Ұстаның көрігі – ұлттың кені

Құрманғали Маханбетұлы 1873 жылы дүниеге келген. Ол 18 жасынан бастап ұсталықпен айналысып, халықтың тұрмысына қажетті бұйым жасаған. Оның қолынан күрек, балта, шот, тұтқа, ілгек, мылтық сынды құралдар жасап, ел игілігіне жаратып келген. Халық арасында ұстаның жұмыс орнын «қара дүкен» деп атаған. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейтін, ерекше шеберлікті талап ететін киелі кәсіп.
Ұстаның ерекше еңбегінің бірі – Кеңес дәуірінде жүк пойызын сүйреген паравоздың қозғалтқыш жетегі бұзылып, жөндеп бергені. Пойыз Тереңөзек бекетіне жеткен кезде, сынған бөлікті шеберханасында қалпына келтіріп, пойыздың қайта жүруіне мүмкіндік жасағаны. Ол заманда электр дәнекерлеуі болмағанын ескерсек, бұл – шеберліктің шын үлгісі.
Ұстаның «қара дүкенінде» күрек те, шот та, балта да, тіпті мылтық та жасалған. Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров Құрманғали ұстаның баласы Саматпен бірге өскенін айтып, естеліктерімен бөліскен еді.
– Бұрынғы аудандық тұтыну одағы (райпотребсюз) орнында үлкен қора болған. Сол жерге Құрманғали ұста ауыл шаруашылық техникаларын, соқаларды жөндейтін. Бұл біздің бала кезіміз. 1935 жылдары болуы керек. Ұзын сапты балғасын қолынан тастамайтын, – деді соғыс ардагері.
Ауданға белгілі шеберлер – Шәйеке Байкенжеев, Әбікамал Созақбайұлы және басқа да темір ұсталары оның шәкірттері саналады. Ұста 1969 жылы 96 жасында дүниеден озған.
Ұста шеберханасында қолданылған әрбір құралдың маңызы зор. Солардың ішінде ерекше құрметке ие – көрік.
Көрік – металды қыздыру, балқыту үшін оттыққа жел беріп тұратын ұстаның үрлегіш құралы. Халық көрікті киелі аспап ретінде қастерлеген. Себебі шебердің жақсы бұйым жасауы осы көріктің жұмысына байланысты болған. Еңбектің нәтижесі, өнімділігі осы көрікке байланысты. Сондықтан қазақта «Көрігің желді, көлігің жемді, көйлегің жеңді болсын» деген тілек те айтылады. Көшпелі ортада көрікті аса киелі зат қатарына жатқызады. Оның мәні отты кие тұту мен мұсылман діні ықпалымен қалыптасқан ұсталықтың пірі – Дәуіт пайғамбар атымен тікелей байланысты.
Жел көрік XIX ғасырдың соңында, қарағай ағашынан жасалып, диаметрі 80 см, ұзындығы 150 см құрайды. Құралдың ішінде ауа өткізгіш желбезек пен көмей орнатылып, оттыққа бірқалыпты жел беру арқылы металды балқытқан. Көрік тығыз былғарымен қапталған, бұл – ауа шығынын болдырмау үшін маңызды.
Қол көрік – шағын әрі тасымалдауға ыңғайлы. Көбінесе зергерлер қолданғандықтан «зергер көрік» деп те аталады. Ұзындығы – 50 см, ені
– 25 см. XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қарағай ағашынан жасалған. Қақпағында қолмен ұстауға ыңғайлы тұтқасы бар.
Ұстаның еңбегін жалғастырып отырған ұрпағы бар. Ол – Асқар Тоқмағамбетов ауылында тұратын немересі Әубәкір Маханбетов. Балалық шағын атасының қасында өткізіп, көрік басу мен темір соғу ісін көзбен көріп өскен Әубәкір аға техника мен ұсталыққа ерте қызыққан. Қазіргі күні де ұстаның өнегелі жолын ұмытпай, атасы пайдаланған көне бұйымдарды аудандық музей қорына табыстап, жас ұрпаққа үлгі көрсетіп отыр.
Сонымен қатар музей қорына ұстаның «қара дүкенінде» пайдаланылған жез құман, қол бұрғы, іскенже, темір қақпан, кәкпір, сандықша, қобдиша сынды бұйымдар да тапсырылды. Бұл – ұсталық өнер тарихына қосылған қомақты үлес әрі келешек ұрпаққа мұра.
Бүгінгіні бағалау – өткенді танудан басталады. Мұндай шеберлердің еңбегін дәріптеу – ұлттық мұраны ұлықтаумен тең.
З.Шерімбетова,
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері