Іргелі ұжым басылым таралымын арттырды
Сырдария аудандық ауруханасында 730 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 76 дәрігер, 390 орта буын және 117 кіші буын қызметкері бар. Іргелі ұжым аудандық газеттің тұрақты оқырманы саналады. Білікті басшы Жалғасбек Үсенов басқаратын аурухана ұжымы кезекті мәрте баспасөз науқанына белсене қатысып, аудан үнжариясының таралымын арттыруға үлес қосты.
Төл басылымның тұрақты оқырманына айналған ақ халатты абзал жандар жылдағы дәстүр бойынша баспасөзге қолдау көрсетуден жаңылған емес. Бірлігі бекем, тірлігі көркем ұжымның мамандары 2025 жылдың 6 айына 386 дана «Тіршілік тынысына», 151 дана «Сыр бойына», 19 дана «Кызылординские вести», 1 дана «Ақмешіт апталығы», 18 дана «Халық», 1 дана «Жалағаш жаршысы» газетіне жазылды. Бұл дегеніміз – 576 оқырманның үйіне басылым барады деген сөз.
Сексен бес жылдық тарихы бар аудандық басылым Сырдария аудандық ауруханасы ұжымымен әрқашан тығыз байланыс орнатып келеді. Тұрақты түрде аудандық аурухана ұжымының сан салаға бөлінген жұмысын ақпараттандыру – басты назарда.
– Қаламгерлер ауданның тыныс-тіршілігін, шежіресін, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени жаңалықтарын баспа бетінде үнемі жариялап отырады. Газеттің әр нөмірін асыға күтетін оқырман үшін көптеген құнды ақпарат ұсынылады. Баспасөзге жазылу науқанында аудандық аурухана ұжымы межелі жоспарды орындауға барын салады. Біздің мекемеде баспасөзге жазылуға салалық орынбасарым Жанар Жұмабаева мен жауапты маман Ұлжан Абдуллаева бөлініске сай ұжым мамандарына түсіндірме жасап, толықтай жаздыруға ықпал етеді. Берекесі тасыған іргелі ауданның үнжариясына айналған басылымның беделі қай кезде де биік. Басылымның табалдырығы – төр, төрі – тұғыр екенін жақсы білеміз, – дейді бас дәрігер.
Балтабай ОРДАБЕКОВ