Сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мен жемқорлықтың ел дамуына кері әсер ететінін оқушылар санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған байқауға аудан мектептерінің оқушылары мен «Жалын» сауықтыру лагерінің тынығушылары қатысты.
Байқау барысында қатысушылар А3 форматтағы қағазға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыратын сурет салып, қазылар алқасына ұсынды.
Оқушылардың туындыларын «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров, «Жалын» сауықтыру лагерінің директоры, суретші Әділбек Бәйменов, аудандық газет бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков бағалады.
Нәтижесінде ұсынылған суреттің байқау тақырыбына сәйкестігі, тақырыптың толыққанды ашылуы, өзектілігі, тартымдылығы, орындау сапасы мен технологиясы ескеріліп, жеңімпаздар анықталды. Жүлделі І орынмен 36 мектеп оқушысы Айым Байжанова марапатталса, ІІ орынды 36 мектеп оқушысы Әлсина Әділбекқызы иеленді. Ал 126 мектеп оқушысы Айым Төлетаева жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Қалған 12 қатысушыға ынталандыру сыйлығы берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, Алғыс хат және бағалы сыйлықтар табысталды.
Марапаттау салтанатында «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру ортақ міндет екенін айтты. Сондай-ақ сурет салуға икемді оқушыларға сәттілік тілеп, тілектестігін білдірді.