Журналист болу – арманым
Армансыз адам қанатсыз құспен тең. Әр адамның жан дүниесінде тамыр жайған арманы бар. Сол арманыммен, жеткен жетістіктеріммен жас достарыммен бөліскім келіп отыр.
Арман адаммен бірге өседі, өркендейді. Дәл солай, менің де балалық шағымның үлкен бір арманы бар, ол – журналист болу. Кішкентайымда терезеден тысқа көз тастап, әсем шаһар келбетіне тамсана қарап отырған менің ойыма түрлі сауалдар енген-ді. Қиял тұлпарына мініп алып түйсінгенімді еріксіз ақ қағаз бетіне ақтарыла жаза бастадым. Дархан дала төсін, құс самғаса қанаты талатын кең алқапты өлкеден шабыт аламын. Бұл талантымды қазақ әдебиеті пәнінен беретін мұғалімім байқап, маған бағыт-бағдар берді.
Кейін осы бағыт бойынша ізденіп, Шәкәрім шығармалары жайында, дәлірек айтар болсам, Абай бейнесі жайында іздене бастадым. Саналы ғұмырын халқының теңдігіне арнаған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мені шығармаларымен жаулап алды. Осылайша қызығушылық танытып, ұстазыммен ақын шығармашылығын тереңірек зерттеуге кірістім. Қай шығармасын алсақ та өскелең ұрпаққа берері мол, керегі зор қазақ ақындарының ой саларлық дүниелері көп-ақ.
Төл тарихымызды қуаттайтын туындылар маған ерекше әсер қалдырады. Ыждиһатпен зерделеп алып, ұлы ақындардан үлгі алып, мүшәйраларға қатысып, орын ала бастадым. Мектепте де түрлі іс-шараларда өлең оқып, кештерді жүргіздім. «Шаршы топта сөз бастау қиын» дегендей, көпшілік алдында тосылмай сөйлеу менің шабытымды шыңдап, тәжірибемді арттыра бастады. Жыл сайын ғылыми жобаға қатысып жүлделерге ие болдым. Жақында «Мағжан әлемі» республикалық журналының ұйымдастыруымен өткен «Мағжан оқулары» конкурсына қатысып, бас жүлде иелендім. Мектеп қабырғасында сүбелі сөз түйткілін түйіп, ойымның шеберлігін көрсетіп, мектепшілік дебатта екінші орын, «Зерде» республикалық конкурсының аудандық кезеңінен үшінші орынды жеңіп алдым. Сондай-ақ «Халықаралық ғылыми тәжірибе» республикалық олимпиадасынан екінші орын, «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» атты әдеби кеш байқауынан үшінші орын, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлең оқу сайысынан екінші орын, Шортанбай биге арнау арнап, аудандық кезеңнен үшінші орын иелендім.
Менің жетістігім мұнымен шектеліп қалмасы анық. Өзімді әлі де дамыту үстіндемін. Көп оқу арқылы тіл байлығымды арттырып, еліміздің жақсы жаңалықтарын халыққа жеткізіп, халық пен қоғам арасындағы алтын көпір болу – басты арманым! Жақсы оқу орынына түсіп, өз мамандығыма адал журналист болатыныма сенімдімін!
Ақерке СЕРІКБАЕВА,
9 сынып оқушысы
9 сынып оқушысы