Жергілікті газетке түгел жазылған ұжым
Газет оқырманымен құнды. Ал оқырман қауым мазмұнды газетті оқығысы келеді. Осы ретте Сырдария аудандық Оқушылар үйінің ұжымы мазмұнды ақпараттарға толы жергілікті басылымдарға жазылуды үрдіске айналдырған. Іргелі ұжым аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газетіне де тұрақты түрде жазылып, мерзімді баспасөз арқылы ауданның тыныс-тіршілігімен танысып келеді.
2022 жылдың екінші жартыжылдығы үшін газетке жазылу маусымы басталғалы аудан тұрғындарының басылымға жазылу белсенділігі жоғары. Бұл өз кезегінде халықтың сауаттылығы мен қоғам өмірінен ұдайы хабардар болып отыруды қолдайтын ашық көз бен ояу көкіректілікті көрсетсе, бір жағынан, аудан айнасына айналған басылымның күн санап оқырмандарды қызықтырып, өзіне тартып келе жатқандығын байқатады.
Осы ретте, тұрғындармен қатар мемлекеттік мекемелер де жергілікті газетке ұжым болып жазылуда. Сондай белсенді ұжымдардың бірі – Сырдария аудандық Оқушылар үйінің ұжымы. Ерекше айтып өту керек, ұжымдағы барлық қызметкер аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне жазылған. Басылымның тұрақты оқырманына айналған мекеме қызметкерлері редакциямен ұдайы байланыста.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм үні» деп басталатын мақаласында «...адамға көз, құлақ, тіл қаншалықты керек болса, халыққа да газет соншалықты керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деп ой қорытады. Біз бұдан адам өмірінде мерзімді басылымдардың алатын орны жоғары екенін аңғарамыз. Біздің ұжым жергілікті газеттен бөлек республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Халық», облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» газеттеріне де жазылып келеді. Аталған газеттердің ішінде өзіміздің төл басылымымыз «Тіршілік тынысы» газеті біздің оқушылармен бірге ұйымдастыратын іс-шараларымызға ақпараттық қолдау көрсетуде. Біз редакциямен әріптестік байланысты нығайтуға әркез дайынбыз, – дейді аудандық Оқушылар үйінің директоры Әділбек Бәйменов.
Баспасөзге жазылу науқанында Оқушылар үйінің ұжымын өзге мекемелерге үлгі етіп, ұжыммен жазылуды үрдіске айналдыруға шақырамыз. Ал қазақ баспасөзіне қолдау көрсетіп, ауызбіршілік пен ұжымдық еңбектің жарқын үлгісін көрсетіп отырған іргелі ұжымға жұмыста жеміс, шығармащылық табыс тілейміз.
А.СЕЙІЛОВ