Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МАҚСАТҚА ЖЕТЕР ЖОЛ ҚАЙДА?

МАҚСАТҚА ЖЕТЕР ЖОЛ ҚАЙДА?

Адамның бұл өмірде биік дәрежеге жетуі үшін екі нәрсе керек. Олар: мақсат және еңбек. Мақсатты – таудың биік шыңына баласақ, еңбек – соған жеткізетін қайғысы мен қуанышы қатар жүретін ұзақ жол. Мүмкін ұзақ емес болар... Ол біз бен сіздің мақсатымыздың үлкенді-кішілігіне байланысты. Ұлы мақсаттардың түбінде үлкен бақыт жатады. Оның жүретін жолы, яғни еңбегі де едәуір көлемді. Өйткені оңай жерден бақыт жоқ екені барлығымызға белгілі.
Мақсат пен еңбек естігенде тек екі сөз сияқты ғана болғанымен, олардың арасын байланыстыратын талай ұғым бар. Мақсат бар жерде – арман бар, арман бар жерде – үміт бар, үміт барда – ниет бар, ал ниет талапқа ұласады, талап барда еңбек бар. Бұлар бір-бірінен ажырамайтын, тығыз байланысты қасиеттер. Егер мақсат қоя алмай, шын мәнінде нені қалайтыныңды білмесең ол – ақымақтық. Ал мақсат қоя тұра еңбектенбесең, ол – жалқаулық. Егер еңбектенуге ниет болмаса, онда ол адамның «арманым, мақсатым бар» дегеніне сенудің өзі қиын. Осы тұста бір «Ынта болса – мақсатқа жетер жүз түрлі жол, ынта болмаса – мақсаттан бас тартар жүз түрлі сылтау табылады» деген сөзі ойға оралады. Расында кез келген істе оң нәтижеге жету үшін ниет пен ынта қажет етіледі. Ал ол адамның ерік-жігерінің мықтылығына келіп тіреледі.
Кейде адамды жалқаулықтың, талапсыздықтың мысы басуы мүмкін. Айналамыздағы бағы мен бабы қатар жанған жандарға қарап, «Ондай болмақ қайдан маған?» деп үміттің отын біржола өшіріп тастаймыз. Ондай кезде дереу өзіңді жөнге салып «Менің арманым мен мақсатым қалай, қайтсем орындалады, мақсатқа жетер жол қайда?» деп өзімізді қамшылай түскеніміз абзал. Ұлы Абай атамыз «Күніне бір рет, жұмасына бір, ең болмаса айына бір өзіңнен-өзің есеп ал» дейді. Сонда ғана айқын жол ашылмақ. Бұл жолда адалдық, қайрат-жігер, қайсарлық серік болу қажет.
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға, – деп заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов жырлағандай, артқа үлгілі із қалдыру үшін адамға ойлы мақсат пен үлкен арман керек. Ал бұл тұста «арман мен мақсат – қиялдың жетегінде кеткен орындалмас нәрсе» десек қатты қателескеніміз анық. «Чемпион жаттығу заттарында пайда болмайды. Адамның ішіндегі құлшыныс, арман, мақсат чемпионды тудырады» деген екен әлемді мойындатқан былғары қолғап шебері Мұхаммед Әли. Сондықтан мақсат айқын болса, армандар орындалады.

Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА,
штаттан тыс тілші

03 тамыз 2019 ж. 1 402 0