Төл басылымды түгел қолдаған ұжым
Қазіргі таңда ақпараттық кеңістікте ұлттық құндылықты дәріптейтін төл басылымдардың рөлі айрықша. Баспасөзге жазылып, басылым таралымын арттыруда үлгілі ұжымдардың орны ерекше. №1 «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасы қызметкерлерінің ұйымшылдығы ауданның үнжариясына айналған газетке түгел жазылудан байқалды. Тұрақты оқырмандарымен қатар тұғырлы тарихымен ерекшеленетін аудандық газет әр үйдің төрінен табылмақ.Ауданның білім саласында бастапқы баспалдақ ретінде балабақшаларды аңғарамыз. Әр істі тыңғылықты атқару мен ұйымшылдық басты назарда екені белгілі. Іргелі ұжым, өнегелі маман ретінде №1 «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасы басылым таралымын арттыруда. Аталған мекемеде 37 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде олар 10 дана «Сыр бойы», 30 дана «Тіршілік тынысы», 3 дана «Кызылординские вести», 2 дана «Ақмешіт жастары», 2 дана «Халық», 1 дана «Егемен Қазақстан», 1 дана «Казахстанская правда», 1 дана «Айқын» газетіне жазылды. Әр маманның таңдауын келістіріп, ақпарат көзімен сусындауда сүбелі үлес қосқан мекеменің психологы Жайна Файзуллақызының баспасөзге жазылуда еңбегі зор.
– 2025 жылдың ІІ жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны ойдағыдай өтті. Жергілікті тұрғындарды және әр мекеменің қызметкерлерін ақпараттандыруда аудандық газеттің атқарар рөлі маңызды. Қоғамдық-саяси, рухани-мәдени ақпараттар және ауданның елеулі жаңалықтары үнемі жариялану үстінде. Газетке жазылу арқылы мекеменің мамандары түрлі ақпарат пен жаңалықтарға қанық болады. Соңғы мәселелер мен мәдени іс-шаралардың орын алуынан да хабардар болып отырамыз. Негізгі төл газетімізге жазылу науқанынан құр қалған емеспіз. Басылым құнды әрі тарихқа толы маңызға ие екені мәлім. Бүлдіршіндерге бас-көз болумен қатар басылымдағы әр ақпаратпен таныстырсақ, келешек ұрпағымыз көпке үлгі болары анық, – деді мекеме басшысы Ақанай Шоханова.
Ұжымның басты ерекшелігі – шығармашылық ізденіс пен кәсіби жауапкершілікті үйлестіре білуінде. Ал төл басылымның артықшылығы – ұлттық болмысты, тарихты, дәстүр мен салтты тереңнен қозғап, ұлт руханиятының айнасына айналуы. Ауызбіршіліктің үлгісін көрсеткен №1 «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасы ұжымының білім саласында қажырлы еңбегі көпшілікке мәлім.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ











