Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата-аналар риза, балалар мәз

Ата-аналар риза, балалар мәз

Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылының сүйінші жаңалығын ақпараттандыру бағытында тағы да қолға қалам алдық. Бұл жолы ата-аналар мен балалардың қуанышына ортақтаспақ ниеттеміз. Өйткені, биыл ауыл балалары үшін ерекше жыл. Елді мекенде қос бірдей ойын алаңы балақайлардың игілігі үшін пайдалануға берілді.

Өзге ауылдармен салыстырғанда Шаған ауылының халқының саны едәуір көп екені белгілі. Ауыл әкімдігі берген мәлімет бойынша, соңғы жылдары елді мекенде бала туу көрсеткіші де артып келеді екен. Бұл әрине қуанышты жаңалық. Себебі, халқымызда әр баланың өз несібесі бар екенін айшықтайтын «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген берекелі сөз бар. Сол балалардың берекесі шығар биыл Шаған ауылында бірден екі ойын алаңы салынды.

Жаңадан бой көтерген екі ойын алаңының бірі ауылдағы Жүсіпәлі Омаров көшесінде орналасқан. Аталған көшенің тұрғыны, алты немеренің әжесі Анар Сүлейменованың айтуынша, пайдалануға берілгеніне көп уақыт болмаған ойын алаңы бүгінде балалардың сүйікті мекеніне айналған.

– Жасыратыны жоқ, бұрын балаларымыз көше бойында ойнайтын. Ата-ана болған соң алаңдап автокөліктер қағып кетеді ме деп қорқатынбыз. Жақында ашылған ойын алаңы балаларымыз үшін жақсы болды. Енді балаларымыз үшін аса алаңдамаймыз. Түрлі әткеншектер мен ойын құралдары балаларымызға ыңғайлы етіп салынған. Тек күтіп ұстау керек. Ол үшін әр ата-ана балаларына айтып отыруы қажет деп ойлаймын, – дейді ақ жаулықты ана.

Ардагердің сөзін көпбалалы ана Гаухар Бөгенбаева да қуаттай түсті. Ол балалардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында қолдау көрсеткен жергілікті билік өкілдеріне ризашылығын білдірді.

– Шаған ауылы – берекелі, тарихы терең, атақты ауыл. Ауылымыздан көптеген тұлғалар шықты. Солардың бәрі табаны құмға, маңдайы күнге күйген ауыл балалары ғой. Бүгінгі балалардың арасында да оқуда озат оқушылар бар. Олардың болашағына сеніммен қараймыз. Осы ретте ауыл балаларына ерекше тарту жасаған облыс, аудан, ауыл әкімдігіне алғысымыз шексіз. Балалар бақытты болса, ата-ана бақытты емес пе?! Көзқуаныштарымыз аман болсын, ойын алаңы құтты болсын!, – дейді көпбалалы ана.

Ауылдағы екінші ойын алаңы Т.Мұхамеджанов көшесінен салынып, пайдалануға берілген. Мұндағы тұрғындардың да ойын алаңының сапасы жөнінде пікірі жақсы. Т.Мұхаммеджанов көшесінің тұрғыны Айман Ысқақова бізге әзіл-шыны аралас өз ойын айтты. «Бұрын балаларымызды іздесек, бір-бірімізге қоңырау соғатынбыз. Қазір бірден ойын алаңына келеміз. Себебі, көше балаларының барлығы осында. Ойын алаңы олардың арасындағы достықтың нығаюына да оң әсер етуде» дейді ол.

Осы ретте ойын алаңын мердігер мекеме «Мұрат Құрылыс и К» салғанын және әр ойын алаңына бюджеттен қаржы бөлінгенін атап өту керек. Ата-аналар мен балалардың жүзіндегі қуанышқа қарап, бағытталған қаржы текке кетпегенін аңғаруға болады. Лайым, биылғы жазды зор қуанышпен қарсы алған Шаған ауылы гүлдене берсін!

02 тамыз 2020 ж. 835 0