Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмір жолы – өнеге Жаңабай Азаматов

Өмір жолы – өнеге Жаңабай Азаматов

Әр заманда қатарынан оза туған, халықтың құрметіне бөленген асыл азаматтарға қазақ халқы кенде емес. Тарих тереңіне үңілер болсақ, кешегі аумалы-төкпелі, ел басына күн туған қилы заманда да, бүгінгі жайма-шуақ бейбіт заманда да елдің ертеңін ойлаған, көрегенділік танытып, ұрпаққа өнеге болған арда азаматтарымыз жетерлік. Сондай азаматтарымыздың бірі Сырдария ауданының тарихында «Шіркейлі» шаруашылығын ширек ғасырға жуық басқарып, кезінде атағы бүкіл Қазақстанға, әсіресе Кеңес Одағына танылған үлкен жүректі азамат Жаңабай Шөкенұлы Азаматовтың туғанына 110 жыл толып отыр. 

Жаңабай Азаматов 1913 жылы Тереңөзек ауданының «Қызыл Ту»колхозында кедей шаруа отбасында дүниеге келген.  Ол 1929-1930 жылдары бастауыш класты бітіргеннен кейін Қызылордадағы педагогикалық техникумға оқуға түседі. 1934-1939 жылдар арасында «Қызыл Ту» мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып, білімді шәкірттер даярлауға атсалысады. 1939-1941 жылдары Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық партия комитеті әскер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1941-1944 жылдары Отан соғысына қатысып, ротаның саяси жетекшісі болды. Соғыстан кейінгі жылдары Сырдария аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, Жаңақорған аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. 1948-1951 жылдары жоғарыпартия мектебінде практикалық қызметін теориялық біліммен толықтырды. 1950-1955 жылдары Сырдария аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Тереңөзек аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасы, Алмаесек машина-трактор станциясында партбюро хатшысы болып қызмет етті. 1955 жылдан 1983 жылға дейін үздіксіз туған ауылында колхоз бастығы, кеңшар директоры болып 30 жылдай ел басқарған.

Елімізде 1956 жылы ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, колхоздар құрыла бастады. Сол кезде Талап, Қызылту, Құрайлы және  Қызыл жалау колхозы бірігіп, «Қызыл ту» құрылды. Колхоз  төрағасы болып іскер азамат Жаңабай Азаматов тағайындалды.

Өз естелігінде Ж.Азаматов«Қызыл Ту» колхозын қабылдап алғандағы жайды«колхозшылардың ауыр тұрмысын көрдім, еңбек күнге болмаса,ақша жоқ екен. Бар болғаны 100 отбасы тұрады, 365 гектар жерге күріш егеді. Егіске себетін тұқымды Жаңақорғаннан алдырдым. Соны егіп, мол өнім алып алғашқы астықпен елді тойдырдық»деп жазады. Ұйымдастырушылық қабілеті мол Жаңабай колхоздың  табысын тасытты. Жаңақорғаннан сатып әкелген 250 центнер бидай тұқымы мол астықтың бастауы болған еді.

Жаңабай Азаматов Шіркейлі бойына келісімен ұзындығы 25 шақырымдық Бесөзек арнасын қаздыртуды қолға алды. Бұл арна елге, жерге құт-береке әкелді. Шаруашылық 1966 жылдан бастап күріш егудің шебері атанды. Совхоз бірнеше мәрте Ескерткіш Қызыл тулар алып, Алтын кітапқа жазылып, Бүкілодақтық Халықшаруашылық жетістіктері көрмесінің жеңімпазы атанды. 1966 жылы 276 мың, 1970 жылы 296 мың, 1975 жылы 649 мың сом таза пайда тапты. 1967 жылы «Қызыл Ту» Шіркейлі совхозы атанды.

Шіркейлі кеңшарын басқарған Ж.Азаматов ауылдың әлеуметтік жағдайын, ауыл шаруашылығын, экономикасын өркендетуге бар күш-жігерін салды. Іскер азамат басқарған жылдары совхоз «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Оның тұла бойында іскерлік қасиеттен бөлек, адамгершілік, адалдық пен жомарттық та табылатын. Саналы өмірі мен қызметін жемісті нәтижелерге бағыттап, ұтқыр ұйымдастырушы қабілетімен де дараланды. Соның арқасында есімі тек республикаға ғана емес, бүкіл Кеңес одағы көлемінде белгілі болды. Шағын ауылдың әлеуеті көтеріліп, шаруашылық өнім өндіруден жоғары көрсеткішке жетіп отырды.

Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, білікті кадр даярлауға үлес қосты. Қаншама жасты ауылшаруашылық саласына бейімдеп, мамандық алуына септігін тигізді. Өңірдің ауыл шаруашылығына және өзге де салаларына сіңірген қызметіеленіп, еңбек майданындағы ең жоғары, беделді саналған «Ленин» және «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

Әр адамның өзіне тән ғұмыр жолы бар. Бірақ еткен еңбегі, жеткен жетістігі, көрген бейнеті мен зейнеті әрқилы қалыптасады. Жаңабай Азаматов ең алдымен кісілік келбеті жарқын, көңілі ашық, пейілі кең, жүктелген жауапкершілік пен міндетті мүлтіксіз іске асырған басшы, ұстанымы мықты маман ретінде танылды. Ол еңбек адамын жоғары бағалады. Ісіне адал, қызметіне ұқыпты ауыл азаматтарын жоғары көтеріп, шаруашылық озаттарының  марапат төрінен көрінуіне  атсалысты.

Ерекше болмысымен дараланған, жүрегі кең, білімі терең Жаңабай Азаматов өмірінің соңына дейін өз ұстанымына адал болып, тынымсыз қызмет етіп, өнегелі жолын қалыптастырды. Өңірдің дамуына қосқан еңбегі еленіп, халықтан жоғары бағасын алды. Оны үзеңгілес әріптестері асыл қасиеттерімен қатар, еңбеккештігі  үшін үлгі етті.

Айжан ЖҰМАБЕКОВА,
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы
18 қыркүйек 2023 ж. 197 0