Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 42 газет

10 маусым 2025 ж.

№ 41 газет

03 маусым 2025 ж.

№ 40 газет

31 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – жер жаңа

Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – жер жаңа

Бала кезімізде Тереңөзекте жылда жазғы демалысқа шыққан күннің ертеңіне Қалғандария жағалауындағы «Водокачка» деп аталып кеткен су сорғысы маңына сынып болып табиғатты қызықтап, демалысқа (походқа) шығатынбыз. Тор сеткіні толтырған пряник, коржик, лимонад тағы басқа да заттарымызды дастархан басында отырып, ішіп-жеп, таза ауада риясыз сезіммен ойнап-күліп қайтатынбыз.

Әлі есімде сол водокачка аталып кеткен дария жағалауында жайқалған бау-бақшасы бар, тұрмысы бөлек бір қауым отбасы тұратын. Кейін ер жетіп, оң-солды танығаннан кейін біліп жатырмыз, сонау Николай заманында 1904 жылдары салынған сол жердегі ғима­раттардың біздің қыстағымыздың тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктеріне қандай маңызды қызмет атқарған­дығын. Сырты теміржол вокзалының архитектуралық стилінде салынған казарма типтес үйде 4-5 орыс және 1-2 қазақ отбасының азаматтары сол водокачкіде машинист болып жұмыс атқарған екен. Ол кезде рельс­пен жүретін шайтан арбамыздың, яғни пойыздың паровозы судың буымен жүргендіктен станциядағы биік құбырға (башняға) осы жерден насос­пен дарияның суын айдайтын болған.

Водокачкінің ішінде орналасқан паро­воздың моторын жаңағы машинистер тас көмірмен жағып, бумен насосты айналдырып, суды үш шақырым жер­­­дегі құбырға айдаған. Паровоздарға дайындалған судың артылған мөлшерін жергілікті халыққа мезгілімен таратып отырған. Сондықтан болар паро­воздың моторымен су айдаған жұмыс­шыларды пойыз жүргізушілері сияқты «машинист» деп атап кеткені. «Қал­ған­дариядан» теміржолдың башнясына дейінгі жер астымен тартылған су желісін алғашқыда чугунный, кейін асбест цемент трубалармен ауыстырған екен.

Тереңөзектің жері ну қамыс, жолбарыс жортқан өңір болған екен. Бұрын бұл жерлерді қалың су басып жатқандықтан халық Жалағаш жақты «Ақсу», Тереңөзек жақты «Көксу» деп атаған. Теміржол станциясының маңында Табын, Ұлы жүз, Қызылқайың маңын Жаппастар, Күмісқорған, Дала­көл маңын Алаша, Есентемір рулары жайлап, жартылай көшпелі өмір сүрген. Мал бағып, бидай, арпа, тары егіп, балық аулап, күн көрген шашыраған жатақ ауылдар болған. Тереңөзек станциясына орыс маман­дар келіп, жұмысқа жергі­лікті қазақтарды ала баста­ғаннан олар өзек арнасын жағалап жан-жақтан отбасымен көшіп келіп, қоныс­тана бастаған. Сол кезде станцияда 60-70-тей отбасы тұрған екен.

Ал, 1919 жылдан бас­тап суғар­малы егіс жерлер ашылып, қыстақтың ортасымен өтетін терең өзектің табаны құрғай бастаған соң, жері құнарлы бол­ғандықтан ха­лық­ та осы жерге көптеп шоғыр­лана бастаған. Станция осы арнаның атымен «Тереңөзек станциясы» деп аталды.
1928 жылдың маусым айында Тереңөзек аудан орталығы болып құрылып, жергілікті өнеркәсіп, тұр­ғын үйлер, мәдениет, денсау­лық сақтау, халық ағарту нысандары бой көтереді. Вокзал басы 1970 жылдарға дейін сау­да-саттық жасайтын, тұр­ғын­дарды ауыз­сумен қамтамасыз ететін, халық ең көп жиналатын жерге айнал­ғанын үлкендер айтып отыратын. Ол кезде ауыл балаларының ең үлкен жұмысы теміржолдан үйлеріне қолдап су тасу еді. Кейін бері келе заман жақсарып «Водокачка» өз жұмысын тоқтатып, орнына жерасты суын тартатын құбырлар қазылды.

                                                 

Әңгімемнің басында айтып өткен­дей водокачка басындағы орыс отбасылары сол жерге көшіп келісімен бау-бақшаларына қызанақ, қияр басқа да майда дақылдар еге бастапты. Сол орыстармен бірге көрші тұрып машинист болып жұмыс істеген Сейтқожа Ысқақұлы Ибрагим, қарақойлы Ахмет­тің Нұрғалиі, барлыбай табынның Жұмаш Ноғайбайұлы аталарымыз заман­ның небір ауыр кездерінде аянбай қызмет жасап, теміржолмен қосып қыстақ орталығына тегін су берген. Бір қызығы водокачкада жұмыс істеген барлық отбасы жарты ғасырға жуық осы аумаққа бау-бақша егіп, кезінде Тереңөзек, Жалағаш халқын көкөніспен қамтамасыз етіп отырған.

Елге «Помидор Қожа» атымен танымал болып кеткен Ибрагим ата мен Сәрсенкүл әженің қызанақ пен қияр­ларының дәмін татқан қыстақтың байырғы тұрғындары осы күнге дейін тамсанып, мыңдап көшеттеп еккен дақылдарының өнімдеріне риза­шылықпен аңыз қылып айтып отырады. Ғасырға жуықтаған осы отбасылық кәсіпті Ибрагим атаның сексенге келген ұлы Айдарбек аға мен қарашаңырақ иесі үйдің кенжесі Жәнібек ағалар қолдарынан кетпені түспей, әлі де қызанақ пен қияр егуді жалғастырып келеді.

«Сүйіп істеген іс – шаршатпайды» – деген рас екен. Айдарбек ағаның мамандығы – мелиоратор, өмір бойы су құрылыс мекемесінде канал қазып, көпір салып, жер тегістеудің шебері болып жұмыс атқарды.

«Халық – қазы, еңбек таразы» – дегендей ауданда Айдарбек ағаны да ел атаны атағандай «Помидор Қожа» – деп атап кеткен. Осы мақаланы жазу барысында ағадан: «Атыңызды Помидор Қожа деп жаза берейін бе?» дегенде, ол кісі «Әрине, бізге ол атты халық берген» – деп күлді. Ұлдың ортаншысы Әлібек Искаков қазақ еліне белгілі нефролог-уролог дәрігер ғалым, Алматыда тұрады. Қыздары Күміскүл, Райхан, Раушандар таңдаған маман­дықтарының иесі болып, ұядан ұшып өз үйлерінің түтінін түтетіп, ұрпақ­тарының қызығын көруде.

Қазір «Қалғандария» жағалауы елор­­дамыз Астана сияқты, екі жарым мыңдай отбасы тұратын Тереңөзек кентінің сол жағалауы болып жаңа құрылыс алаңына айналып, күннен-күнге абаттанып, көркейіп, гүлденіп келеді. Ал, водокачка болған жердің жағалауына көше түсіп, Ибрагим ата еккен талдарының түптері ғана көз көрген жандарға өткен өмірді еске салады.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – жер жаңа» деген осы шығар.


Марат ОМАРОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

10 маусым 2025 ж. 250 0