Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Нұран қожа» мешіті

«Нұран қожа» мешіті

Ақболтайдың батыс жағында «Нұран қожа» мешіті орналасқан. Жанында Тоқмағанбет қыстауы болған. Осы жерде қазақтың ақиық ақыны Асқар Тоқмағанбетов дүниеге келеді. Бүгінде оның жанындағы ескі қорымда әкесі Тоқмағанбеттің сүйегі жатыр.

«Нұран қожа» мешітінде осы өңірге белгілі азаматтар дәріс алған. «Нұран қожа» мешітінен кейін «Басқынбай» қыстауы жатыр. Осы қыстауда Басқынбайдың немересі, қазақтың белгілі заңгері, Әділет министрі болған Бекайдар Жүсіпов дүниеге келді. Осы Ақболтай өзегінің бойында Сырдың екінші «Ғаниы» атанған қоғам қайраткері Нұрмағамбет Мұратбаев дүниеге келген. Осы қыстаулардың батысында, шоқы-шоқы құмдар арасында «Қораздың бейіті» деген бейіт бар. Бейіттің батыс жағы кең алқапты болып келеді. Бұл алқап «Құндызды», «1 майға» барып тіреледі. Алқаптың арғы «Қарарын» жақ беті құмды болып келеді де «Түлкілі көл»-ден аса, яғни, дария бойына жақын, кезінде өте үлкен төбе болған «Зортөбе» жатыр.

Кезіндегі Кеңес үкіметінің колхоздастыруы кезінде осы жерге халық көп шоғырланады. Қараөзектің бергі жағасына Ошақтылар мен Қарақойлылар келіп қоныстанса, арғы бетінде жаппастардың қыстауы болады. Дарияның арғы бетіндегі «Ақ түйе» сағасынан, «Қарарынға» қарай су ағады. Одан әрі үлкен «Қаракөл көлі» және «Бегінің көлі». Солтүстік батысында «Алтын төбе», шығысында Жаппас рулары қоныс тепкен. Батысын табын руы жайлаған Қаракөлден кезінде ел үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген Бұқарбай батыр шыққан. Тек қана жаугершілікте емес, бейбіт күнде де халқына пайдасын тигізіп, арық қаздырып, егін салдырып, ел тұрмысын жақсартқан батырдың құрметіне арық «Бұқарбай» арығы деп аталады. Осы маңда «Кіребай қажы» мешіті ашылып, ауыл тұрғындары арабша сауат ашқан. Бүгінде Тереңөзек кентінде тұрып жатқан Байменов Рахымжанның атасы Баймен ахун аталған мешітте дәріс берген.

ХVIII-XIX ғасырда Сырдың өн бойында Қоқан, Хиуа хандықтарының үстемдігі жүріп тұрған шағы. Ақмешіт қаласының батыс жағында орналасқан осы өңірдегі елді-мекен­дерді бек қызметкерлері әлсін-әлсін аралап, алым-салық алып отырған. Өздері Жоңғар шапқыншылығынан тоз-тоз болып, осы жерге орналасқан халықты, Қоқан бектерінің озбырлығы қатты күйзеліске түсіреді. Ашынған халық тікелей бас көтеруге шамалары келмей, алыс-жақын орналасқан би-шешендерге арқа сүйеп, ел шетіне жау келгенде қолына найзасын ұстаған ерлер болған. Қалың қол келсе де қаймықпай атқа қонған Шөңірек батыр бек озбырлығына қарсы тұрып, намысты қолдан бермей, ел кегін қайтарып отырған. Сонымен қатар Аббас, Мырқы, Тұрым, Медетбай, Ешмұрат, Шерім билер бел астынан Қоқан бектерінің қарасы көрінгенде, елді бірлікке шақырып, аталы сөздер айтып, қалың бұқараның, батырлардың рухын көтеріп, жігерлендірген екен.

Жәнібек МАХАНБЕТ, өлкетанушы
«Аңыз негізі – ақиқат» кітабынан алынды
22 қазан 2024 ж. 239 0