Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналист болу – арманым

Журналист болу – арманым

Қазақстан – менің Ота­ным, туған жерім! Менің егемен елімнің келешегі кемел болуы үшін қандай үлес қоса аламын?! Менің қызметім болашақта Қазақстанның дамуына қалай көмек­теседі?! Мұндай сауалдар кеудесі «қазақ» деп соққан әр адамның көкейінде болуы шарт. Ал бұл сауалға үлкен салмақпен қарайтын, елінің патриоты ретінде жауабым – менің таңдағалы отырған мамандығым, кәсібім, қызметім – тәуелсіз еліміздің туының тұғырлы болуына қызмет етері сөзсіз.

Арман… Мақсат… Болашақ… Егіз ұғымдай қатар аталатын бұл сөздердің астарына үңіліп қарасаңыз, үлкен мән жатыр. Арманы асқақ әр саналы ұрпақ алдына мақсат қойып, болашағына нық сеніммен қадам басары анық.

Арман… Менің телеарналардағы дикторларға еліктеп, оқиға орнында шұғыл интервью алып жүретін тілшілерге назарым сонау балалық шағымда ауып, 12 жасымнан бері журналист атануды армандап келемін. Теледидардың ар жақ бетінде тұрып, тікелей эфирді, иә болмаса жаңалықтарды, тіпті концерт бағдарламасын жүргізіп тұрған журналистердің өзін-өзі ұстау шеберлігі, өзіне деген сенімділігі, батылдығы, батырлығы мені таң-тамаша ететін. Тілшілердің тірлігіне тамсанып жүргенде өзіме «Қашан камера алдында дәл осылай күлімсіреп, халықтың назарында жүреді екем?» деп сұрақ қойып, терең ойға шомылатын едім. Осы арманмен алысқа қол созғым келетін мен уақытымды зая кетірмей, ізденісте жүрдім. Журналистиканың тарихын, түпкі тамырын, журналистке тән шеберлік, бұқаралық ақпарат құралдарына тән ерекшеліктер мен стиль – бәрін-бәрін зерттеп, санама сіңіріп келемін.

Мақсат… Мақсатым – ол әрине, елге танымал, білікті де кәсіби журналист атану.

«Адам өмірінде мамандық таңдаудан қателеспеу керек» дейді. Саналы адам саналы түрде мамандық таңдау қажет. Алға қойған биік мақсаттарымның біріне қол жеткізу үшін мен журналистика саласына кәсіби түрде даярлайтын, жан-жақты, креативті, терең білім беретін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін таңдау туралы шешімге келдім. Дәл осы оқу орны менің болашаққа нық қадам жасауыма бірден-бір себепкер болатынына сенемін.

Журналистиканы әркім әрқалай түсінеді. Бірі журналист – төртінші билік өкілі десе, екіншісі – ақпарат таратушы дейді, ал келесі біреуі – репортер, тілші деп жатады. Иә, келісемін, атап айтқандардың бәрі дұрыс. Өйткені журналистика – жан-жақтылықты талап ететін, жүгі ауыр, жауапкершілігі мол сала. Дәл осынысымен ерекше. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» демекші, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық.

Зерттеулерге сүйенсек, 2030 жылға қарай әлемде 57 мамандықтың болашаққа керегі болмай, жойылып кететін көрінеді. Ал егемен еліміздің мәртебесін биіктетіп, дамыған елдердің қатарынан орын алуына өз үлесімізді қосуымыз үшін жан-жақты білім алуымыз керек. Білім және ғылымды игере отырып қана еліміздің абыройын асқақтатарымыз сөзсіз.

Журналистика – қиын да қызықты мамандықтардың бірі.

Тапқырлық, шыдамдылық пен батылдықты қажет ететін мамандық. Дегенмен, қызығы мен шыжығы қатар жүретін қызықты мамандық еңбекқор болумен қатар, жауапкершілігі мол тіл жанашыры болуға тәрбиелейді. Сонымен қатар бұл мамандық иелері қарапайым халық пен қоғам арасындағы көпір секілді. Сондықтан олар тек шындықты айтатын, әділдікті жақтайтын журналист болуды мақсат етеді. Сонда ғана ол сөзге шешен, ұтқыр ойлы, жан дүниесі әсем, кез келген адаммен сөз табыса алатын, қарапайым, білімді адамдар қатарынан болмақ.

Журналистика – күш, ашық пікір, шынайы мінез, тұңғиық ой, талғампаз көзқарас анық көрінетін бірден-бір мамандық. Қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді қозғайтын да – осы сала. Сондықтан осы мамандықтың хас шебері болуды армандаймын. Сол жолда ұшқыр ойыммен, киелі қаламыммен қасқайып қарсы тұратын асқақ ойлы азамат боламын деп ойлаймын. Ол үшін жоғары білім алып, халқыма адал қызмет етемін. Ащы болса да, шындықты жақтайтын, шындық үшін күресе білетін, өз ісімнің маманы боламын. Кім біледі, мүмкін, менің бүгінгі арманым – ертеңгі болашағым болар?! Бүгінгі қиялымдағы ойым – ертеңгі күнімнің еңбекпен тауып жейтін азығым болар?!

Қорытындылай келе, менің арманым – менің болашағым. Болашақта өз саламның шыңына табан тіреп тұратын күнге де жетемін деген үмітім зор. Сондықтан жігерімді шыңдап, арманымды алдыма үміт етіп, жүрек қалауымды жасадым.

Аруза АЛБЕКҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің І курс студенті
Фото: Н.Нұржаубай

24 мамыр 2025 ж. 72 0