Төл басылымға – тұрақты қолдау

Жылдағы дәстүрмен «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Дархан Ералиев басқаратын шаруашылық «Мағжан және К» ЖШС облыстық «Сыр бойы» газеті мен 200 дана аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне жазылды. Білікті басшы, абыройлы азамат басқарып отырған іргелі ұжым әрқашанда төл басылым, аудан айнасы саналатын баспасөзге әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Әрине, бұл дегеніміз – білікті басшы мен бірлігі бекем ұжымның ауызбіршілігі және қазақ баспасөзіне деген құрметі.
Айта кетейік, Нағи Ілиясов ауылындағы үздіктер көшін бастаған шаруашылық биыл 4500 гектар жерге Сырдың басты дақылын еккен. Ерте көктемнен бастау алған егін науқаны ала жаздай тоқтаусыз жүргізілді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде қамба астыққа толды. 450 адамды жұмыспен қамтып отырған іргелі шаруашылық орта есеппен 68,5 центнер өнім алған.
– Біздің шаруашылық мерзімді басылымдарға тұрақты жазылып келеді. Соның ішінде аудан айнасы болған «Тіршілік тынысы» газетіне ең алдымен жазылып, жарыққа шыққан әр нөмірін қалт жібермеуге тырысамыз. Өйткені газет тілшілері шаруашылықтардың жұмысы мен ілкімді істерін ақпараттандырып, еңбеккерлерге қолдау білдіруді назардан тыс қалдырмайды. Алдағы уақытта да аудан айнасы саналатын «Тіршілік тынысы» газетіне тұрақты түрде жазылып, қолдау білдіреміз деп сеніммен айта аламыз, – деді іскер ұйымдастырушы, аудандық мәслихат депутаты Дархан Жұмашұлы.
Жыл сайынғы газетке жазылу науқанында шаруашылықтардың ішінде алғашқылардың бірі болып жазылатын «Мағжан және К» серіктестігінің ұжымына қолдау көрсеткені үшін айрықша алғыс айтамыз!
Т.ШАНЖАРХАНОВА