Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр заттың иесі мен киесі бар

Әр заттың иесі мен киесі бар

Ұрпағына құтты қоныс, малына кең жайлы жайылым болған Көксу мен Ақсу (Жалағаш-Тереңөзек) аралығындағы кең алқапты табын ағайындары мекендеген. Олардың өркен жайып, іргелі елге айналуы­на осы өңірге даң­қы асқан, есімдері елге мәшһүр атақты қолбасшылар мен батырлар зор үлес қосқан. Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бұқарбай, Шалбай, Бәйтен есімдері ұрпақтан-ұрпаққа мақтанышпен жал­ғасуда. Олар елі мен жері үшін Тәуелсіздік жолында шайқасқан ерлер болды. Осы батырлар секілді атойлап сыртқы жаулармен айқаспаса да, ел ішіндегі бірлікті сақтауда, қайсар батырлық мінезімен, кесімді кесек сөзі ел есіндегі Қайқы батыр бейнесін от ауызды, орақ тілді Жорықбай шайыр:

Әркімнің өзіне лайық бағасы бар,
Жөкеңнің де Қайқыдай ағасы бар.
Тура биде туған жоқ, бәрі де рас,
Дей алман жұрттың бұған таласы бар.
Сөйлеп кетсе бұл кісі шешен еді.
Ер құнын да қиналмай шешер еді.
Текті әулеттен тараған азамат қой.
Есіл ер көсем еді, көшелі еді – дегені Қай­қы батыр­дың тұлғалық келбетін сомдай түспей ме?!

1905 жылы Қарақойлы Бас­қын­бай бай әкесіне ас беріп оған көршілес табын ағайындарын да шақырады.
Бұл ағайындары кешігіп келіп арнаған үйге ерте кел­ген кісілер жайланып қойған кезде Қайқы батыр бас­таған топқа қарапайым үй ұсынылса керек. Батыр бастаған топ ұсы­нылған үйді қорашсынып, кө­ңілдері тол­майтын сыңай біл­дірсе, тойды жүр­гізуші Шерімбет би:
– Уа, Қайқы батыр, ер елін қор­ғайды, ел ерін қол­дайды деген. Сіз хал­қымыздың қадір-құрметіне бөленген Құ­дай берген жансыз. Орындарыңыз ақ орда, соған лайық сіздерге арнал­ған ақ боз үй еді. Басқалар ерте, өздеріңіз кеш келдіңіздер, өзге­лер­ді үйіріп қоя алмадық, осыны ескеріңіздер. На­зыр­қану мен азырқану ерге жараспайды. Құдай той­дырғандар бол­машыға таласпайды, – дегенде Қайқы батыр:

– Бәрекелді, сөзіңіздің міні жоқ, сары майдан қыл суырғандай. Басқынбай қимыл­дасын бай секілді, – деп ұсынған үйге жай­ғасқан екен. Бұл Қайқының батырлық қай­сарлығымен бірге биге тән ел бірлігін сақтай алатындығын көр­сетеді.

Бүкіл табынға ұран болған, Сәрке батыр­дың туған ағасы Қарекенің баласы, Ұзақ батырдан қалған жалғыз тұяқ Қайқы еді. Бұл кісінің негізгі қонысы – бүгінгі Қалжан ахун ел­ді мекенінің шығыс жақ бетіндегі өз атымен аталатын Қайқы ағашы. Осы қоныста Есжан, Нарша, Бекжан, Мәжит, Ажар атты ұрпақтары өсіп-өніп бүгінде олардан тараған ұрпақтары еліміздің түк­пір-түкпірінде, көп­шілігі Жа­­­­­ла­ғаш кентінде, атадан қалған мұраға иелік етуде.

Қайқы батыр тұтынған бел­телі мылтық (Қара шелек) бар. Бұл қару ке­зінде Қоқан бектерінің жасауылдарымен бол­ған қақтығыста Ұзақ қолына өтіп еді. Кейін бір жаугершілік шайқастарда Ұзақ батыр мерт болып қарулас достары қаруды ұр­пағына мұраға аманаттап табыстайды. Әкеден қалған қаруды Қайқы тек аңшылық кә­сіпке пайдаланып, өмірінің соңында үлкен ұлы Есжанға қалдырды. Мылтықтың ұзындығы 1 метр 50 см. Ұрпақтары заманына қарай мылтықты ұсталар көмегімен бір құлақты, пыстанмен от алатын шүріппелі етіп өзгертіп, аңшы­лық қажеттеріне пай­даланған. Мылтық батыр­дың шөбересі Жантөгел Жақ­сылықұлы шаңы­­рағында аса ұқыптылықпен анық көрі­не­тіндей жұқа ақ матамен қапталып, үйдің көрікті төрінен орын тепкен. Бұрынғы үлкендер мылтықты «Қара шелек» деп атап кетіпті. Бүгінде ұр­пақтары не себепті бұлай аталғанынан бейхабар. Өз әулеттерінен сыр­қаттанған сәбиге ұңғысына су құйып іш­кізсе, бала тәуір болады екен. Тағы бір қасиеті босануы қиын болып жатқан әйелдің бас жағына қойса тез әрі жеңіл босанатын көрінеді. Ұңғысына су құйып ішкізгеннен болар «Қара шелек» деп аталуы. Бұл – біздің пайымдауымыз. Осындай қасиетімен бұл қару Жантөгел шаңырағының бүгінде қадірлі де қа­сиетті әрі құты мен берекесіне айналған.
Қайқы батыр ағасы Бұ­қарбай батырға сәлем бе­ре барғанда Бұқарбай інісіне өзі тұтынған қылышын, күміс кісе белдігін, қыны мен пышағын сыйласа керек. Бүгінде кісе белдіктің пы­шағы жоқ. Қайыс қынымен батыр­дың қарашаңырағының иесі, кен­же ұлы Мәжит­тің немересі Бекбол Қайқиевтің отбасында тұр. Ал қылышы ортаншы ұлы Наршаға тиесілі болыпты. Нарша 1930 жыл­дары Тереңөзек ауданында жауапты қызметте жүргенде өзінің сыйлас досы, аудан­ның атқару комитетін басқарып тұрған Ерман Мыңбаевтың отбасында дүниеге келген балалары тұрақтамаған соң мұра болған қылышты бесікке байлаған. Осыдан былай бесіктегі бала тұрақтап, ұрпақ жалғастығы жалғасқан екен. Бұл қылышты Қайқы ба­тырдың дүниеден озғанына 100 жыл толу кезеңінде батыр ұрпақтары келісіммен қай­тарып алып, Бұқарбай батыр музей қорына табыстаған.

Әр заттың өз иесі мен киесі болатынын мына жаһандану заманында, оның қадір-қасиетін, әке-шеше, ата-әже жадымыздан шығарып бара жатқандаймыз. Біздер бұрынғы әдеп-ғұрыптарымыз бойынша ата-бабадан келе жатқан қадірлі де киелі дүние­лерді аяқ асты етпей, интернет желісіндегі мәні­ мен мағынасы жалаң, өзге елдің санамызды улайтын теріс насихатын ұрпақ санасына сіңірмейік. Қайта ата-бабадан келе жатқан ұлттың рухани тәрбиесімен қасиетті құнды­лықтарымызбен сусындатуға күш салынса игі. Сонда бабалар тектілігі ұрпақ бойынан жойылмас еді.

Жәнібек Маханбет,
өлкетанушы
15 ақпан 2022 ж. 485 0