Арманы асқақ азамат еді...
Мына дүниенің жалғандығын өзіңе жақын адамнан айрылғанда айқын сезінеді екенсің. Дәл осындай сезімді алғаш рет асыл да ардақты, мейірбанды адал жарым Розаның бақилыққа аттанғанында бастан кешіріп едім. Міне, енді дәл осындай сезім еңсемді езгілеп, тағы да тұла бойымды шымырлатып, түпсіз тұңғиығына тартып бара жатқандай әсерде отырмын. Өзіме жақын туғанымдай болып кеткен қарапайым да бауырмал, маңғаз да мәрт, елгезек те еңбеккеш асыл інім Расулдың ойламаған жерден қырықтың қырқасына шыққанда өмірден озғаны қабырғама аяздай батып, көңілімді босатып, көзіме жас үйірді.
Көшеде көре қалса, арсалаңдап келіп құшақтасып, хал-ахуалымды сұрайтын. Өзінің қандай шаруа-тірліктермен айналысып жатқанын айтып, қуанышы мен ренішін жасырмайтын. Мені өзіне жақын аға санап, барлық сырын ақтаратын. Оның себебі де жоқ емес. Туған анасы Бақытгүлдің маған нағашы-жиендігі бар еді. Ал әкесі Әбутәліп ағамыз кезінде маған ұстаз болды. Бүгінде өмірлік ақылшы ағама айналды. Екеуі де қарапайым, өмірде көргені мен түйгені мол, балаларын кішкентайынан бейнетке, еңбекке үйреткен берекелі шаңырақ иелері. Мына қайғы ата-анаға оңай тимейді ғой. Жақында көрдім, екеуі де азып кетіпті. Қартайғанда қайғы қосылса не үміт, не қайыр? Құдайдың өзі жар болсын! Қайғыларына ортақтасқаннан басқа, қолдан келер не шара бар?
Әлі есімде сонау бір кездері аудан тұрмақ, облыста көмір тапшылығы орын алды. Сол уақытта Расул інім шапқылап жүріп, сонау Қарағандыдан вагон-вагон көмір әкеліп, елді қамтамасыз етті. Тіпті көршілес жатқан Жалағаш пен Қармақшыдан кісілер келіп, қажетті көмірлерін алып, алғыстарын жаудырып жатты. Әй, бірақ пендешілік дегенде пәтуа бар ма, сірә?! Бәзбіреулер көре алмаушылықтан, қызғаныштан іштері өртеніп, Расул інімнің үстінен арыз жазды. «Пәлен де түген, көмірге құм қосып, сатып жатыр» дегендей пасық пиғыл ғой баяғы. Сол кездері «Көз шіркін көмірді емес, құмды көрген» деген тақырыппен мақала жазып, бүкіл ауданды, мекемелер мен жеке кісілерді көмірмен қамтамасыз етіп жүрген Расул ініме күйе жаққандарға қарсы шықтым. Кейіннен комиссия құрылып, жағдайды тексеріп, інімді жақтап, тіпті мақтап кетті.
Сонау бір 2008 жыл мен үшін өте ауыр жыл болды. Су тасқыны кезінде журналистік қызмет бабымен жүріп, Қармақшыдан Жалағашқа ұшқан тікұшағымыз апатқа ұшырап, ішіндегі біздер аяқ-қол, бұғана, қабырға, омыртқа бәрі сынып жатқанымда Расул інім келіп, қасымда біраз отырып, әңгіме айтты. Кетерінде «Аға, мына азғантай ақшаны емделуге жұмсарсыз. Уайымдамаңыз, әлі-ақ жүгіріп, билеп кетесіз» деп жастығымның астына қалың конвертті қойып кетті. Сондағы азғантай ақша дегені 1000 АҚШ доллары болып шықты ғой. Не деген жомарттық! Содан кейін інімнің соңынан басқа да кәсіпкер кісілер ағылып келе бастады. Інімнің бастамасын ел болып, жалғастырып әкетті. Сөйтіп, менің аяққа тұрып кетуіме інімнің шынайы шарапаты тиді ғой.
Кездескен сайын Расул інім өзінің жаңалықтарымен бөлісіп тұратын. Бірде маған «Аға, аудан орталығынан базар салып едім, бірақ оны коммуналдық меншікке алып қойды. Енді бөлек кәсіпкерлерге бір жағы ашық, бір жағы жабық базар салғым келіп жүр» деді. Көп ұзамай «Майжарма» каналының жағасынан жер алып, базар құрылысын салып еді, алайда оған кәсіпкерлер келе қоймады.
Тағы бірде «Күріш ақтайтын зауыт аштым, аға. Мынау ақталған күріш, осының дәмін көріңіз» деп екі-үш қап күріш беріп кетті. «Ел-жұртқа 2-3 тоннадан көмір таратып жүрмін, Сіз де қайбір жетісіп жүрсіз? Жеңгеміз де қайтыс болып кетті. Соны ойлап, Сізге де 2 тонна көмір беріп жібердім» деді бірде телефон шалып. Неткен мәрттік десеңізші! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой, атам қазақ. Асыл мінезді Расул інімнің қайырымдылығын көрген кісілер облыс көлемінде де жетіп артылады екен. Жаназада байқадық, қала-даладан қоғадай жапырылып келген жора-жолдастары мен әріптестері қимастықпен көздеріне жас алып тұрды.
Аудан орталығындағы бұрынғы «Казсельхозтехника» деп аталатын үлкен мекеменің қараусыз қалған ғимараттарын алып, кәдеге жаратқан Расул інім бір күні «Аға, осы мекеме қорасының ішінде шағын монша бар. Соның орнына еңселі, қазіргі заман талабына сай 80 орындық монша салсам, соның игілігін ел көрсе» деген еді. Қайран қысқа өмір-ай! Ол арманына да жете алмай кетті.
Көңілге медеу ететініміз – Расул інімнің туған елге жасаған еңбектері, адамдарға деген қамқорлығы, мейірім-шапағаты еш кеткен жоқ. Аудандық мәслихаттың, одан облыстық мәслихаттың депутаты болды. Өзінің өскен жері «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді. «Еңбек ер атандырады» деген осы ғой, шіркін.
Мақсат-мұраты, асқақ арманы бар адамдар халық есінде мәңгі қалады ғой. Расул інімнің тағы бір арманы – Тереңөзек кенті көшелерін жеміс ағаштарымен жайқалту болатын. Иә, кәдімгі алма, өрік, шие секілді жеміс ағаштарымен. «Аға, мен талай жерді, қалалар мен аудандарды көрдім. Кейбір елді мекендердің өзінде көшелерінде жеміс ағаштары өнім беріп тұр екен. Біз кімнен кембіз? Талап қылса, егіп, күтіп, баптасақ көшелеріміз жеміске толып, кейін оны немерелеріміз жейді ғой» деген еді. Бірақ, бұл да арман күйінде қалды.
Дәл қазір жанарыма жас толып, жеміс ағаштары өсіп тұрған көшеде жарқ етіп шыға келген Расул інімнің жарқын бейнесін, жайдары жүзін көріп тұрғандаймын. «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді» деген рас екен. Қарсы алдымнан шыға келіп «Аға, қалай жақсысыз ба? Шауып жүрсіз бе?» деген үні естілгендей болады. Қайран жалған дүние-ай десеңізші! Арманы асқақ азаматтан, бауырмал ініден қас-қағымда айырдың-ау, қайтейін?! Артында қалған ұрпақтары, жары, ата-анасы аман болсын деп тілейміз де. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, асыл інім Расул!
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
ардагер журналист
ардагер журналист