Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдіктің белгісі

Елдіктің белгісі

Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Қы­зылорда облысының мемлекет­тік ар­хиві» КММ-нің Сырдария аудан­дық фи­­лиалында дөңгелек үстел өтті. «Мем­ле­кеттік рәміздер – Тәуелсіз­дігіміздің бас­ты құндылықтары» тақыры­бындағы жиында мемлекеттік нышандарға құрмет көр­сету қажеттілігі насихатталды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне, ел­ді­гіміздің символдарына құрмет көрсету мақсатындағы дөң­­гелек үстелде аудандық филиал басшысы Р.Турикбаев ме­­рекемен құттықтап, айтулы іс-шараның маңыздылығына тоқ­талды.

– Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қас­терлі міндеті. Ел тарихына жүгінсек, ата-бабаларымыз туын марқая, мақтана тік ұстап, ұрыс барысында жанын қиса да Туды төмен түсірмеген. Соның нәтижесінде, егемендікке қол жеткіздік. Міне осындай мемлекеттік нышанға деген құрметті үлгі ете отырып, жастарға насихаттау, отансүйгіштік сезімін жоғарылату – баршамыздың борышымыз. Елдігіміздің нышаны саналатын рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаћармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Елтаң­бамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, рес­пуб­ликамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне ме­рейлі 30 жыл толып отыр, – деді аудандық филиал басшысы.

Жиын барысында Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі айтылды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының мем­ле­кет­тік рәміздері туралы» Заңда көрсетілген «Қазақстан» ата­уын латын графикамен «Qazaqstan» деп стандарттың бүкіл мә­тіні бойынша жазу бөлігінде енгізілген өзгерістер де атап өтілді. Дөңгелек үстелге қатысушылар Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге қатысты өз ойларымен бөлісті. Әсіресе, қазіргі жастар арасында жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оларды ұлттық құндылықтарымызға құрмет көрсетуге тәр­биелеу керектігі айтылды.





Ердос БЕРКІНБАЕВ
04 маусым 2022 ж. 373 0