Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 67 газет

06 қыркүйек 2025 ж.

№ 66 газет

03 қыркүйек 2025 ж.

№ 65 газет

30 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » «Жыртыл, қазақ, жыртылдан» арылатын кез әлдеқашан жетті

«Жыртыл, қазақ, жыртылдан» арылатын кез әлдеқашан жетті

Қазіргі таңда нарықтық қатынастар өмірімізге терең еніп, тіршілік тауқыметін үсті-үстіне үйіп-төгіп жатқан сыңайлы. Қымбатшылық қысып, баға күннен-күнге шарықтап, жұмыссыздық жағадан алып, әйтеуір ен байлықтың ортасында отырған қазақтың күйі алаңдатарлық. Бірақ соған қарамастан қайран қазағым бейқамдықтан, даңғазалық пен кеудемсоқтықтан айылын жияр емес. Бұған нақты мысалдар жетіп-артылады.

Ауылдан келген ағайым біртүрлі жабырқау амандасты. Әшейінде арсалаңдап, хал-ахуал сұрасып, жайдары жүретін ағамыздың өңі бозарып кетіпті. Әлденеге қатты қамыққан, қалың ой құшағындағы ағамыздың тосын қылығы таңырқатты. Соны сезгендей, ол өзі әңгіме бастады.

– Әй, інім-ай? «Мына ағама не болған» деп тұрсың-ау. Мына бала дегенің табан астында тығырыққа тіреді ғой. «Қатарымнан қалмаймын» деп байбалам салған соң мейрамханаға той жасап, сабылдық. «Даңғарадай үй тұрғанда мейрамхананың қажеті не?» деп қақсағанымызға құлақ аспады. Енді мына екінші балам жаңа автокөлік сатып алып, бір шығындалып едік. Тезірек кеткісі келді ме, «бөлек шығамын, еншімді бер» деп ол отыр. Сөйтіп банкке несиеге кіріп, қарызға белшеден батып отырмыз ғой, – деді.

Иә, қазағымның аңқаулығы әлі де қалмай келеді. Баяғыда бір аңғал қазағым базарға барып, бір-екі тұяқ малын сатып, қалтасын қампайтқан ғой. Сөйтіп базардағы өзбекке келіп сауда жасайды. Ананы-мынаны, оны-мұны әйтеуір ала береді. Ашуы келген өзбек саудагер «жыртыл, қазақ, жыртыл» деген ғой. Сөйтсе аңқау қазағым «ай, өзбек, өз ағамсың-ау, жыртылыңнан да бере сал» деген екен.

Сондай-ақ ертеңгі күнді бұрынғылар айтқандай «үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» демекші, даңғазалыққа берілген ағайын көбейіп барады. Ас-құдайыға, тойға бар ақшасын беріп, ертеңіне нан ала алмай қалған отбасыларды естіп те, көріп те жүрміз. Тіпті үйлену тойында беташарға ақша салу деген бәсекеге айналды. Кіп-кішкентай бүлдіршін ұл-қыздар әке-шешелерінен ақша алып, жарыса беташарға салып жатқанын көргенде қатты қамығасың. «Бұл балалар ақшаның қадірін осы кезден білмей, оны шашуға бейімделіп бара жатқан жоқ па?» деп бір сәт ойланбағанымыз қалай?

Бұл бұл ма, қазіргі кезде мектеп бітіріп жатырған ұлдарына автокөлік, қыздарына қымбат киімдер не қаладан пәтер алып беріп жатқандар мұны үрдіс қылып алған сияқты. Бұл нағыз даңғазалық пен кеудемсоқтықтың, ас­там­шылықтың көрінісі емес пе? Оқу орындарын бітіріп, еңбек етіп, әке-шешесін асырауға тиіс ұл-қыздар дайын асқа еге болып, осылай тәрбиеленсе, өзімшіл болып кетпей ме? Күні ертең әке-шешесіне, ағайынға қарамайтын қатыгез болып өспей ме?

Сонау бір шақта дағдарыс, тоқырау, қайта құру, жекешелендіру секілді ауыр кезеңдерді бастан өткергенде айлап, жылдап ақша ұстап көрмеген уақыттары қайран қазағым есін бір жиғандай еді. Енді тағы да елірмелікке, бәсекеге салынып бара жатқандаймыз. Ең сорақысы сол. Осы әдетіміз балаларымыздың санасына сіңіп бара жатқанын аңғармайтынымыз қалай?

Қаржылық сауаттылықты үйрену, ұл-қызды үнем мен ұқыптылыққа баулу әр қазақ отбасына ауадай қажет. Өйтпейінше шашылған қазақ қатары көбейе түсері хақ. Жуырда ғана Үкімет әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге араласпайтынын ашық айтты. Яғни күнделікті тұтынатын азық-түліктер, көкөніс-бақша, жеміс-жидек бағалары тұрақтамауы, үнемі қымбаттауы мүмкін. Сонда өз-өзіне «тойшыл қазақ» деп айдар тағып, мақтанып жүретін қайран қазағым тақырға отырып қалмай ма? «Тойшыл» емес, ойшыл болайық, ағайын!

Қысқасы, қазағымның қас жауы болып тұрған бейқамдықтан, даң­ғазалық пен кеудемсоқтықтан, бекерге мал шашпақтан тез арада арылуымыз керек. Нарықтық қатынастар заманы той-тойлауды емес, еңбек еткенді, ізденісті, күндіз-түні ойланып, толғанып батыл қадам жасауды қажет етеді. Бір сөзбен айтқанда, «жыртыл, қазақ, жыртылдан» арылатын кез жетіп, тіпті өтіп бара жатыр.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
ардагер-журналист
Фото: Ашық дереккөзден

06 қыркүйек 2025 ж. 199 0