Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сурет байқауы
Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен аудандық сурет байқауы өткізілді. Байқауды «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қоры ұйымдастырып, «Жалын» сауықтыру лагеріндегі демалушылар қатысты.
Сурет байқауының ережесі алдын ала аудандық газеттің электронды сайтында, әлеуметтік желілерде жарияланды. Хабарландыруға сәйкес 13 қатысушы тіркеліп, оқушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында сурет салды. Балалардың шығармашылығын арнайы құрылған комиссия бағалап, комиссия құрамында тәуелсіз сарапшылар, қоғамдық ұйым өкілдері немесе басқа да ауданға белгілі азаматтар болды.
– Бұл байқаудың мақсаты мен міндеті – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, жемқорлықтың ел дамуына кері әсер ететінін оқушылар санасына сіңіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, оның зиянын насихаттау. Сонымен қатар біз балалардың жемқорлыққа қарсы салған суреттері арқылы қоғамдық сананы жаңғыртуды көздедік. Байқауға аудан мектептерінің оқушылары қатысты. Байқау жалпыға ортақ және қолжетімді болуы үшін аудан орталығындағы «Жалын» сауықтыру лагерінің базасында өткізілді, – деді «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы М.Омаров.
Байқау қорытындысында комиссия шешімімен жеңімпаздар анықталды. Жүлделі І орынды Асылзат Қожабаева иеленді. Ал ІІ орынмен Анар Жақсылық, ІІІ орынмен Аяулым Бекбергенқызы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Қалған қатысушылардың барлығы ынталандыру сыйлығын алды. Марапаттау салтанатында «Жалын» сауықтыру лагерінің директоры, суретші Ә.Бәйменов оқушылардың еңбегін бағалауда ұсынылған суреттің байқау тақырыбына сәйкестігі, тақырыптың толыққанды ашылуы, өзектілігі, тартымдылығы назарға алынғанын жеткізді. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты, «Жастар рухы» жастар қанаты аудандық бөлімшесінің жетекшісі А.Ибрагимұлы жеңімпаздарды құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
«Тт» ақпарат