Абыройы асқақ, қойнауы құт – Шіркейлі

Колхоздастыру кезінде «Қызыл Ту» колхозы аталған шаруашылықта 1955 жылы жүз шақты отбасы тұрған. Ауыл өндірісінің дамуына байланысты 1967 жылы «Қызыл Ту» колхозы «Шіркейлі» совхозы болып қайта құрылады. Шаруашылық директоры Жаңабай Азаматовтың басшылығымен Шіркейлі бойынан ұзындығы 25 шақырымдық «Бесөзек» («Қожарық») арнасын қаздыру қолға алынған. Бұл арна елге құт-береке әкелді. Шаруашылық 1966 жылдан бастап күріш егудің шебері атанды. Кеңшар бірнеше мәрте Ескерткіш Қызыл Туға ие болып, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңімпазы атанды. «Шіркейлі» ұжымшары 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды, ҚССР-ның Алтын Құрмет кітабына жазылды. Ауыл экономикасының көтерудің алғы шебінде жүрген диқандар қатары көбейіп, ауылдың даңқын асырған ерен еңбек иелері шықты. Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстафаева Сыр салысынан мол өнім жинап, Қазақстан Компартиясының ХҮ съезіне делегат болып қатысты. Орталық комитет мүшелігіне сайланды. 1980 жылы ең жоғарғы награда Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Бұл жоғарғы атақ ауыл еңбеккерлеріне берілген, еңбекке көрсетілген құрмет еді. Сонымен қатар бірқатар күрішшіге халық сенім артып, республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. Солардың бірі – жауынгер, соғыс ардагері, күріштен мол өнім алғаны үшін кеудесіне Ленин, Қызыл Ту ордендері мен басқа да үкімет наградалары тағылған Қыдырқожа Майлықожаев. Ауыл түлегі, күріш өндірудегі ерен еңбегі үшін Орынкүл Сүлейменова Ленин, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар еңбек жолын қатардағы күрішші болып бастап, кейіннен күрішшілер звеносын басқарған Бексұлу Синаева Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды. Атақты күрішші «Еңбек даңқы» орденінің екінші және үшінші дәрежелі иегері, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің екі мәрте күміс медалімен марапатталды. Ауыл шаруашылығында жетістіктерімен аудан, облыс көшін бастаған совхоздағы партия ұйымының хатшысы Нұрылла Нақыпов, бас агроном Төлеу Қарабөпеев, бас экономист Нұрылла Әлиакбаров, инженер-механик Кеңес Бошайбеков, ауылдық кеңесті бірнеше жыл басқарған Байділда Жүсіпбеков, мал дәрігері Батырхан Наурызбаев білікті, парасатты ұйымдастырушылар болатын.
Әлемдік деңгейде танылған хас талант, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, ақын-жазушы Әбіраш Жәмішев Шіркейлінің мақтанышына айналған елдің тұлғалы азаматтары.
Бүгінде 3 мыңға жуық халық тұратын ауылда заманауи үлгіде салынған мектеп-лицей, емхана, балабақша, мәдениет үйі, кітапхана, спорт, әуез мектебі тұрғындарға қызмет етіп келеді. Ауылдағы білім ошағы білім беруде алдыңғы қатарда. Ауыл кәсіпкерлері ауыл келбетін өзгертуге, гүлдендіруге атсалысуды мақсат еткен. Ауыл орталығынан ашылған қоғам және мемлекет қайраткері, еңбек ардагері Жаңабай Азаматов атындағы алаң жас отаулардың тағзым етер қасиетті орнына айналғандай.
– Ауылда 511 отбасында 2693 халық тұрады. 239 зейнеткеріміз бар. Алтын алқа алған – 33, Күміс алқалы – 52, 7 – Батыр анамыз бар. 1087 экономикалық белсенді халықтың ішінде жалдамалы жұмыс жасайтындар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар бар. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» оның ішінде «Іскер» бағытымен екі ауыл тұрғыны несие алып, бірі ірі қара мал басын көбейтуге, екіншісі жүк көлігін алуға қаржыландырылды. Мұнан басқа «Микробизнес – Қызылорда» бағдарламасымен екі кәсіпкер қаржыландырылды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты», «Кең дала» бағдарламасының игілігін көріп отырған тұрғындар да бар. Жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін конкурсқа қатысқан бірнеше ауыл тұрғыны мал шаруашылығын қолға алып, кәсіпкерлігін бастап кетті, – дейді ауыл әкімі Талғат Құламқадіров.
Шежірелі ауылдың бүгінгі келбетіне көз сүйсінеді. Ауыл тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалып, ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға байланысты атқарылған жұмыс аз емес. Даңқы еңбек адамдарымен, ақын-жазушыларымен шыққан Шіркейлі ауылының тұрғындары берекелі тірлікке ден қойған.
Бибісара ЖАНӘЛІ