ЕЛУ МЫҢ ТЕҢГЕНІҢ КӨЛІГІ
Қазір қатардан қалып жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір, жұмыс істегеннің өзек жалғайтын тістегені, үстіне ілері бар. Сондықтан әркім қал-қадірінше тұрмыс кешіп жатыр. Соған қарап, мына қатардағы шаруа да, мұғалім де, полицей де, сот та бірдей еңбек етіп, бәрі істегеніне лайық жалақы алады, бәрі ұқсас тіршілік кешеді-ау дейсіз. Әрине, мемлекет әр жеке адамның бақуатты тұру мақсатын көздеп отырған соң қолдағы шаруаны дөңгелетіп әкетіп, шалқып-тасып өмір сүруге кім ұмтылмайды?
Бүгінде көшедегі әрбір үшінші үйде автокөлік бар. Тіпті, әр баласына бір көлік мінгізген ата-ана да жетерлік арамызда. Осы қу дүниеге қызығып жүрген менің нағашым бұрыннан көлік тізгіндеуді армандаған еді. Әкесі де бұл баласының арманын орындауда көп еңбек етті. Әйтеуір, күндердің бір күнінде арзан бір машинаның барын әріптесінен естіп, қолына бар жинағанын алды да айтқан мекен-жайға тартты. Нағашымның жүрегі қатты соғып, қуанып жүр. Көлік иесімен келісті де, небәрі елу мың теңгеге тәуір автокөлікті алды. Осыншама арзан бағаға бергеніне әкесі таң қалды. «Мүмкін қажымай еңбек еткесін Құдайдың қарасқаны болар», – деді ішінен. Бірақ сонда да жаны тыныштық таппады.
Күндер өте берді. Нағашым дән риза. Астындағы темір тұлпарымен күндіз такси болса, кешкісін арлы-берлі достарын мінгізіп, көшеде қыдырады. Бір күні бар таныстарын үйлеріне жеткізіп, көлік ішінде жалғыз келе жатты. Кенеттен артқы жақтан бейтаныс қыздардың әңгімелесіп, күлгендері естілді. Көлікті тоқтатып, жақынырақ естейін дей бергені сол-ақ екен алдындағы айнаға көзі түсіп, артта бірнеше қыздың елес бейнесін көреді. Жанұшырып, тіпті аузына бір ауыз сөз түспей қалды. Бойын үрей билеп, үйіне қалай жеткенін білмеді. Ол осы түннен кейін ұйықтай алмады. Әкесіне айтайын десе, көліктен айырылғысы келмейді. Бірақ, әлгі дауыстар мен бейнелер көз алдынан кетер емес.
Бірнеше күннен кейін тағы түнемелік көлік ішінде жалғыз қалды. Қыздар бұл жолы әлгі айнаға қарап, тіл қатты да нағашымның мойнынан қысып, буындыра кетіпті. Әрі-бері арпалысып, әрең дегенде шыққан. Көліктен атып шығады. Артқы есікті ашса, ешкім жоқ. Не істерін білмейді? Абырой болғанда сол арада танысы кездесіп, үй маңына екеуі бірге жетеді.
Содан бері нағашым көлікте жалғыз қалмауға тырысатын. Үнемі бұл оқиға қайталана берді. Әкесіне болған жағдайды баяндауға бекініп, бар оқиғаны айтты. Көңілінде бір күдігі қалған әкесі бірден көлікті қайтаруды жөн санайды.
Таңертең нағашым әкесімен бірге әлгі мекен-жайға барып еді, автокөлікті сатқан адамның өмірден өткенін естіді. Үйінің жанындағы көршісі нағашымның қасына келіп:
– Бұл көліктің иесі менің көршім. Осы көліктің салдарынан өмірден озды. Ішіндегі беймәлім елес қыздар келіп мазасыздандырған көрінеді. Сатып жібергенімен сол бейнелер артынан қалмай, өзіне қол жұмсауға дейін апарды. Осыдан бірнеше күн бұрын үйінде оның мәйітін таптық. Мына көліктің көзін жоймасаңдар сендерді де опат қылары сөзсіз», – деді де кете барды.
Нағашым әкесімен бірге бір әулие атанған кісіге барып, көлікте қандай оқиға болғанын білмекке бекінді. Сөйтсе, бұл машинаның ішінде бірнеше бөтен ұлттың қызы зорланып, кейін оларды осы жерде өлтіргенін естіді. Жандары жай таппаған қыздар көлікке мінген әрбір ер адамның көзіне көрініп, солардан «кегімізді қайтарамыз» деп бекінген екен. Бұл тылсым дүние ешқашан кетпейді. Тек әлгі қыздардың жандары тынышталғанда тоқтайтынын айтыпты.
Кейіннен әлгі көлік сатылып кетті. Алған иесіне де болған жайт тағы қайталаныпты. Одан кейінгісі белгісіз...
Майя ҚОЖАБАЙ