Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Маханбетжан болыс

Маханбетжан болыс

Негізінен, Маханбетжан Алпысбайұлы Аламесек болыстығында 25 жыл болған екен. Қыс мезгілінде Сырда қоныстанса, жайлауы Қарақұм қойнауының «Бөгдік» деген жерінде орналасқан. Батысқа қарай 70 шақырым жерде Алпысбайдың «шегені» (құдығы) болғанын ел жақсы біледі. Жақында оның жайлауын ұрпақ санасына мәңгі қалдыру мақсатында арнайы белгі қойылған.

Алпысбай өз уақытысында осы аумаққа жерленген. Баласы Маханбетжан бастамасымен ағайындарының қолдауымен Сыр бойындағы қыстауының маңына бүгінгі Ақжарма елді мекенінде биік мұнара кесене тұрғызылады. Кезінде қам кесекпен соғылған құрылыс нысаны уақыт өте келе тозуына байланысты ұрпақтарына бас болып немересі Ералы Нұртайұлы баба мұнарасын қайта қалпына келтіруге ықпал еткен.

Мұнара бүгінгі таңда Ақжарма елді мекенінің оңтүстік бетінде 4-5 шақырымдай жерде орналасқан. Аталған мекен кезінде Маханбетжанның қыстау орыны атанған. Жалпы, Маханбетжан Алпысбаев 1860 жылдары дүниеге келген. Ұрпақтарының айтуынша, ол – ірі денелі, қақпақ жауырынды кісі болған. Сөйлегенде өзгені сұсымен басып, ықтыратын, өз дегеніне көндіре алатын ад­уыны мықты жан атанған. Үйге бір қырындай кіріп-шығатын өр кеуделі, әрі осы өңірдің асқан көкпаршысы болып, есімі ел есінде қалған. Үнемі арнайы бабында жүретін қашырымен көкбар тартады екен. Небір белді жылқы мінген көкпаршыдан серкесін еркін жұлып алып кететіндігімен даралана алған. Белгілі бір кісінің асында көкпар болып, Шіркейлінің жігіттері басымдылық көрсетіп алып бара жатқанда, Маханбетжан көкпарды олардан жұлып алып кеткенде, күйінген бір жігіт: «Әй Маханбетжан, аттым сені» деп үш мәрте қарғыс айтса керек. Келесі күні сол жігіт қатесін түсініп, кешірім сұраған. Сонда жігіт: «Кеш мені, Махамбетжан, кешегі қарғысымнан кейін түнде аталардан аян келді. Оны ата алмайсың, төбесінде «қырық қазан қорғаны бар» дегенінен ол кісінің қасиеті бар киелі кісі деп аян берген.

Қазақстан Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі 1928 жылдың 5 қыркүйегінде «ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескі туралы» Қаулысын және Қазақстандағы барлық кедей, орташаларды ақсүйек байлардың мал-мүлкін алып, өздерін жер аударуға белсене кірісуге шақырған хатын жария­лайды. Осы хатқа сәйкес Аламесек ауданына қарасты №17 ауылдың тұрғыны Маханбетжан Алпысбайұлы да кәмпескіге ілінеді. Өз кезегінде кәмпескіден аман қалу жолдары қарастырылып, ірі байлардың балалары комиссияға менің еншім бөлек деп шағым түсіреді. Шағым оң шешім тауып жатқанын білген болыстың ұлы Ахметжан да комиссияға шағым береді. Көп ұзамай Қызылорда округтік кәмпескілеу комиссиясының жиналысы өтіп, арнайы Қаулы шығарады. Қаулыда Ахметжан Маханбетжанұлының әкесі Маханбетжаннан еншісі бөлек екенін ешкім білмейді. Ол осы уақытқа дейін әкесімен бірге тіршілік етіп келеді. Олардың еншісі бір, сондықтан, әкесімен қоса жер аударылсын деген ауылдың батырақтарының қарары мен аудандық комиссияның қарары нығайтылып, Ахметжан Маханбетжанұлының берген арызы аяқсыз қалдырылған. Қаулыға сәйкес, бүкіл әулиетінің мал-мүлкі кәмпескіленіп, өздерін 1928 жылы өзбек елінің Новои елді мекеніне жер аударып жібереді. Ал 1930 жылдар шамасында Маханбетжан дүниеден өтеді. Балалары Ахметжан, Қаршыға, Нұртай, Гүлбаһарам, Гүлжаһан әкесінің денесін сондағы тау етегіне жерлейді. Елдегі ашаршылық басылып, ел есін жиған сәтте бүгінде ескі Абай аталған елді мекенге көшіп келеді. Ұрпақтары елге келгенде тектерін Маханов етіп өзгерткені белгілі.

Билік «байдың ұрпақтары» деп тағы қуғынға ұшырата ма деген олар бір қауым ел болып өмір сүруде. Нұртай ақсақалдың Гүлнұр есімді қызы өзімен бірге оқитын бір қыз баланы үйге ертіп келген. Жөн сұраса келсе қыз бала Маханбетжанның мәңгілікке тыныстаған мекені Новои жақтікі екен.

– Біз атамыз жөнінде әңгіме қозғағанда тау етегінде қазақ елінен ауып келген оның зиратында шырақ жанып тұратынын мақтан етеміз. Көпшілік атамыздың зиратына барып, тәу етеді. Әрбіріміздің бойымызда атадан тараған тектілік бар екенін мақтан тұтамыз, – деді Ералы Нұртаев

Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы,
Болат МАХАНБЕТОВ,
музей қызметкері
30 қараша 2024 ж. 42 0