Бесарықтық қарттарға құрмет көрсетілді
Берекелі Бесарық ауылында елдің ауызбірлігіне ұйытқы болып отырған қариялар бар. Қазыналы қарттар елдің бірлігі мен татулығын сақтауда ақ батасын беріп отырады. Ел азаматтары атқа мінсе, қолдау білдіріп, тілеуін тілейді.
Бесарық ауылдық округінің әкімі Дәулет Сәрсенбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әлжігітов, қоғамдық кеңес төрағасы Әкбар Әлжіков қалыптасқан дәстүрмен ауылдың үлкендері Жұмабек Әбенов, Ахметжан Асатов және Ұлжан Айтмұратованың отбасында болып, құрмет көрсетті. Ауыл ақсақалдары Ж.Әбенов 95 жасқа, А.Асатов 90 жасқа және кейуана Ұ.Айтмұратова 90 жасқа келіп отыр. Мерейтой иелерін құттықтап, ауыл, аудан, облыстың жеткен жетістіктері мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайында әңгіме қозғалды.
Жұмабек Әбенов саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап, еңбекте озат болып, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған мерекелік медалімен, 1973 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1976 жылы «Ленин» орденімен наградталған. Ахметжан Биханұлы биыл торқалы тоқсан жасын атап өтеді. Жастайынан мал шаруашылығында ысылып, 1955-1996 жылдар аралығында қырық жылдан астам уақыт шопан болды. Еңбектегі жетістіктері үшін «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Алматыда өткен колхозшылардың І, ІІ, ІІІ съездеріне қатысып, абырой биігінен көрінді. Қос ардагердің абыройлы еңбек жолын жалғастырып отырған ұрпақтары бар. Ұлжан Айтмұратова 1954-1983 жылдары шопан болған, 10 баланы дүниеге әкелген «Алтын алқа» иесі.
– Ауыл ақсақалдарының өнегелі өмірі мен сіңірген еңбегі ауыл тарихында жазулы тұр. Ерлермен қатар жүріп еңбек еткен аналардың да орны ерекше. Кейінгі ұрпақ қарттардың еңбегін бағалап, әрдайым төрден орын беріп, құрмет көрсетуде жолдарынан жаңылған емес. Ардақты қариялармен әрбір істі бастамас бұрын ақылдасып, кеңесіп отырамыз. Өз кезегінде ақсақалдар батасын беріп, ауыл халқының тату-тәтті тірлігіне демеу болып отырады. Бүгінде келбеті көркейген ауылымыз жыл санап дамып келеді. Жұмыссыздықты азайту мақсатында көптеген іс-шаралар қабылданды. Кәсіпкерлікті қолға алғандар саны артуда. Мемлекеттің қолдауымен мал алып, төрт түлік санын көбейтіп отырған отбасылар бар. Ауылымыз енді аз уақытта одан сайын гүлденетін болады. Жастарымыздың да еңбекке деген құлшынысы қуантады. Берекелі Бесарық атанған ауылымыздың көшелері жарқырап тұр. Көктемнің қызу тірлігі басталып, еңбек адамдары таң атқаннан кеш батқанға дейін еңбек даласында. Ауылымыздың үлкендері қарияларды мерейтойымен құттықтап, сый-құрметімізді көрсетудеміз, – дейді ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев.
Қарияларға құрмет көрсету іс-шарасына ауылдық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары да қатысып, әннен шашу шашты. Қариялар ақ батасын беріп, ауылдың дамуына тілектестігін білдірді.
Бибісара ЖАНӘЛІ