Кіребай қажы мешіті

Кезінде аталардан «Малы көп – өріс іздейді, жаны көп – ұрыс іздейді» деген сөз қалған. Негізінен, табын рулары жылқы малын мол тұтынса керек. Бұрынғы өткен үлкендер біздің негізгі ата қонысымыз – сонау Ақтөбе өңірі. Өмір сүру тірлігімен қатар малдың жайылымдық жері үшін, Қарақұмды бойлай ғұмыр кешкен аталарымыз небір шұрайлы өлкені басып өтті. Жалағаш пен Тереңөзек жусандығы Сырдан саға ала, оң қапталымен ағатын Қараөзек дариясының жайылған мол суының қырмен шектесетін жиегінен қоныс тепкен екен. Жаз жайлауын бір тобы Ұлытаумен Кіші тауды жайласа, бір тобы Қостанай маңын жайлап, қыста Сырдың қалың қамысы малына әрі азық, әрі ықтасын болған.
Көктем шыға Қарақұм аса ауыл болып, салтанатпен көшіп, жаз жайлауға бет түзеген. Көшпенді кәсіби өмір, елдің ұл-қыздарының барлығыда ат құлағында ойнайтын аса икемді, қажырлы, қайратты болып шынығып өсуіне ықпал еткен.
Қазақтың өмір салты осылай қалыптасып, дамығаны белгілі. Сыр мен Қыр қазақтары жаз жайлауда төскейде малы, төсекте басы қосылып, еларалық қарым-қатынас қалыптасып, қыз берісіп, қыз алысқан, құда-жекжаттық дамыған. Осы жаз жайлауда қыз төркіндеп, ұрпақтары нағашы жұртымен қауышатын жанға жайлы жаз жайлауда таза еңбекпен еркін өмір сүрген ел адамдары дәстүрге сай ат шаптырып, ұлан асыр той жасап, қыстан қымтырыла шыққан халық бой жазып, көңіл сергіткен. Ел халқы жаздың шуақты күндерін осылай өткізіп, күзге салым Сырға қарай бет бұрады. Осы қалың елдің ішінде Малай аталығынан тарайтын Құлшынұлы Кіребай да өз әулетімен осы жиекте Қаракөл көлінен саға алатын. Бүгінде ізі қалған сайдың жағасына келіп қыстауын салады. Жиекті бойлай Жаппас, Табын, Шөмекей секілді ондаған ел қоныс тебеді. Қараөзек дариясының оң қапталынан әрі қарай 15-20 шақырымдай болатын Қыр мен Сырдың шектескен жерін ел халқы «Жиек» деп атаған. Кезінде адамдары тығыз орналасқан осы жерге ел табиғат пен өмірдегі қоғам өзгерісіне сай емін-еркін табиғат ортасында ғұмыр кешкен. Халық алғашқысында жартылай көшпелі, соңында кешегі кеңестік жүйенің саясатының нәтижесінде тұрақты отырықшылық өмірге бейімделген ұрпақ өмірге келді. Бүгінгі ұрпақ өкілдері кешегі ата-баба жолымен оның өмірінен сыр шертетін киелі орындарды іздеп тауып құрмет көрсетуде.
Сондай киелі орындар санатына жататын орын осы – «Жиек».
Жоғарыда айтып өткендей, осы Жиек бойынан қоныс тепкен табыннан шыққан ел болашағы үшін, бар байлығымен күш қуатын жұмсай білген жандардан осы аймақта атағымен дәулеті асқан ХҮІІІ ғасырдың соңында дүниеге келген Кіребай Құлшынұлы еді. Ол бар байлығын бауырына баса бермей, Алланың берген көркем мінезімен осы өңірді жайлаған қалың елдің игі жақсыларымен сыйластықпен қарым-қатынаста болуы, ел құрметіне бөленіп, Кіребай бай аталып, алыс-жақын жерлердің базарын көрген, кәнігі саудагер де бола білген.
Ел аралай жүріп, барған жерлерінің тұрмыс-тіршілігіне зер сала, оның жақсысын өз еліндегі ағайын-туыстарының игілігіне жаратуға күш
салған.
Үнемі мал соңында көшіп-қонып жүре бермей, отырықшылыққа да ағайыным бейімделсе деп үй салып, кәсіптің түрлі салаларын игеруіне өзіндік ықпалын жүргізген. Сонымен бірге Сыр бойы қазақтарымен бірге, Алланың алдындағы міндеті – Қажылық сапарға барып келіп, өз қыстауының оңтүстік бетінде сағасын Қаракөлден алатын сайдың жағасын мекендеген. Сайдың суы жазғытұрым халықты ауызсуымен қамтамасыз етсе, қысқа қарай сайдан су ақпай қалған кезде ортасындағы шөлейттен шегенделген құдық қазылған. Ол мал мен жанның қажетін қамтамасыз етіп отырған. Бүгінгі таңда құдық орны жоқ. Тек терең шөңкейіт өз тереңдігін әлі сақтап тұр екен. Осы сайдан 15-20 метрдей жерден ұзындығы 15-20 метр ені 6-7 метр үш бөлмелі ортасында шағын күмбезді мешіт үйін тұрғызады. Мешіт орынында бүгінде үйінді топырақ.
Мешіт-медресе қамкесекпен тұрғызылған. Осы құрылыс жұмысы бітуге жақындағанда, ел балаларына дәріс беретін білімді ұстазды іздестіріп жүрген. Күзгі салым Троицкі қаласындағы базарына саудамен бару сапары кезінде, өзімен аталас туысы Тілеулесұлы Бәйменге қолқа салу мақсатымен Башқұрт елінің Уфа қаласында білім алған әрі «Расулия» мешіт-медресесінде ұстаздық қызмет атқарып жүрген туысына баруды ойлайды. Бұл – 1890 жылы еді. Бұл жөнінде Рахымжан Бәйменовтің «Бабалар тағылымы» кітабында айтылған. Жасынан білімге құштар болған Бәймен ауыл молдасынан сауат ашып, 14 жасында кіре тартатындарға еріп, оқу іздеп кетеді. Әлдебір адамдардың көмегімен Троицк қаласындағы Зейнулла қазіреттің жалшылығына орналасады. Сөйтіп, ол ұзақ жыл бойы қазіреттің үй шаруасында жүріп, дәріс алып «Расулия» медресесін бітіреді. Бұл кездегі рәсім бойынша оқуды үздік бітіргендер медресенің өзінде дәріс беруге қалдырылатын болған. Сөйтіп, ол осы медреседе «ахун» атағын алып, ұстаздық етуге қалады.
1890 жылдары Сыр бойының табын руынан шыққан аса ауқатты адам, Кіребай қажы Сыр мен Қырдың аралығындағы жиекке мешіт салдырады. Мешіт құрылысы аяқталуға жақындағанда Кіребай қажы Троицк қаласындағы «Расулия» медресесінің қазіретіне жолығып, өзі салдырған мешітке ғұлама имам қажеттігін айтып, өтініш білдіреді.
Қазірет мешітке имамдыққа медреседе дәріс беріп жүрген Сырдария губерниясының адамы Бәймен ахунды лайық деп табады. Сонымен Бәймен ахун өз еліне 44 жасында оралып, ХІХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап, өмірінің ақырына дейін Жиектегі Кіребай мешітінің имамы болып, табын, жаппас руларының балаларын қысы-жазы оқытып, оларды тәрбиелеп отырады. Ол өзі оқытқан шәкірттерінің ішінен оқуға талапты, зеректерін іріктеп Троицк Уфа қалаларындағы «Расулия», «Ғалия» медреселеріне оқуға жіберіп отырған. Мәселен, найманның балалары Жүсіп пен Нұрмағанбетті Троицкідегі «Расулия» медресесіне, өзінің аса зерек алғыр баласы Ғубайдулланы Уфадағы «Ғалия» медресесіне оқуға жіберген.
«Ғалия» медресесі сол замандағы прогрессивтік бағыттағы оқу орны болғандығы тарихтан мәлім. Өзінің екінші баласы Әбдіхалықты Троицкідегі «Расулия» медресесіне оқуға берген. Кейінгі талантты шәкірттерінен Ерімбеттің Сақтағаны, Құланбайдың Жолекені, Есмағанбеттің Қайырғалиі, Жаппас руынан Қошқарбайдың Жақып деген баласы өз алдына мешіт ұстап, имам болған. Осы Жақыптың ұлы Сұңғат кешегі кеңес заманында Совет партия қызметінде болған тұлға. Ол бүгінгі Асқар ауылында алғашқы совхоз директоры болғанын аға буын өкілдері біледі. Бәймен ахун осы Кіребай мешітінде 1916 жылға дейін, яғни өмірінің соңына дейін еңбек етіп, осы жерде өмірден өткен, денесі осы Кіребай мешітінің маңында. Бәймен ұрпақтарынан немересі Бәйменов Рахымжан қария, Кіребай Қажының туған немересі ұрпақтарымен Қалжан ахун ауылының тұрғыны. Кіребай Қажының туған немере күйеу баласы Төлеубай Тілеубергенұлы қарияның көрсетуімен мешіт жанына атасына белгі тас қойған.
Кіребай қажы екінші мәрте 1916 жылы қажылыққа барып, парызын өтеп, елге келе жатқан жолында дертке ұшырап, өмірден озады. Кіребай қажы әйгілі қазақтың байларымен құда-жекжат болды, мысалыға, белгілі ағайынды Алмат пен Самұраттың қызы Ажарды немересі Жақияға алып берді.
Иә, құрметті оқырман, кезіндегі тектілерден қалған киелі орындар ел аумағында үйілген елеусіз үйінді топырақ. Кезіндегі солақай саясат әсері сол құндылығымыздан айыра жаздады. Бүгінде ілеуде біреу десек болар, сол Кіребай қажының немересі Несібелі өмірлік серігі Төлеубай ақсақал екеуі текті аталарынан қалған мекенге бауырларынан тараған үш ұл, жеті қызын сол орынға апарып, ата қонысқа деген құрмет сезімін санаға сіңіруге тырысты.
Ата-ананың аталы сөзіне мән берген ұрпақтары бүгінде Кіребай қажы мешітінің орнына араға жылдар салып барып, құрмет көрсетуі – бұл өзгеге үлгі болар үлкен кісілік іс деп есептеймін. Атқан оқтай зуылдаған мына заман уақыты осындай тарихи орындарда үрлеген желдің екпініне шыдас бермей, бүгінгі үйінді-үйінді топырақ, ертең тегіс жер болуы табиғат заңдылығы. Сол ескі жұрттың оңтүстік шығысында бүгінде «Файзрахман» шаруа қожалығы тірлік етуде. Кіребай ұрпақтары атадан қалған киелі орынға белгі тас қою әрекетінде. Әр заманда елім деген тұлғаларды халық өмірге әкелсе, оны іс-әрекетіне қарай көпшілік қауымға танытатын да осы халық. Болмысы бөлек Кіребай қажы елге істеген игілікті ісі медресе үйі Бәймен ахундай ғұламаны елге паш еткізсе, сол ғұлама Кіребай қажыны ел есінде мәңгі сақталатындай дәрежеге жеткізді.
Қазақ даналығында «орнында бар оңалар» дегендей, заманында өшпестей із қалдырған жаннан тараған ұрпақтар бүгінде елдің түпкір-түпкірінде саналы ғұмыр кешуде.
Жәнібек АСАНҰЛЫ,
өлкетанушы
Фото: Ашық дереккөзден