Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Ардақты ағайын!
Қадірлі жерлестер!

Сіздерді еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

1992 жылы 4 маусымда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның «Мемлекеттік рәміздері туралы» заңға қол қойды. Осылайша, біз жер шарында Қазақстан Республикасы атты егеменді мемлекет бар екенін дәлелдедік. Сол сәттен бастап бұл қазақстандықтар үшін басты мерекелердің біріне айналды.

Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендігінің, ел болашағына деген сенімінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер» деп рәміздердің ел өміріндегі маңызын сипаттаған болатын. Ендеше, азат елдің бірден-бір нышаны саналатын рәміздерімізді қастерлей білу – бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың парызы.

Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы өзімен тілектес, экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген шет мемлекеттерде желбіреп тұр. Мемлекеттік Гимн мен Туымыз еліміздің дарын иелері мен спорт саңлақтарының арқасында олимпиадалық ойындар мен әлем чемпионаттарында биіктерге көтерілуде. Бұл біз үшін зор мақтаныш.

Қазақ жұрты қашанда туған жерін ерекше қадірлеген. Сондықтан да халқымыз өз Отанын, өз халқын, өз тілін, өз мемлекетінің рәміздерін, салт-дәстүрін жүрекпен сүйе білген әрі ұрпағын да соған тәрбиелеген.

Құрметті сырдариялықтар!

Тәуелсіздігіміз баянды, бірлігіміз бекем болсын! Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі құтты болсын! Көк Туымыз көгімізде мәңгі желбірей берсін!

Құрметпен,
Мұрат Ергешбаев,
Сырдария ауданының әкімі
04 маусым 2021 ж. 424 0