Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласының білгірі

Білім саласының білгірі

Халқымыз «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» дейді. сол дүниені жарық етіп, баланың шамшырағын жағатын ол – ұлағатты ұстаз. Мұғалім – әрбір жанды темірқазықтай жетелеп, нұрлы шырақ жаққандай тура жол сілтейтін тұлға. Сондықтан бұл фәниде мұғалімнің алдын көрмеген, ұлағатты ұстаздан тәлім алмаған жан жоқ шығар, сірә?! Шәкірттерінің жүрегінен жол тауып, бар ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан сондай шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Күлбарам Әбілова.

Күлбарам десек көпшілігі біле бермес. Ол кісіні аудан жұртшылығы Гүлбар Әбілова деп таниды. Білім саласының білгірі, ұлағатты ардагер ұстаз, тә­жірибелі білім қызметкері өзінің саналы ғұмырында ауданның білім саласымен жасасып келеді. Сонау балғын шағынан бастап ұстаздық қызметті армандап, сол жолда еселі еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде алдына жан салмаған ардақты жандардың бірі осы Күлбарам Әбілова.

Өткен ғасырдың орта шенінде Те­реңөзек ауданында дүние дидарын ашқан жан он жылдық мектепті №36 Жданов атындағы орта мектепте оқыған. Ұлағатты ұстаздардан тағылымды тәр­бие алып, болашақ бағыт-бағдарын ай­қындаған жас мектеп бітірген 1967 жылы өзінің мектебінде аға тәлімгер болып бір жыл еңбек етеді. Ал содан кейінгі жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсіп, «Филология» факультетінде жоғары білім алған. Ұлы мамандық иесі болу үшін білімді, ізденімпаз болу керектігін білетін студент жоғары оқу орнында жү­ріп мерейлі мамандықтың қыр-сырына қанығады. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде қолына диплом алып, өзі оқыған мектепке жас ұстаз ретінде келеді.

К.Әбілова алғашқы еңбек жолы бас­талған Жданов атындағы №36 мектепте бір жылға жуық бала оқытады. Содан кейін Қызылорда қаласындағы мек­теп­тердің бірінде еңбек жолын жал­ғайды.

– Қызылорда қаласындағы білім оша­ғындағы сабақ берген сәттер мен үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. Бас­хожин деген қатал директор болды. Сағатым аз болса да күні бойы мектеп қа­бырғасында жүремін. Мектепке бір са­ғат бұрын барып алсам да директор «Ұс­таз деген екі сағат бұрын ерте келу керек» дейтін. Ол кезде қазіргідей бар­лығы дайын тұрған жоқ. Оқушыларға сабақ беру үшін көрнекіліктерді қолмен дайындап апарасың. Плакаттарға қолмен жазып, сол арқылы сабақты түсіндіресің. Міне, сондай кезеңдерде білім беру ісіне ысылып, тәжірибе жинақтадым. Сол тәжиребе өміріме азық болды, бала оқы­туда мерейімді өсірді, – дейді білім сала­сының білгірі.

Облыс орталығында үш жылға жуық еңбек еткен жас маман 1975 жылдан ауданға келіп, №210 О.Әбілпаттаев атын­дағы орта мектепте балаларға са­бақ берді. Осы мектепте Күлбарам Әбі­лова он жылдан аса ұстаздық етіп, оқу­шы­лардың орыс тіліне деген ынтасын ашты. Әуелгіде мұғалім болса, соңғы бесжылдығында оқу меңгерушісі, яғни мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. «Ол кезеңдерде мектеп директорының бір ғана орынбасары болатын. Сол орынбасар оқушылардың білім деңгейі, тәлімі, тәрбиесіне жауапты болатын» дейді сол кезеңдерді еске алған ардагер ұстаз.

Білім саласының тәжірибелі маманына айналған ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін білетін бас­шылық оған зор жауапкершілік артады. Орта мектепте оқушылардың оқу-тәр­биес­іне жауапты болған білікті кадр­ды №6 балабақшаға меңгеруші етіп тағайын­дайды. Мектепке дейінгі білім беру ұйы­м­ының жұмысы да білген адамға оңай емес. Әрбір үйдің еркесін білімнің ал­ғашқы баспалдағынан өткізу ісінде де К.Әбілова өзінің іскерлігін көрсете білді. Балабақшаның «Ботагөз» деп аталуына атсалысты, бүлдіршіндердің тағылымды тәрбие алуы­­на еңбек сіңірді.

– Біз – білім саласының сарбазымыз. Басты міндетіміз – жас ұрпақты сапалы біліммен қамту. Осы жолда қай бағытқа жұмсаса, сонда барып еңбек еттік. Еге­мендік алған жылдары аудандық білім бөлімінде әдіскер, бас маман қызметтерін атқарып, ауданның білім саласының дамуына қызмет жасадық. Ол кезеңдерде мектептепдің материалдық-техникалық базалары енді жаңартыла бастады. Сондай шақта аудандағы білім ошақтарының мүддесі жолында аянып қалғанымыз жоқ, – дейді ардагер ұстаз Күлбарам Әбілова.

Тәжірибелі білім қызметкері аудандық білім бөлімінде он жыл қызмет етіп, басшылықтың ұйғарымымен Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектепке директор болып тағайындалады. Білім саласында жинаған барлық тәжірибесін көрсететін уақыт келіп, директор ретінде мектептің білім сапасының көтерілуіне айрықша еңбек етеді. Ауызбірлігі мол ұжыммен біте қайнасып, оқушылардың білім бәсекесінде биіктерден көрінуіне тынымсыз қызмет жасайды. Әсіресе, мектеп директоры болып тағайындалған уақытта талапкерлер үшін ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі енгізілді. Сол сынақтардан мектеп бітірушілердің сү­рінбеуі үшін еш аянып қалмады. Тіпті, 2003-2004 оқу жылында мектеп бітірген түлектер 100 пайыз ҰБТ-ға қатысып, жоғары көрсеткішке ие болды. Сол үшін Күлбарам Әбілова облыс орталығында арнайы марапат тұғырынан да көрінген.

– Мектепке директор болып бар­ға­нымда материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттілігін байқадым. Ол кезде білім қабырғасында компьютер жоқ еді. Содан сұраныс беріп алғашқы 4 компьютерге қол жеткіздік. Одан ке­йін­гі уақытта компьютер сыныбын жа­сақтадық. Сөйтіп, оқушылардың білім алуына мол мүмкіндіктер ашылды. Тағы бір айта кететін дүние, сол кезеңде Алматыдағы арнайы мамандардың кө­мегімен «Домбыра» сыныбын ашу мүм­­кіндігі туды. Олар бізді қажетті құрал­дармен қамтыды. Біз арнайы бір сыныпқа домбыра үйретуді қолға алып, алғашқы сыныптан бастап олар қос ішекті аспапты меңгере бастады. Аталған сынып мектеп бітіргенше домбыраны меңгеріп, іс-шараларда оркестр секілді өнер көр­сетіп жүрді. Қазіргі таңда сондай сыныптарды мектептерге енгізуді Мемлекет басшысы да арнайы айтты. «Домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажет. Ұлттық құндылықтарымызды жас­тарымыздың санасына сіңіріп, насихаттау өте маңызды» деген Президен­тіміздің сөзі өте құптарлық деп санаймын, – дейді тәжірибесі мол сала ардагері.

Қырық жылдан аса білім саласында еселі еңбек еткен К.Әбілова 2009 жылы құрметті зейнет демалысына шықты. Зейнет демалысына шықса да білікті кадр­ды аудандық «Оқушылар үйінің» директоры етіп тағайындайды. Бұл тәжірибелі маманның қай кезде де орны бөлек еке­нін аңғартады.

Ұлағатты ұстаздың саладағы қажыр­лы еңбегі елеусіз қалған емес. Күлбарам Әбілова «ҚР-ның білім беру ісінің үздігі», «Қызылорда облысының 70 жылығы», «Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің 70 жыл­дығы», «Сырдария ауданының 80, 90 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ білім бас­қармаларының «Құрмет грамотасын», облыс, аудан әкімдерінің «Ал­ғыс хатын» иеленген.

Бүгінгі таңда ардагер ұстаз ауданның қоғамдық іс-шараларынан қалыс қалмай, өзіндік үлес қосып келеді. Аудандық қо­ғамдық кеңес мүшесі ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуда. Одан бөлек, аудандық білім қызметкерлері ардагерлер ұйымының төрайымы ретінде ардагер ұстаздардың қоғаммен біте қайнасуына еңбек етіп жүр.

Мерейі үстем құрметті жан ардақты ана ретінде марқұм жолдасы Серік Кәрі­баевпен бірге 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп отыр. Бүгін­де не­мерелерінің алды ұлағатты ұстаз жолын қуып, мерейлі мамандық иесі атан­ған.

– Ұстаз – мектептің жүрегі. Ұла­ғатты жандардан әрбір бала үлгі алады. Сондықтан әрбір ұстаз өзінің жүріс-тұрысына аса мән беруі керек. Біздің кезімізде оқушылар ұстаздарға зор құр­мет көрсететін. Тиісінше, ұстаздар да үлгі бола білді. Тіпті, көшеде жүргенде шемішке шақпай, басқа да жат әдеттерді көрсетпейтін. Менің бір оқушым болды. Өзі сабақты жақсы оқыды. Сол оқушымды мектеп бітіргеннен кейінгі біраз жылдан соң облыс орталығында кездестіріп қалдым. Шылым тартып келе жатыр екен, мені көрісімен қолын арқа тұсына жасырып, шылым тартатынын көрсеткісі келмеді. Мұның өзі ұстазға деген ерекше құрмет. Сол себепті де бүгінгі ұстаздар зор жауапкершілікті сезініп, оқушы­лар­дың шамшырағын жаға білуі тиіс. Сонда ғана ұстаз деген мерейлі атаққа лайық болып, шәкіртерінің алдында абыройы артады, – дейді білім саласының білгірі.

Ердос БЕРКІНБАЕВ

31 тамыз 2021 ж. 295 0