір белесі, ғұмырындағы ерекше кезеңдері осы ауылмен тығыз байланысты деуге негіз бар.
Ардақты ұстаздың негізгі бағыты – орыс тілі пәні. Ауылдың қарадомалақтарына өзге тілді үйретіп, талай буынның үлкен ортаға қысылмай шығуына жәрдем еткен. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұстаныммен бала тәрбиесіне үлес қосқан ардақты ұстаздың шәкірттері алдында да, әріптестері алдында да беделі биік, орны ерек. Жалпы мектептің, пәннің деңгейі облыстық, республикалық олимпиадалар мен ұлттық бірыңғай тестілеуден көрінетін болса, ардақты ұстаздың ерен еңбегі ақталғанын тілге тиек ету орынды. Атап айтар болсақ, сол кездің өзінде ауыл балаларын орыс тілі пәніне тереңдете оқытып, оқушыларын облыстық, қала берді, республикалық кезеңге шығарған. Ұстаз сенімін ақтаған оқушылар да шешуші сәтте жоғары марапаттан көрініп, мерейді үстем еткендері және бар. Осындай жетістіктерге жеткен ұстаз сол кездері аудан мұғалімдеріне үлгілі сабақ көрсетіп, семинар өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісетін. Осылай ортасына сыйлы, құрметті, өзіндік жолын қалыптастыруы көпке үлгі.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, ардақты ұстаздың әр жылдары тәрбиелеген шәкірттері бүгінгі таңда үмітті ақтап, маңызды салаларда қызмет етуде. Түрлі қалада, түрлі тарапта жүрген шәкірттер ұстаз мерейін асырып, ауылға атбасын бұрған шақта арнайы сәлем беріп тұрады. «Бұдан асқан мерей, мәртебе жоқ» дейді аяулы ұстаз.
– Ұстаздан озған шәкірт тәрбиелесе – мұғалімнің қызметтік міндеті толық орындалғаны. Ұлы жолды өмірлік серік еткеннен кейін қызметімді жан-тәніммен беріле істедім. Әр оқушыны өз баламдай көрдім. Алдыңа келген білім іздеушіге білгеніңді үйрету бір бөлек те, оның жан-дүниесімен сырласа білу бөлек әңгіме. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде елеулі еңбек етіп жүрген шәкірттеріммен мақтанамын. Олардың тілеуін өз балаларымнан кем тілемеймін. Жетістіктеріне қуанып, жаңалықтарынан хабардар болып отырамын. Анасындай ардақтап, арнайы сәлем бере келетін жаныма жақын шәкірттерім көп. Содайда «бейнеттің зейнетін көру деген осы болар» деген ойға қаламын. Бәріне ризамын, елімізде аманшылық, жақсы заман болсын, – дейді ақ тілегін арнаған ардақты ұстаз.
– Татьяна апайдың сабағын бәріміз сүйіп оқыдық. Пәнді емес-ау, жүрегі жылы, жүзі мейірімге толы ұстазға елітіп тұратын едік. Апай нағыз психолог, нағыз педагогтың үлгісі бола білді. Әлі күнге аяулы ұстазымыздың ақылын сұрап отырамыз. Біздің барлығымызды өз баласындай көрді, анамыздай қамқор болды. Әрдайым «оқуда озат, досқа адал болыңдар» дегенді тәрбие бастауы етті. Сондай-ақ өтірік сөзден аулақ болуды санамызға сіңірді. Бүгінде жетпістің желкенін керіп, мерейлі төрге абыроймен озған ұстазымызға қарыздармыз, – дейді ұлағатты ұстаздың түлектері пікір білдіріп.

Айтпақшы, апайдың келін болып түскен әулеті – кие қонып, бақ дарыған жандардың ортасы. Ауданға қарасты Ақжарма ауылында сонау 1860 жылы дүниеге келген Садық ахун Қодарұлы деген кісі болған. Өзі діни қайраткер әрі тәуіп, емшілігімен Сыр бойында есімі қалған. Мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелеген сәулелі кісі болғаны жергілікті халыққа етене белгілі. Осы Садық ахунның немересі Бектұрған ағай – біздің бүгінгі кейіпкеріміз Татьяна апайдың өмірлік жолдасы. Ағайдың әкесі Тәждин деген кісі – ол да заманында емшілігімен, сәуегейлігімен белгілі болған жан. «Қанмен дарыған қасиет сүйекке сіңеді» деген бар. Бүгінде Бектұрған ағай өмірден өтіп кетті. Ал ардақты жандардың ізін жалғаған ұл-қыздары бүгінде осы, адам жанына арашашы саланы өмірлік кәсіп еткен. Берекелі отбасының үлкен ұлы Жандос – «Алтын қол» аталымын алған белгілі дәрігер. Қыздың үлкені Дана – Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Ал Елана болса Ғылыми-зерттеу лабораториясының басшысы лауазымын абыроймен атқарып жүр. Индира – Шығыс медицина дәрігері, инемен көпшіліктің еміне шипа дарытады. Үйдің кенжесі Дінмұхамед – онко-уролог дәрігер, «Медитерра» орталығының директоры.
Татьяна Жолдасқызының үлкен жетістігі – өнегелі ұрпақ жалғастыруы, ел болашағын тәрбиелеуге үлес қосуы болса, қызметтегі жетістігі басшылық тарапынан да елеусіз қалмады. Атап айтар болсақ, ардақты ұстаз 2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың арнайы Алғыс хатына ие болса, сонау 1990 жылы-ақ Қазақ ССР Халыққа білім беру министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталған. Бұл ұстаздар қауымы үшін марапаттың ең биік шыңы десек, қателеспейміз. Аталған марапаттар апайдың елеулі еңбегіне берілген жоғары баға. Бұдан бөлек аудан, облыс көлеміндегі марапаттары да жетерлік.
Қай қырынан алсақ та үлгі-өнеге етуге тұрарлық ұстаз Татьяна Жолдасқызы мерейлі жетпіс жасқа зор абыроймен, асқақ беделмен жетіп отыр деп нық айта аламыз. Ақын жүрек өзі шабыт алған тұлғаға өлең жазбай тыншымайтыны бар. Бірде мұғалімдердің семинарында апайға риза болған шәкірті, марқұм Бағдат Есназар ағай:
Мақсатына жетер ме ізденбеген,
Өмір нұрлы шуақты жүздерменен.
Жол салған әр шәкірттің жүрегіне,
Ұстаздықтың бақытын Сізден көрем, деп бастап жылы лебізге толы бірнеше шумақ өлеңін арнапты. Көне суреттің келесі бетіне ақын-ұстаздың өз қолтаңбасымен жазылған жыр жолдары әлі күнге апайдың құжаттарының арасында сақтаулы тұр. Расында абзал ана, ардақты ұстаз Татьяна Жолдасқызы – өмірлік кәсібінен өз бақытын тапқан, жетпістің желкенін керіп, бүгінде ұрпағына саялы бәйтеректей болып отырған аяулы жан. Үлкен-кішіге үлгі-өнеге көрсетіп отырған ғибратты ғұмыр иесінің мерейлі тойына біз де тілектеспіз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ