Ғибратты ғұмыр иесі

Ол 1930 жылы бұрынғы Шаған ауылында шебер ұстаның отбасында дүниеге келген. Үлкен әкелері Жакен, өз әкесі Шаден де он саусағынан өнер тамған, ағаштан түйін түйіп, ұсталықпен, зергерлікпен көпке танылған. Сол кездері ел ішінде ұста болмағандықтан, ауыл ақсақалдары, әкесі бала Шаденді Шаған ауылынан қазіргі С.Сейфуллин ауылына көшіріп әкеледі. Шаден ұсталық кәсіппен айналысып, құрал-сайман жасап, темір соғады. Сондай-ақ, әкесі Шаден ұсталықпен қатар барлық салада сауатты кісі болған. Халықтың егін егу науқанында бұзылып қалған барлық техникаларды өзі жөндеп, жұмысқа қосқан.
Бекен Шаденов алғашында жеті сыныптық мектептен білім алады. 12-13 жасынан бастап ағартушылыққа ден қойып, мектепте мұғалім болып қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыл балаларына дәріс берген. Кәмелет жасқа толғаннан кейін сол кездегі Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені тәмамдайды. Одан кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік аяқтайды. №137 1-май атындағы сегізжылдық мектептің негізін қалаушылардың бірі болып, сол кезеңдегі көзі ашық қатарластарымен өздерінің қол еңбектерімен осы мектептің кірпішін қалаған. 1967-1970 жылдары осы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 1970-1972 жылдары Қалжан ахун ауылындағы №126 мектептің директоры болып қызметін жалғастырады. Қанға сіңген ата кәсіп оның да бойына дарып, ұсталықты да кәсіп етеді. Шәкірттеріне тек білім берумен ғана шектелмей, еңбекке, қолөнермен айналысуға баулиды. 1980-1990 жылдар аралығында мектептегі ағаш шеберханасының меңгерушісі болған. Мектеп оқушыларының уақытын тиімді пайдалану мақсатында орталық кинотеатрлардан түрлі фильмдердің ленталарын әкеліп, мәдениет үйінде ауыл жастарының басын қосатын болған. Еңбегі де мемлекет тарапынан еленіп, түрлі марапат биігінен көрінді.
Шәкірті Алтын Нұртаева ұстазы жайлы өз толғанысын былайша баяндайды: «Біз 1962-1963 оқу жылында мектептің табалдырығын аттадық. Көптеген ұстаздар өздерінің білімділігімен есте қалды. Бекен Шаденов ағай геометрия, алгебра пәндерінен сабақ берді. Өте білімді еді. Сол кездегі айтқан әңгімелерін еске алсам, тура осы кезеңді бейнелегендей болады. «Адамдар келешекте жаңбыр мен қарды қолдан жасап, бұлтты қуа алатын болады. Табиғат тепе-теңдігін жойса, апат көп болады, мал шығыны артады. Ауаны ластанудан сақтау үшін әрбірің есік алдына ағаш егумен айналысыңдар» деген сөзінің мән-мағынасы зор екен».
Өмірлік жары Саракүлмен 1955 жылы бас қосып, 5 ұл, 7 қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Ұлағатты ұстаз, халқының қалаулысы бола білген азамат 2002 жылы 72 жасында дүние салды. Қазіргі уақытта ұл-қыздары бірі ішкі істер саласында, бірі «Рисмаш» зауытында жатка құрастырушы болып зейнетке шықса, бірі аурухана қызметкері, енді бірі ауыл шаруашылық саласынан өз еңбектерінің жемісін көруде.
Итемір ФАЗЫЛОВ,
еңбек ардагері