Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік елдің айбыны

Мәңгілік елдің айбыны

4 маусым – еліміздің егемендігі мен тұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандарымыз – Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран ресми түрде қабылданған күн, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылы осы күні тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа Мемлекеттік рәміздері бекітіліп, тарихымыздың жаңа парағы ашылды.

Мемлекеттік нышандарды құр­­­­­­­мет­­­теу – әрбір аза­маттың қас­терлі міндеті. Ел тарихына жүгінсек, ата-бабаларымыз туын тік ұстап, ұрыс барысында жанын қиса да, Туды төмен түсір­меген. Соның нәтижесінде, егемендікке қол жеткіздік. Мі­не осындай мемлекеттік ны­шан­­ға деген құрметті үлгі ете отырып, жастарға насихат­тау, отансүйгіштік сезімін жоға­ры­лату – баршамыздың боры­­шы­мыз. Елдігіміздің нышаны саналатын рәміздер – хал­қы­мыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен дана­­­лығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Елтаң­ба­мыз ел тарихының тере­ңі­нен тамыр тартып, ұлттық рухы­­мызды асқақтатып, ша­ңыра­ғы­мыздың беріктігін паш етіп, рес­­­публикамыздың қа­натты тұл­­­­пар­дай ұшқырлығын айғақ­тап келеді. Биыл Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік рә­міздері қабылданғанына 33 жыл толып отыр.

Мемлекеттік рәміздер – ұлт рухының, ел болмысының, ха­лықтың біртұтастығы мен тәуел­сіздігінің белгісі. Қазақтың көк Туы – бейбіт аспан ас­тындағы еркін елдің символы болса, Елтаңбамыз – бай мәдениетіміз бен тарихымыздың көрінісі. Ал Әнұранымыз – хал­қымыздың жүрек үніндей, ұлт рухын биікке көтеретін асқақ ән. Рәміздерде халықтың сан ғасырлық таным-түйсігі, арман-мұраты, дәстүр-салты көрініс тапқан. Ашық аспан, алтын күн, қалықтаған қыран құс бедерленген Туымыз­дың, тарихтан сыр шер­тетін Елтаңбамыздың, сөзі жүректі шымырлатып, әнімен үйлесім тапқан Әнұранымыздың көз­ге ыстық көрініп, жүректі елжі­рететіні де содан.

Тарихқа ден қойсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы советінің қаулысымен «Қазақ Советтік Социа­листік республикасының Мем­лекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданып, тарихи құ­жатқа қол қо­йылды. 17 тармақтан құрылып, мем­­­­­лекеттің негізгі нышаны мен заң­­дылықтарын айқындап берген құжаттың 16-тармағында «Қазақ ССР мем­­лекеттік егемендігінің символ­да­­ры – герб, жалау, гимн – қасиетті болып табылады және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланады» деп бекітілді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде, Тәуелсіздік нышандары бірауыздан мақұлданып, қабылданды. Қаулы ресми түрде күшіне енгеннен кейін 6 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының үлкен залында тәуелсіз еліміздің тұңғыш мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесері салтанатты түрде өткізіліп, рәміз авторлары бұл жиынға қатысқан. ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасының Жо­ғарғы Кеңесі тәуелсіз мемлекеттің жаңа символдарын қабылдап, Президент резиденциясының Жоғарғы Кеңес үйінің төбелеріне мемлекеттік Туды көтерген сәтте 21 рет зеңбірек оғы атылып, мереке соңы отшашуға ұласқан. Бірақ бұл уақытта мем­лекеттік Әнұранның сөзі мен әнін нақтылау үшін арнайы құрылған топ үздіксіз жұмыс жасап жатырған еді. Бірнеше нұсқа сарапқа салынып, 11 желтоқсан күні «ҚР мемлекеттік Гимні туралы» заңға қол қойылған. Ал 2006 жылы қазіргі Әнұран «Менің Қазақстаным» әні Парламентте бекі­­ті­ліп, гимннің жаңа нұсқасы қол­данысқа енді.

Рәміздеріміз – біз үшін тек бел­гілер ғана емес, олар – Отанға деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің көрінісі. Әрбір азаматтың жүрегінде рәміздерге деген құрмет пен мақ­таныш сезімі болуы тиіс. Себебі бұл – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Айта кетейік, ауданда Мемлекеттік рәміздер күні жыл са­йын жоғары деңгейде атап өтіледі. Тәрбие сағаттары, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, жастар арасында патриоттық тәрбие нығая түсуде. Бұл – ел ертеңі үшін жасалып жатқан маңызды қадам.

Бұл күн барша қазақстандықтар үшін Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, елдік сананы қалып­тас­тыратын маңызды мереке болып қала бермек.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
03 маусым 2025 ж. 304 0