Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы «Қызылорда арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылыс барысын көрді

Аймақ басшысы «Қызылорда арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылыс барысын көрді

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылыс барысын көрді. Жобаның бас мердігері «Aspan holding», бас жобалаушысы «Жоба», техникалық қадағалаушысы «Строй-Проф» серіктестіктері. Ғимарат 2252 көрерменге арналған, 9 блоктан тұрады. Онда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, 150 орындық конференц-зал қарастырылған. Кешен құрылысын 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Өңірде салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың спорт инфрақұрылымына қолжетімділігі жыл өткен сайын артып келеді. Жаңадан салынған спорт кешендерінде, спорт және ойын алаңдарында, жаяу және веложүргіншілерге арналған жолдарда дене шынықтыратын, күнделікті жаттығу жасайтын, жүгіретін және велосипедпен серуендейтіндер көбейген.


Айта кетейік, 4 қазан күні сол жағалауда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион ашылды. Спорт нысаны УЕФА талаптарына сай, материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған. Жаңа ғимараттың жалпы аумағы 20 мың шаршы метр, жасыл алаңнан бөлек, бокс, күрестің үш түрінің, атап айтқанда, дзюдо, грек-рим, еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таеквондо және ауыр атлетика залдары қамтылған. Спорт залдары келушілерге жыл он екі ай сапалы қызмет етеді.

Ойыншыларға қолайсыздық тудырмау үшін футбол алаңының астыңғы қабатына жылу желісі жүргізілген. Жасанды көгалдың астына 2 см болатын шокпад (shockpad) амортизациялық төсемі қапталды. Бұл технология «Astana Arena» және «Kaysar Arena» стадиондарына ғана енгізілген. Барлық талапқа сай келетіндіктен, халықаралық дәрежедегі ауқымды ойындарды өткізуге толық мүмкіндік бар.


Өңірде спортты дамытуда ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соңғы үш жылда 20 спорт кешені ашылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде тағы 6 спорт кешені салынып, пайдалануға беріледі.


«Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2 млрд. 900 млн. теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Биыл қордың қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері салынып, салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар игілігіне айналды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
23 қазан 2025 ж. 217 0